11 Сәуір 15:18
...

Махаббат Төлеуғазина: Қазақтар испандардың қателігін қайталамауы керек

Фото:

Коронавирус індеті Еуропа елдеріне, соның ішінде Италия мен Испанияға ауыр соққы боп тиді. Қашаннан туристерге толы елдердің әсем қалалары бүгінде сілтідей тынып, дамыл тапқан. Әуелгіде оларға вирус келмейтіндей көрінген. Тек алғашқы өлім дерегі тіркелген соң, жергілікті халық сақтана бастады.

Nege.kz тілшісі Испанияның астанасы Мадридте тұрып жатқан қандасымыз Махаббат Төлеуғазинамен сұхбаттасты.

Індеттің өршуіне 8 наурыз себеп болды

Махаббат, Мадридте қашаннан бері тұрасыз?

– Мадридте тұрып жатқаныма 7 жылдан асты. Испаниядағы Қазақ диаспорасы қауымдастығының өкілімін. Осы мекемені қауымдастық ретінде тіркеткен күннен бастап, ұйымдастыру жұмысының басы-қасында жүрген өкілдің бірімін. Испаниядағы Қазақстан елшілігімен де тығыз қарым-қатынастамыз. Осында тұратын қазақстандық азаматтар қандай да бір қиындыққа тап болса, ерікті түрде көмектесеміз. Бәлкім, ол тілге қатысты, пәтер іздеуге байланысты болуы мүмкін. Қашан да қолұшын беруге дайынбыз.

– Коронавирус індеті бүкіл әлемге қауіп төндірді. Соның ішінде Испанияға да оңай тиіп жатқан жоқ. Еуропа елдері әу баста аса мән бермегенін айтып, интернетте «Біздің қателікті қайталамаңдар!» деген бейнеүндеулер жолдады. Шын мәнінде, қалай?

– Испанияда коронавирус жұқтырған алғашқы жағдай қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында тіркелді. Бірақ ол кезде бірлі-жарым адам ғана ауырды. Шынында да, ешкім онша мән берген жоқ. Испандықтардың өзі қонаққа барғаннан гөрі көшеде жүргенді ұнататын халық. Олар бұрынғысынша өмір сүре берді. Оның үстіне Қытаймен арадағы шекара да ашық болды. Тіпті, Италия мен Қытайдан қашып келіп, қайтадан кетушілер толастамады. Тек ақпан айында 90 жастағы кейуана қайтыс болған соң ғана жұрт шоши бастады. Ал вирус жұқтырғандардың саны 8 наурыздан кейін көбейіп кетті. Еуропа елдерінде біздегідей ер азаматтар әйелдерге гүл беріп, сыйлық сыйламайды. Олар әйелдер мерекесіне орай манифест өткізіп, алаңда өз құқықтарын қорғап, билікке ойын жеткізеді. Биыл Мадридтің өзінде манифестке 120 мың әйел шықты. Осыдан кейін індет бірден өршіп кетті. Содан ба екен, наурыздың басында вирус жұқтырғандар тым көп болды. 

– Испания мен Италияда коронавирус жұқтырушылар да, көз жұмғандар да көп. Тіпті, Қытайдың алдына түсті. Себебі неде?

– Себебі, бұл екі мемлекет ұзақ өмір сүретіндердің мекені. Яғни, халқы 83-85-ке дейін жасайды. Тіпті, 100 жастағы ата-әжелер көп. Мұнда 60 жастағыны – әже емес, әйел дейді. Мәселен, әріптестерімнің өз атасы былай тұрсын, арғы ата-әжелері тірі. Олар «жасым келді екен» деп мүгедек арбасында отырмайды. Әрдайым қозғалыста жүреді. Өздерін өте жайлы сезінеді. Саябақта көп серуендейді. Бір сөзбен айтқанда, белсенді өмір сүреді. Алайда, коронавирус алдымен қауіпті топқа жататын егде кісілерге тез жұғады. Сол себептен де Италия мен Испанияда көбінесе қарттар коронавирустың құрбанына айналды. Ауруханалар, медициналық орталықтар 24 сағат жұмыс істесе де, орын, жасанды тыныс алу құралдары жетпеді. Дәрігерлер әр азаматтың өмірі үшін күресіп жатса да, үлгермей жатыр. Испания мемлекеті қалалардағы кейбір қонақ үйлерді медициналық орталыққа айналдырды. Үкімет індетке қарсы барлық әрекетті қолға алуда. Бірақ жағдай мәз емес.

