23 Қазан 18:41
...

Қарақия ауданында екі жаңа спорт нысаны ашылды

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 23 қазанда Республика күні қарсаңында Қарақия ауданының Мұнайшы және Жетібай ауылдарында ангар типіндегі жаңа спорт залдардың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Маңғыстау, NEGE. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев қатысты.

Аталған спорт залдар ауыл жастары мен тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді. Әр нысанның жалпы аумағы – 1488 шаршы метр, бір мезетте 50 адамға дейін қабылдай алады. Залда күрес түрлері, футбол, волейбол және баскетбол бойынша үйірмелер жұмыс істемек.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Салтанатты шара барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғындарды жаңа спорт залдардың ашылуымен құттықтап, бұл нысандардың ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне және олардың спортқа қызығушылығын арттыруға зор ықпал ететінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірлерде бұқаралық спортты дамытуға және жастарды спортқа тартуға ерекше назар аударылып келеді. Бүгін ашылып отырған залдар – соның нәтижесі. Осындай заманауи спорт нысандары арқылы ауыл жастарының денсаулығы нығайып, ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондар өсіп шығады деп сенемін», – деді аймақ басшысы.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетсек, биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Жетібай ауылында тұңғыш рет балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі құрылды. Алдағы уақытта аталған екі спорт нысаны осы мемлекеттік мекеменің теңгеріміне берілетін болады.