17 Шілде 11:42
...

«Қан шығару керек...» – Ауланған киіктің еті адал ма, арам ба?

Ақбөкен
Фото: Коллаж NEGE

Соңғы деректерге көз жүгіртсек, елімізде киіктің саны 4 млн-ға жеткен. Экология және табиғи ресурстар министрлігі алдағы уақытта 6 млн-ға жетеді деген болжам жасады.

Министрлік киік санын реттеу мақсатында 1 шілдеден бастап Батыс Қазақстан облысында 800 мыңға жуық киікті атуға рұқсат беру туралы шешім қабылдады. Ауланатын киіктің 40 пайызы – аталық, 40 пайызы – аналық, ал қалған 20 пайызы – биыл туған төл болмақ.

Айтпақшы, министр Ерлан Нысанбаевтың өзі пікірінде: «Киіктің етін ет комбинаттарына өткізіп, консерві жасаймыз», – деп айтып қалды. Ал ел арасында «Киіктің еті адал ма, арам ба?» және «Киікті кім атса, адал болады?» деген екіұдай пікір туындап жатқаны да рас.

NEGE тілшісі «Киіктің етін мұсылманға жеуге бола ма, жоқ па?» деген сауалдың жауабын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан сұраған. ҚМБД шариғатқа негізделген жалпы ережелерді редакцияға жолдады.

Мүфтият
Фото: muftyat.kz

Онда былай дейді: «Бірінші, ит, құс немесе сол секілді аңға салатын басқа да жануар үйретілген болуы тиіс. Ол иесі жіберсе аңға ұмтылып, шақырса қайтып келуі керек. Ит немесе аңды ұстаған жануар ұсталған аңды жесе, аң харамға айналады. Ал құс аңды аулағаннан соң жесе, адал саналады.

Екінші, үйретілген жануар немесе құс аңды жарақаттау керек. Яғни, қолмен бауыздаған секілді қан ағызуы міндет.

Аң мына жағдайларда арам болады: аң жануардан қашамын деп қандай да бір затқа соғылып өлсе; аңға салған жануар буындырып өлтірсе; аулаған аң қолға үйретілмеген болса; аңшы мажуси (отқа табынушы) болса; «Бисмилла» сөзі әдейі айтылмай, жіберілген екінші бір жануар аңды ұстауға серіктессе.

Үшінші, аң адал болу үшін жануарды жіберген адам мұсылман яки әһли-кітап (христиан немесе еврей) дінінде болуы керек. Ал егер муртад (діннен шыққан), пұтқа және отқа табынатын немесе атеист болса, ұстаған аңы желінбейді;

Төртінші, ұстайтын аң қолға үйренбеген, жабайы аң болу керек. Ауланып жатқан аң көзден таса болмауы қажет және аңшы артынан қуып отыруы шарт. Себебі Пайғамбарымыз көзден таса болған аңды аулауды құптамаған. Хадисте: «Бәлкім оны басқа аңдар өлтірген шығар» деген. Екінші бір хадисте: «Сен садақ атып өлтіргеніңді көзіңмен көрсең, ол аңды же. Ал өлтіргеніңді көзіңмен көрмесең, жеме» деп айтылған.

Аңшы
Фото: ғаламтордан

Бесінші, аңшы ұсталған аңға тірі кезінде жетсе, міндетті түрде бауыздауы керек. Себебі аңшының бауыздауға мүмкіндігі бар. Мұндай сәтте жарақаттау есепке алынбайды. Тірі болу дегеніміз: аң жарақат алғаннан соң бір күндей өмір сүре алуы. Егер аң жарақат алғаннан соң қашуды жалғастырып, көзге көрінбей кетсе, аңшыға аңның артынан қуу міндет. Аңды қуа отырып оған өлі күйінде жетсе, аң адал болады. Ал аңды жарақаттаған соң көзден жоғалған аңды іздемей, кейін өлі күйінде тапса, аң арам болады. Егер аң жарақаттанып суға түсіп өлсе, жеуге жарамсыз. Сондай-ақ жарақат алған аң төбеден құлап, соқтығып өлсе, ол аң арам саналады. Ал ешқандай затқа соғылмай жерге бірден құласа, адал болып есептеледі.

Алтыншы, аң аулауға арналған қару өткір, жарақаттайтын болу керек. Сондықтан қарудың жарақаттап кесуінен аң өлсе – адал. Қару мәселесінде қағида мынадай: «Аңның өлімі нақ жарақаттаумен болса, аң адал болады. Ал аңның өлімі жарақатсыз нақ соққыдан болса, аң арам болады. Егер күмәнді жағдай болса, сақтық ретінде аң арам болып есептеледі».

