25 Шілде 15:39
...

Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот үкімі шықты

Алаяқ
Фото: ғаламтордан

Елорда соты Перизат Қайратқа қатысты көпшілік назарын аудартқан қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Ол алаяқтық және қаржы жымқыру (ақша заңдастыру) баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Астана, NEGE. Сот шешімімен П.Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның анасы, Гайни Алашбаева, 7 жылға сотталды.

Мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді және 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысуына тыйым салуды сұраған болатын. Ал оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты прокуратура 8 жыл түрме жазасын тағайындауды ұсынған еді. 

Сотта анықталғандай, 2021 жылдың қазанынан 2024 жылдың қарашасына дейін Қайрат пен Алашбаева қайырымдылық шараларын желеу етіп «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры арқылы мұқтаж балаларға арналған оңалту орталығын салуға 126,7 млн теңге, Палестина халқына гуманитарлық қолдау көрсетуге 566,5 млн теңге және Қазақстандағы ауқымды су тасқынының зардаптарын жоюға 2,8 млрд теңге қаражат жинаған. Жиналған қаражаттың жалпы сомасы 3,5 млрд теңге болған. Аталған қаражат мұқтаж жандарға арналды, алайда Қайрат пен Алашбаева ұрланған ақшалай қаражатты қолданыстағы бизнесті сатып алу және су тасқынынан зардап шеккендерге тауарларды жеткізуге жалған мәмілелер жасау жолымен заңдастырды. Заңдастырылған ақшаға элиталық жылжымайтын мүлік, қымбат көліктер, сәнді заттар сатып алынған. Табысты кәсіпкердің бейнесін қалыптастыру үшін Қайрат Перизат әлеуметтік желілерде Біріккен Араб Әмірліктеріне ет өнімдерін жеткізу бойынша отбасылық бизнес бар екені туралы, сондай-ақ шетелдегі беделді оқу орындарында жоғары білім алғаны жөнінде жалған ақпарат таратқан. Бұл ақпараттар шындыққа жанаспайды. Іс материалдарымен Қайрат Перизаттың колледжден шығарылғаны және жоғары білімі жоқ екені нақты анықталған. Қайраттың анасы Алашбаеваға берген қылмыстық рөлі ұрланған қаражатты орналастыру үшін өзінің банктік шоттарын беру және Қайраттың қайырымдылық жасаған адамдарды алдауына көмектесуде болды. Іс бойынша жәбірленуші ретінде 51 тұлға танылған, 1,5 млрд теңгеге талап арыз берілген.

Айыпталушылар кінәсін мойындамады. Сот процесінің басында Перизат Қайрат бұл істі «тергеушілердің қиялы» деп атады. Одан кейінгі барлық сот отырыстары, соның ішінде жауап алу мен соңғы сөздері жабық режимде өтті.