Қарағандыда мәйіттің жанында ес-түссіз жатқан полицей жұмыстан босатылды
Қарағандыда 23 жастағы қыздың қаза болуына қатысты даулы істің ортасында қалған учаскелік инспектор стационардан шығарылды. Істің себептері әлі де құпия күйінде қалып отыр.
Астана, NEGE. Даулы оқиғаның қатысушысына айналған полиция майоры комадан шыққаннан кейін қалпына келген. Алайда ол қызметіне қайта орала алмады, оны ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарып жіберді.
Бұған дейін ер адамды полицияның тірек пунктінен ес-түссіз күйде тапқан, ал көрші бөлмеден 23 жастағы қыздың мәйіті анықталған.
Трагедия 29 қыркүйекке қараған түні болған. Учаскелік инспектор танысын қызметтік бөлмеге әкелген. Келесі күні таңертең аға учаскелік инспектор қыздың мәйітін және әріптесін ауыр жағдайда тауып, дәрігерлерді шақырған.
Қыздың өліміне қатысты мән-жайлар мен полицейдің комаға түсу себептері әзірге жария етілмей отыр. Дәрігерлер құпияға сілтеме жасаса, полиция болған оқиғаның мәнісін ашуы тиіс сараптама нәтижелерін күтіп отыр.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің айуынша, тірек пунктінде болған оқиға бойынша қызметтік тергеу және тәртіптік комиссия отырысы өткізілген.
Тексеру нәтижесінде бөлім бастығы мен оның орынбасары лауазымдарынан босатылды. Сонымен қатар Қарағанды қалалық полиция басқармасы мен облыстық департаменттің бірқатар жетекшілеріне қатаң тәртіптік шаралар қолданылды.