«Халықтың тұрмысы одан әрі нашарлайды» – Тарифтің өсуіне қатысты сарапшылар не дейді?

Бүгін премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері бағасының өсуі тоқтаған жоқ және жалғаса береді» дегенді ашық айтты.
«Бұл жағымсыз мәселе, бірақ үкімет тарифтерді нарыққа жеткізу саясатын жүргізіп жатыр. Қыста үйде жылу, электр, су, басқа да инженерлік желілер жақсы жұмыс істесін десек, тарифтерді көтеру жолына түсеміз», – деді үкімет басшысы.
Сонда Бектенов айтқан тарифтерді нарыққа жеткізу деген қандай саясат? Егер тариф бағасы өспесе, 2022-2023 жылдары Екібастұз, Риддер, тағы басқа қалада болған апатты жағдайға инвестиция салуға мүмкіндік берілмей ме? Ал жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жасалып жатқаны қайда? Мұны да халықтың қалтасынан қақпақ па?
NEGE тілшісі коммуналдық тариф бағасының бір жылда қарыштап өсуіне байланысты экономист мамандардың пікірін білді.
Меруерт МАХМҰТОВА, экономист:
Тарифті нарықтық деңгейге жеткіземіз десе де, қызметтің сапасы өскен жоқ

– Осыдан бір апта бұрын Үкімет табиғи монополияға жататын тарифтер төртінші тоқсанда өспейді деп жариялаған. Соған байланысты сұхбат та бергенмін. Алайда, үкімет сөзінде тұрмай, тарифті өсіруге кіріспек. Инфляция өсіп жатыр, тұрғындардың күнкөріс деңгейі төмендеуде. Енді тариф тағы қымбаттаса, инфляция да өседі, халықтың тұрмыс жағдайы да нашарлайды. Тарифті нарықтық деңгейге жеткіземіз десе де, қызметтің сапасы өсіп жатқан жоқ.
Алматы қаласының өзінде жарық жиі сөнетін болды, суды да аракідік өшіріп тастайды. Ең алдымен қызмет сапалы болуы тиіс. Екіншіден, 2011-2016 жылдар аралығында «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы қабылданып, оған инвестиция тартып, инфрақұрылымды жақсартамыз деген. Сол жоспар жүзеге аспады, 5 жыл тарифтер жоспар бойынша өсті, бірақ өзін ақтамады.
Соған қарамастан, осы идеяны президент қайтадан былтырғы жолдауында ұсынды. Тарифті өсіріп, одан түскен қаржы инфрақұрылымды жаңартуға жұмсала ма, жоқ па, оған да күмән көп. Меніңше, коммуналды тариф бағасын өсіру – халықтың жағдайын ескермеу. Ұлттық қордан да қаншама ақша инфрақұрылымға жұмсалады деп жоспарланды. Сонда модернизациялауды халықтың мойнына ілмек пе?
Арман БЕЙСЕНБАЕВ, экономист:
Тариф бағасы өссе, бәрі қымбаттайды