Испанияның медицинасы мықты болса да...

– Испания медицина жағынан алдыңғы ондыққа кіретін мемлекет емес пе?

– Испания медицина бойынша әлемде 6-орында тұр. Сосын мұнда онкологиялық науқастарға ота жасайтын орталық көп. Жүрекке ота жасаудан да алдыңғы қатарда. Қатерлі ісікке шалдыққан адам отадан кейін 20-25 жыл өмір сүреді. Олар да қауіпті топқа жатады. Медицина күшті болған соң иммунитеті әлсіз адамдар көп. Міне, оларға да коронавирус соққы боп тиді. Қазірдің өзінде 10 мыңнан астам медициналық қызметкер мен полицей коронавирус жұқтырған. Оның ішінде қайтыс болғандары көп. Күн сайын кешкі сағат 8-де қала тұрғындары терезеден қол соғып, дәрігерлерге алғыс айтады. Бүгін науқастардың аман қалуы әуелі Алланың, сосын ақ халаттылардың арқасы.

Қазір Испанияда коронавирус жұқтырғандар саны 146 мыңнан асып барады. Оның 14 мың 555-і қайтыс болса, шамамен 48 мың адам емделіп шықты. 146 мың адам бір мезетте ауруханаға түссе не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Көрсеткішке қарасақ, Италияда 102 мың адам ауырса, Испанияда 146 мыңдай, ал Қытайда 82 мың 500 мың адам. Яғни, Испания да, Италия да Қытайдың алдына шығып кетті. Тіпті, өлім жағынан да Қытайда 3 мың 300 адам, Испанияда 14 мыңнан астам адам қайтыс болды.

– Тап қазір әлемнің біраз мемлекеті төтенше жағдай режимінде өмір сүріп жатыр. Мадридтегі карантин қалай өтуде?

– Испания премьер-министрі Педро Санчес төтенше жағдай жариялап, сауда үйлерін, саябақ, музейлерді, барлық қоғамдық орындардың жабылатынынын, 14 наурыздан бастап карантин енгізілетінін мәлімдеді. Әуелгіде сәуірдің ортасына дейін созылады десе, 5 сәуірде төтенше жағдай ұзартылып, 26 сәуірге дейін жалғасатыны хабарланды. Үйде отырудан басқа амал жоқ. Әсіресе, балаларға қиын болды. Тек аутизммен ауыратын балаларға ғана шығуға рұқсат етілді. Себебі мұндай балаларға үйде қамалып отыруға болмайды.

Карантин кезінде көбі қашықтан жұмыс істеп, жалақысын тұрақты алуда. Жұмыс берушілердің кейбірі қызметкерлерін ақысы төленетін демалысқа жіберді. Сол сияқты жұмыстан шығып қалғандары да бар. Мұндай жағдайда жалақысының 30 пайызын жұмыс беруші, 70 пайызын мемлекет төлейді.

Азық-түлік бағасы өскен жоқ 

– Ал оқушылар қалай оқып жатыр?

– Мектеп тоқтаған жоқ. Оқушылар онлайн білім алуда. Мұғалімдер ата-ананың электронды поштасына тапсырма жібереді. Балалар орындап, қайта жөнелтеді. Студенттер де солай. Жалпы, 6 жастан 16 жасқа дейінгі оқушылар мектепке баруға міндетті. Егер бала мектепке бармаса, ата-ана жауапкершілікке тартылады. Мұндағы 200 мың халқы бар қалашықтардың өзі барлық инфрақұрылыммен жабдықталған. Интернеттен ешқандай мәселе жоқ. 

