«Қазақстан тарихи мүмкіндікті жіберіп алды» — Әзірбайжан Мұнай зерттеулері орталығының директоры Ильхам Шабан

Бірер күн бұрын «Қазақстан мұнайының Қара теңіз арқылы тасымалдануы уақытша тоқтатылды» деген ақпар тарады да, іле-шала Энергетика министрлігі мұны жоққа шығарды. Ал кеше біздің мінберде белгілі экономист Мақсат Халық бұл дақпырттың бекерден-бекер шықпағанын, Қазақстан Үкіметі балама жол іздеуі керек екенін айтқан болатын.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, еліміздің мұнай экспортының 80 пайыздан астамы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы жүзеге асырылады. Бұл – әлемдік мұнай өндірісінің шамамен 2 пайызына тең. Экспорттың осындай үлкен үлесінің бір ғана бағытқа тәуелді болуы ел экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіруі мүмкін.
Осы жағдайға байланысты NEGE тілшісі Әзірбайжан Мұнай зерттеулері орталығының директоры Ильхам Шабанмен сұхбаттасып, бұл оқиғаның жаһандық мұнай нарығына ықпалы, Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктері мен балама экспорттық бағыттары туралы пікірін білді.

– Ильхам мырза, Қазақстан мұнайының Қара теңіз арқылы тасымалдануының аракідік тоқтап қалуы әлемдік нарыққа қалай әсер етуі мүмкін?
– Бұл оқиға тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл жаһандық мұнай нарығына әсер етеді. Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады, бұл дегеніңіз тәулігіне шамамен 1,3-1,4 миллион баррель. Әлемдік өндіріске шаққанда шамамен 2%. Мұндай көлемдегі мұнайдың кенеттен тоқтап қалуы әлемдік мұнай нарығына тәуір сезілетін соққы. Бірақ одан да маңыздысы бұл Орталық Азиядағы экспорт логистикасының қаншалықты осал екенін көрсетті.
– Бұл техникалық мәселе ме, әлде Ресей тарапынан саяси қысымның көрінісі ме?
– Меніңше, бұл техникалық мәселеден гөрі саяси-экономикалық қысымға көбірек ұқсайды. Новороссийскі портына шетелдік танкерлердің кіруіне шектеу қою жай ғана техникалық мәселе емес. Қазақстан ЕАЭО мен ҰҚШҰ-ның мүшесі болғанына қарамастан, осындай жағдайларда қысымға тап болып отыр. Мұндай оқиғалар бұрын да болған, әлі де қайталанып келеді.
– Әр жылдары Қазақстан билігі Баку – Тбилиси – Жейхан (БТЖ) бағытына басымдық беруге тырысып келеді. Бірақ бұл жоба неге іске аспады. Неге?
– Есімде, ол кезде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге назар аударып, көп ұзамай екі ел арасында қазақстандық мұнайды БТЖ арқылы транзиттеуге қатысты алғашқы құжатқа қол қойылды. Бұл құжат «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасы Үкіметі арасындағы қазақстандық мұнайды Әзірбайжан аумағы арқылы тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы Өзара түсіністік туралы меморандум» деп аталды.

Бұл құжат тек Қазақстан мұнайын Әзірбайжанның негізгі экспорттық құбыры арқылы жеткізуді ғана емес, сонымен қатар Kazakhstan Caspian Transportation System (KCTS) деп аталатын кешенді жобаны жүзеге асыруды көздеген. Мәселен, Қашаған кен орнынан Құрық портына дейін мұнай құбырын салу, Каспий теңізі арқылы Бакуге танкерлік тасымал, әрі қарай мұнайды БТЖ арқылы Түркияның Жейхан портына жеткізу дегендей.
Алайда бұл жоспар толық жүзеге аспады. Ішінара мұнай тасымалдау болды. 2008 жылы Chevron Теңіз мұнайын БТЖ арқылы экспорттай бастады. Бірақ жалпы жоба қағаз жүзінде қалды. Бұл – Қазақстан билігінің жіберіп алған тарихи мүмкіндігі.
– Қазақстан неге тек КҚК бағытына сенім артты?
– Бір жағынан, бұл бағыт арзан әрі қолданыста бар. Бірақ бұл стратегиялық тұрғыдан қауіпті шешім. Барлық экспортты бір бағытқа байлау геосаяси тұрақсыз кезеңде үлкен тәуекел. Алайда Ресей тарапынан қысым болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.
Салыстыру үшін айтайық, Әзірбайжанның ресурстары Қазақстаннан әлдеқайда аз екеніне қарамастан, үш мұнай құбырын және төрт газ құбырын салды. Әртараптандырудың үлгісі осындай болса керек.
– Қазір Қазақстан БТЖ бағытына немесе басқа баламаларға қайта орала ала ма?
– Теориялық тұрғыдан қарасақ, орала алады. Тәжірибе жағынан алсақ, бұл көп жылдарға созылатын жұмыс. Бәлкім, бір емес, ондаған жыл қажет болуы мүмкін. Қазіргі әлем тұрақсыз. Логистикалық тізбектер бұзылды, ескі сауда жолдары жұмыс істемейді. Мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанға саяси ерік-жігер мен инвестиция қажет.

– Қытай бағытындағы «Атасу – Алашанькоу» құбыры тиімді мүмкіндіктердің бірі емес пе?
– Иә, бұл да балама бағыт. Бірақ оның көлемі шектеулі. Қытай Қазақстаннан жылына шамамен 10 млн тонна мұнай алады, бұл экспорттың аз бөлігі ғана. Оған қоса, Қытай нарығы баға жағынан өте қатаң, бұл жағдай бағыттың тиімділігін төмендетеді. Бұл қосымша мүмкіндік екені рас, бірақ негізгі арна бола алмайды.
– Болашақта Қазақстан экспорттық тәуелділіктен шыға ала ма?
– Егер Қазақстан жағдайдан нақты сабақ алып, әртараптандыру бағытын жүйелі түрде ұстанса, тәуелділіктен құтылуға болады. Бірақ бұл үшін уақыт, стратегиялық жоспар және нақты саяси шешімдер қажет. БТЖ жобасының жайы сабақ болуы керек. Қазақстан Каспийді жаһанға шығатын терезе ретінде қарастырса, мүмкіндік артады.