«Үкімет қол қусырып қарап отырмай, баламалы логистиканы күшейтуі керек» – Экономист

Бүгін «Ресей Қара теңіз арқылы қазақстандық мұнай экспортын өткізуді уақытша тоқтатты» деген ақпарат тарады. Дәлірегінде, Reuters агенттігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі терминалдары арқылы қазақстандық мұнай жеткізу Ресей президентінің жаңа жарлығы салдарынан уақытша тоқтатылғанын хабарлаған.
Құжатқа сәйкес, ЕО-ның 18-санкциялық пакеті жауап ретінде Владимир Путин қол қойған жаңа ереже бойынша шетелдік танкерлердің ресейлік порттарға кіруі енді ФСБ-мен келісуді талап етеді. Бұл іс жүзінде КҚК арқылы мұнай тасымалын тоқтатты делінді.
Айта кету керек, бұл бағытпен Қазақстан мұнай экспортының 80%-дан астамы (дүниежүзілік көлемнің шамамен 2%-ы) жеткізіледі.
Алайда, Энергетика министрлігі тарапы іле-шала Ресей порттары арқылы мұнай экспортының тоқтатылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы ведомствоның ресми хабарламасында айтылды.
«Бүгінгі таңда қазақстандық мұнайды Ресей Федерациясының теңіз порттары арқылы тиеу жалғасуда. Мұнайды жеткізу штаттық режимде жұзеге асып жатыр», – деп атап өтті Энергетика министрлігі.
Бұл жөнінде NEGE тілшісіне түсініктеме берген экономист Мақсат Халықтың пікірі мынадай: «Қазақстан мұнайының 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы өтеді. Дәл мына жағдай Қазақстанның экспорттық тәуелділігін көрсетеді. Еліміз бұдан үлкен сабақ алу керек деп есептеймін. Өйткені, бұл жай ғана экономикалық мәселе емес, ұлттық экономикалық қауіпсіздік мәселесі. Тәуелсіздігіміздің баяндылығын айғақтайтын көрсеткіш. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.

Мемлекет тез арада баламалы логистиканы күшейтуге назар аудару керек. Мұнай бағыттарын әртараптандыруға үлес қосып, экспорт құрылымын жаңартуға кірісуі қажет. Билік осыған басымдық беруді кешеуілдетпеуі тиіс.
Ал баламалы логистиканы қалай күшейтуге болады? Меніңше, Транскаспий бағытын қолға алып және Қытай бағытындағы Атасу-Алашанькоуды кеңейту керек. Сондай-ақ, ішкі резерв, қойма қуатын көтеру мәселесін қолға алу кезек күттірмейді.
Мұның келесі тәуекелдері мынадай: бірінші кезекте бізде жұмыс істейтін мұнай компаниялары өздерінің логистикалық тізбегін өзгертуге мәжбүр болады және бұл инвесторлар үшін де Қазақстанның инвестициялық климатына кері әсерін тигізеді. Осындай қауіп күтіледі деп айтуға толық негіз бар.
Fitch Moody's, Standard&Poor's әлемдік агенттіктер Қазақстанның қаржылық мүмкіндігін болжауын қайтадан өзгертуі мүмкін. Бұл өз кезегінде сырттан тартылатын қаржы мен құйылатын инвестицияға да кері ықпал етеді.
Тағы бір қауіп – теңгеге де кесірі тиеді. Өйткені, бұл жағдайдан Қазақстанның экспорты бәсеңдейді, тиісінше шетел валютасының ағыны азаяды. Теңгеге қысым тудырып, девалвациялық көңіл-күйді одан әрі күшейтуі мүмкін».
P.S. Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, бұл әңгіме тектен-тек шыққан жоқ. Сондықтан үкімет қол қусырып қарап отырмай мұнайды экспортқа шығаратын басқа бағыттар мен баламалы логистиканы күшейтуі тиіс.