– Осындай кезде жалған ақпарат тарататындар да көбейеді. Оларға жаза қандай?

– Бізде де «Бұл жәй әңгіме, көшеге шыға беріңдер!» деп арандатушы адамдар көбейіп кетті. Оларға 100 еуродан 60 мың еуроға дейін айыппұл салады. Егер тұрғын жергілікті полицияны тыңдамаса немесе талап еткен кезде тиісті құжатын көрсетпесе, 1 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Сондықтан мұндағы айыппұл да аз ақша емес. Мынадай қиын шақта оны ешкімнің арқалағысы да келмейді. Ал тұрғындарға тек супермаркетке, дәріханаға, ауруханаға шығуға, итті қыдыртуға  ғана рұқсат етілді.

– Азық-түлік тапшылығы сезілмей ме? Баға қымбаттап кеткен жоқ па?

– Дүкендерде азық-түлік жеткілікті. Бәрі жұмыс істеп тұр. Басында адамдар түк қалдырмай сатып алып жатты. Бірақ келесі күні дүкен сөресі толып тұрды. Тағы бір таң қалғаным, азық-түліктің кез келген түрінің бағасы қымбаттаған жоқ. Бұл қазіргі стрестік кезеңде халыққа үлкен көмек.

Студенттеріміз ұятқа қалдырды

– Өткенде Испанияның Сьюдад-Реаль қаласында оқып жүрген қазақстандық екі студент коронавирус індеті өрши бастағанда жергілікті халықтың дөрекі қарым-қатынас жасағанын айтып, елге қайтуы үшін көмек сұрап еді. Сіздер қандай да бір көмек бере алдыңыздар ма?

– Осындай жағдайдың болғаны өкінішті. Және біздің елдің студенттері үшін қатты ұялдық. 

Неге?

– Олар Сьюдад-Реаль қаласында оқыған. Наурыз айының ортасында бұл қалада 200 адамнан коронавирус анықталды. Бұл кезде Мадридте коронавирус жұқтырған 4 мың 500 адам тіркелді. Студенттерге індет тарай бастағанда, яғни наурыздың басында елден хабарласып, қайту үшін тегін билет беретінін айтқан. Олар «қайтпаймыз» деп бас тартқан. Көп ұзамай Испанияда 11 наурызда барлық ЖОО жабылып, 13 наурыздан карантин енгізілетінін естіп, аяқасты үйге қайтқысы келеді. Билеттен бір рет бас тартқан соң, екінші рет қалай қол жеткізерін білмей, өтірік сөйлеуге мәжбүр болған. «Бізге қысым көрсетті, жұмыртқа лақтырды, тіпті нан да сатпай қойды» деген жаласына ешкім сенбейді. Себебі, осында қанша жыл тұрсам да, ондай оқиғаға тап болған емеспін. Жастар интернет кеңістігінде өзінің атағын шығарып, елге тегін ұшқысы келді. Бар болғаны осы.

– Демек, студенттер жалған сөйледі ме?

– Әрине. Сосын «испандық бала ұятты жерін көрсетті» деп бейнежазба салды. Ол да ертеректе түсірілгені көрініп тұр. Дәл сол сәтте McDonald's, Burger King желілері жабылып қалған. Оның үстіне адамның бәрі медициналық маскамен жүр. Ал ана бейнежазбада бәрі маскасыз. Сол жазбаны жариялаған кезде Испанияда тұратын қазақтар, Қазақ диаспорасының өкілдері «Неге жалған сөйлейсіңдер?! Неге бұлай жасадыңдар?!» деп жазды. Бәрінің пікірін өшіріп, блоктап тастады. Себебі, дәлелі жоқ.

– Жалпы, жергілікті халық азиаттықтарға қалай қарайды?