Жетінші, аңның үзіліп түскен бөлігі желінбейді. Пайғамбарымыз: «Тіріден бөлініп қалған нәрсе, ол – өлексе» деген. Себебі үзілген жерінен басқа жері әлі тірі, үзіліп түскен жері арам болады».

Бұл – ҚМДБ бекіткен ереже. Ал осы туралы қоғам белсенділері не дейді?

Нұрлан имам: 

Қан аққан соң адал болады

Киік
Нұрлан молда. Фото: ғаламтордан

– Жалпы, даладағы аң-құсты кез келген адам ата беруге болмайды. Яғни, табиғатымыздың қорғалуы заңмен тыйым салынған болса, мұсылман яки христиан болса да, дінімізде браконьерлік арам болып есептеледі.

Қазақ халқы киікті ерекше кие тұтқан. Қажеттілік туындағанда атып, сойып жеуге болатын шығар. Бірақ мүйізі үшін сайын далада еркін жосқан киік малын қырып тастауға болмайды. Қазір киік саны көбейіп, атуға рұқсат берілді ғой. Десек те, кез келген аң-құсты атудың шариғат қойған нормасы бар.

Бірінші, кез келген аң немесе мал Алланың атымен, «бисмилла» сөзімен сойылуы керек. Оқ пен садақ атылған аң болса да бауыздалуы тиіс. Яғни, мал қанның толық шығып кеткенінен кейін өлуі керек. Мысалы, қан шығар-шықпай, кесілді-кесілмеді, кез келген аң-құс суға батып өлсе арам болады. Демек, пышақтың себебімен «бисмилла» айтып бауыздап, қан аққан соң адал болады.

Екінші, ал «бисмилланы» кім айтады? Оны «бисмилланың» иесі айтады? Яғни, мұсылман, христиан, яхуди болуы керек. Неге үшеуін бірге айтады? Бұл үшеуі де аспаннан түскен «Таурат», «Забур», «Інжіл», «Құран» кітабын мойындайды. Сол үшін бұлардың малы «бисмилла» деп сойылса, адал болады. Егер атеист, отқа, суға, мүсінге табынатындар өлтірсе, ол киіктің еті арам делінген. Бұл аятта жазылған. Яғни, олар «Бисмилла» айтса да, адал деп есептелмейді.

Нұржан Молдашов, аңшы, атеист-белсенді:

«Киікті атеист атса харам, мұсылман атса адал болады» деген құр сөз

Аңшы
Н.Молдашов. Фото: әлеуметтік желіден

– «Киіктің еті адал ма, харам ба?» деген нәрсені діншілдер шығарып жүр ғой. Бұлар халық арасын алатайдай бүлдіруге құмар. Оның етін адалға немесе арамға жатқызатын ешкім жоқ. Мұның бәрі бос сөз емес пе? «Киікті атеист атса харам, мұсылман атса адал болады» деген – құр сөз. 

«Бисмилла» деп сойғанда да адал болады дегеннің діни ғылыми негізі жоқ. Болған күннің өзінде оны қабылдайтын құдай жоқ және аңшылықта кім оны айтып отырады?

Қазір діншілдер халықты үйіріп, өздеріне садақа, пітір төлеткізіп, әскері қатарына қосып алу үшін ұйымдастырып отыр. Пітір мен садақа – исламның салығы. Бұлар соның есебінен күн көреді.

Батыр Сейкенов, аңшы, белсенді: 

Өзім аңды «бисмилла» деп атамын

Аңшы
Б.Сейкенов. Фото: әлеуметтік желіден

– Біз мұсылманбыз. Өзім аңшылыққа шыққанда «бисмилла» деп атамын. Сонда халал боп есептеледі дейді ғой. Бірақ өмірбақи ата-бабамыз киіктің етін ас ретінде тұтынған. Киіктің еті – таза, денсаулыққа пайдасы бар. Себебі, үйдің малы адамның қолына қарайды. Не береді, соны жейді. Қандай су береді, соны ішеді.

Ал жабайың аң, әсіресе, ақбөкен өзі таңдап жейді. Оның өзінің жейтін шөбі бар. Кейде біреулер «үйдің малы да шөп жейді ғой» деуі мүмкін. Алайда, киіктер қорадағы мал жемейтін түрлі шөпті жейді. Сондықтан ақбөкеннің еті арам дейтіндер осыны білсін деймін.

P.S. Елімізде ақбөкен етінің келісі Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен баға бойынша 1600 теңгеден сатылады. Ауланған киік еті ет өңдейтін 18 кәсіпорынға жіберілмек.