«Бұл – құрдымға апарар жол»: Есірткі саудасымен күрес қалай жүріп жатыр?

Қазіргі кезде әлемде есірткі жағдайы қарқынды өзгеріп жатқан шақта, Қазақстан да дәстүрлі және синтетикалық есірткі бизнесінің өршуімен байланысты бірқатар жаңа қауіп-қатерлерге тап болуда.
Есірткі – қоғам үшін қауіпті індет
Есірткі – адамның орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, психикалық және физикалық тәуелділік тудыратын зат. Қазіргі таңда есірткі түрлері көбейіп, ол қолжетімді бола түсті. Табиғи есірткілермен қатар, синтетикалық және жартылай синтетикалық есірткілер де кең таралуда.

Әсіресе, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы таралатын синтетикалық есірткілер жасөспірімдер мен жастар үшін үлкен қауіп төндіріп отыр. Есірткі қолдану адам денсаулығына орны толмас зиян келтіреді. Ол мидың жұмысын бұзып, ойлау қабілетін әлсіретеді, жүрек пен жүйке жүйесіне ауыр салмақ түсіреді. Тәуелділік пайда болғаннан кейін адам қалыпты өмір сүре алмай, әлеуметтік ортадан оқшауланып, қылмысқа немесе суицидке дейін баруы мүмкін. Сонымен қатар, нашақорлар жұқпалы ауруларға – ВИЧ, гепатит, туберкулезге жиі шалдығады.
Жастармен алдын алу жұмыстары – болашаққа инвестиция
Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдегендей, қазіргі уақытта нашақорлық ең алдымен жастар арасында қарқынды таралып жатыр.
«Бұл – бүкіл қоғамды алаңдататын өте қауіпті үрдіс. Есірткі тарату қазір интернет, «тығып кету» тәсілі, пошта және анонимді төлемдер арқылы жүріп жатыр. Мұндай жүйе сатушы мен тұтынушының тікелей байланысын болдырмайды, бұл құқық қорғау органдарына үлкен кедергі келтіреді», – деді Премьер-Министр.

БҰҰ мәліметтері бойынша, 15–25 жас аралығындағы жастар синтетикалық және "дизайнерлік" есірткілерді тұтынушылардың ең осал тобы саналады. Мұндай қарқын Қазақстанды да айналып өтпейді. Елдің географиялық орналасуы – Еуропа мен Азияның тоғысында тұруы – халықаралық есірткі тасымалының негізгі жолдарының бірі болуына себеп.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы негізгі нәтижелер қандай?
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, жарты жыл ішінде 6,4 тонна есірткі тәркіленген, 17 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталған, 474 есірткі қылмыскер, оның ішінде 28 тelegram-канал әкімшілері ұсталған. Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалды, олардың үшеуі трансұлттық деңгейдегі топтар. Есірткіге қарсы 11 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Сонымен қатар есепті кезеңде қоғамдық орындарда ішімдік ішудің 107 мың фактісі және алкоголь айналымы саласындағы 7 мың заң бұзушылықтың жолы кесілді. 11 мың адамға спирттік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынды.
Дегенмен, бұл мәселені тек заңмен шешу мүмкін емес. Ең бастысы – алдын алу. Жастарды салауатты өмір салтына баулу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, отбасы мен мектептегі тәрбиені күшейту – бұл індетпен күрестің ең тиімді жолы.
Алматы қаласының Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан өз сөзінде былай деді: «Біз жастарды тәуелділіктің құрдымға апарар шеңберіне тартуға жол бермейміз. Есірткі жарнамасын жою және қоғамды есірткіге қарсы іс-қимылға тарту жұмыстары Алматыда жүйелі түрде жалғасып келеді. Тек бірлесе әрекет ету арқылы – полиция, жергілікті билік және азаматтық қоғам серіктестігі арқылы біз қауіпсіз әрі салауатты қалалық ортаны қалыптастыра аламыз».
Әр адам өз болашағына жауапкершілікпен қарап, зиянды әрекеттерден бойын аулақ ұстауы тиіс. Бұл тек жеке адамның мәселесі емес, бүкіл қоғамның қасіреті. Онымен күресу – әрқайсымыздың міндетіміз. Бүгінгі таңда дені сау ұрпақ тәрбиелеу – болашағымыздың кепілі екенін ұмытпайық.