– Коммуналдық тариф бағасы әлі екі есеге дейін қымбаттайды. Үкімет бұған дейін ұстап тұрған тарифті еркіне жібердік деді. Енді бұл баға нарықты қуып жетпекші. Демек, 2029 жылға дейін асқан жылдамдықпен, 15-20, тіпті 30-40 пайызға дейін қымбаттайды. Қазір біз жарты жылда бір мәрте тариф бағасының көтерілгенін байқап отырмыз.
Мәселен, су – 30 пайызға, энергия көзі – 15-20 пайызға, жылу – 35 пайызға қымбаттады. Шілде айында тариф бағасын кезекті рет өсіру керек болған. Мұны уақытша тоқтатып қойды. Себебі, инфляция деңгейі төмендеп кетті. Айталық, маусым айында инфляция 11,8 пайыз болды, бұл бірте-бірте азайып келеді. 2025 жылдың осы кезіндегі инфляция өткен жылға қарағанда жоғарылады. Былтыр 8,5 шамасында ғана болды. Жыл соңына дейін 15-16 пайызға жетуі мүмкін.
Бұл көрсеткіш экономикалық контурды бұзады. Ал коммуналдық тарифтің қымбаттауы барлығына әсер етеді. Біз күн сайын жарықты, суды, жылуды пайдаланамыз. Қыста да, жазда да шығын бірдей. Егер бір орынды жалға алсаңыз, оның да бағасы қазіргі тарифпен байланысты болады. Демек, қымбатқа жалдасаңыз, сіз сататын тауарды да қымбатқа бағалауға тырысасыз. Алайда, әңгіме тек коммуналдық тарифте ғана емес екенін ұмытпау керек. Ендігі кезекте жанармай, дизель отыны бағасы да жыл соңына дейін өседі. Бүгін инфляция тұрақталсын деп, кейінге шегеріп жатқан шығар. Бірақ 2026 жылы бағаны көтеру саясаты әрі қарай жалғасады. Бұл бизнестің де, халықтың да қалтасына ауыр соққы боп тиеді. Мәселен, бизнес саласында коммуналдық тариф бағасын қарапайым халықтыкімен салыстырғанда, үш-төрт есе көп. Біз 20 мың шығындасақ, олар 40-50 мың төлейді. Содан кейін өндірген, сатып отырған тауары мен көрсететін қызметінің бағасын амалсыз көтереді.
Демек, үкіметтің бұл саясатын дұрыс та, бұрыс та дей алмаймыз. Бұл тұрғыда балама жоқ. Айталық, қыс маусымында Екібастұзда болған апатты жағдайға кім кінәлі? Жылу құбырын жаңартуға қаржыны қайдан алады? Мемлекет жылу құбырын модернизациялауға да қаржыны сіз бен біздің қалтадан қағады. Яғни, коммуналды тариф, азық-түлік пен жанармай бағасын өсіру арқылы. Қазір айтып жүргендей, мемлекетке қайтарылған активтер, жемқор шенеуніктердің, олигархтардың ақшасы есебінен жүргізіледі деген әңгіменің бәрі жай сөз. Бұл иллюзия мен ертегіге сенуге болмайды. Сондықтан соңғы жылы өте қарқынды өсіп жатқан коммуналдық тариф пен азық-түлік, қызмет көрсету бағасы қалтаны қатты қағып жатқаны рас.
Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист:
Үкімет міндетті түрде әлеуметті қолдау тетігін қатар жүргізуі керек

– Премьер-министрдің тарифтік қызметті нарықтық деңгейге жеткізу туралы мәлімдемесін реттелмелі нарықтық тариф саясатының бір көрінісі деуге болады. Бұл саясаттың негізі – экономикалық тұрғыдан қызмет көрсету ұйымдарының өзіндік шығынын өтеуге мүмкіндік беріп, ұзақ мерзімді инвестиция мен инфрақұрылымды жаңғыртуға жол ашу. Яғни, бұл қандай саясат? Мемлекет көп жыл бойы коммуналдық қызмет тарифін жасанды түрде төмен бағада ұстап келді. Демек, мемлекеттің өзі халыққа ақша аударып, тарифті реттеп отырды. Бұл бір жағынан халыққа жеңілдік жасаса, екіншіден инфрақұрылымның тозуына, сапасыз қызметке, энергетикалық тапшылыққа алып келді. Ал нарықтық тариф – бұл қызметтің нақты өзіндік құнын көрсетіп, компанияларға дамуға, жөндеуге және қаражат табуға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – жылу, су, электр желілерін, бір сөзбен айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, энергия үнемдеу технологиясын енгізу және салаға инвестиция тарту.
Мұның халықтың қалтасына әсері қандай десеңіз, бұл саясат, әсіресе, табысы төмен отбасыларға салмақ түсіруі мүмкін. Ал артықшылығы – ұзақ мерзімді перспективада қызметтің сапасы жақсарады. Одан кейін апатты жағдай азаяды. Қазір инфляциямен өмір сүру жағдайында тарифтің көтерілуі – халықтың табысын төмендетуі әбден мүмкін. Екіншіден, әлеуметтік наразылық туындайды, үшіншіден – табысы төмен топтарға қолдау шарасы жеткіліксіз болса, теңісіздік мәселесі артуы неғайбыл.
Егер үкімет бұл саясатты жалғастыратын болса, міндетті түрде қолдау тетігін қатар жүргізуі керек. Яғни, біріншіден, таргеттелген әлеуметтік көмек: табысы төмен отбасыларға субсидия немесе жәрдемақы қарастыру. Екінші, тариф бағасын бірден емес, кезең-кезеңмен өсуін қамтамасыз ету қажет. Үшінші, қоғамдық бақылау мен ашықтықты қамтамасыз ету. Бұл жерде тариф есептерінің негіздемесін ескере отырып, нақты не үшін өсіп жатқанын түсіндіру керек. Төртінші, энергия тиімділігіне ынталандыру. Яғни, халыққа энергия үнемдеуші құралдарға қолжетімділік беру. Бір сөзбен айтқанда, тарифтік саясатты жүргізу барысында әлеуметтік салдары ескерілмесе, халық үшін қиындық тудыруы мүмкін. Ең бастысы, реформамен қатар әлеуметтік-әділеттілік сақтайтын тетікті жүзеге асыруды назардан тыс қалдырмау керек.