– Азиаттықтарға ғана емес, бәріне жылы шыраймен қарайды. Испанияда туризм жақсы дамыған. Олар туристердің қаптап жүргеніне үйреніп те қалған. Ал бізді, қазақтарды көбіне қытайға ұқсатады. Бірақ мұнда жұмыс берушінің өзі қытай азаматын жұмысқа алуға тырысады. Себебі, олар өте еңбекқор. Бәрі адамның өзіне байланысты. Өзі дұрыс жүрсе, заң бұзбаса, ешкім тиіспейді. Осында келгелі «Сен азиаттықсың ба?» деп ешкім сұраған емес. Балам балабақшаға барады. Керісінше, ата-аналар: «Махаббат, саған бірдеңе түсініксіз болса, қысылмай сұрай бер, көмектесуге дайынмын» деп бәйек болады. Испанша түсінбей жатсам, ағылшынға аударып береді. Осылайша, жерсініп кетуіме көмек берді. Сондықтан әлгі студенттер айтқан оқиғаға сенбеймін. Олар осы жағдай арқылы екі мемлекеттің арасына от салды. Болашақ заңгерлердің өзі жалған сөйлеп, қылмыстық әрекетке барды. Және осы үшін кешірім де сұраған жоқ.

Карантиннің де қайыры бар 

– Мадридтегі қазақ диаспорасы қауымдастығы жергілікті қазақ өкілдерінің басын қосып тұра ма?

– Испанияда қазақтардан бөлек, Қазақстаннан асырап алған балалар тұрады. Ата-анасы оларды салт-дәстүрінен, яғни тамырынан қол үзбеу үшін біздің орталыққа әкеледі. Испан отбасылары балаларының қазақ екенін жасырмайды, туған елі туралы мәліметтен хабардар болғанын, мәдениеті мен тарихын білгенін қалайды.  Наурыз мейрамы кезінде оларды шақырып, ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық тағамды көрсетуге тырысамыз. Елбасы қоры сыйлаған қазақ үй жанында ән айттық, би биледік, ұлттық ойын түрлерін ойнадық. Тіпті, қазы-қарта, бауырсақ пісіруден шеберлік сыныбын өткіземіз. Бір айта кетерлігі, мұнда орыс, украин тілін үйрететін орталық бар. Сенсеңіз,  қазақ баласын асырап алған отбасы "Қазақ тілін үйретесіз бе?" деп те келді. Әрине, үйреткіміз келеді. Елшілікке қазақ тілін оқытатын орталық ашу жөнінде өтініш жасадық.

Қазақстанның әрбір азаматы шетелге шыққанда сол елдің өкілі ретінде саналады. Ол өзімен бірге мемлекеттің мәдениетін ала келеді. Соған қарап тұтас мемлекеттің келбетін көріп, пікір қалыптастырады. Біз өзімізді қалай көрсетеміз, олар солай қабылдайды. Осылайша, елдің имиджін қалыптастыруға атсалысамыз. Диаспораның да мақсаты – мәдени-ағартушылық бағыт. Бірінші, балалар Қазақстан туралы ұмытпау керек. Екіншіден, оларға қазақ тілін үйреткіміз келеді. Үшіншіден, Қазақстанның қандай мемлекет екенін көрсету.

–  Елдегі ағайын-туысқа не айтасыз? Карантин кезінде қандай кеңес бересіз? 

– Алматы, Нұр-Сұлтан қаласында туыстарым көп. Хабарласып, жағдайын біліп тұрмын. Әрине, үйде отырған ешкімге оңай емес. Бірақ ауруханада жасанды тыныс алу құралын күтіп жатқаннан үйде болған жақсы ғой. Өкінішке қарай, коронавирус қарт кісілерді ғана емес, жастарға, балаларға да ауыз салды. Жақында ғана Испанияда аяғы ауыр келіншек қайтыс болды. Сосын Чикагода бір жастағы бала көз жұмды. Сондықтан бұл вирус өте қауіпті. Бір жағынан үйде отырған да жақсы ғой. Зымыраған уақыт шаң ілестіретін емес. Тіпті, мына заманда отбасымен етене жақын араласуға да мұрша жоқ. Бұл балаларға көңіл бөліп, отбасылық бақытты сезінуге берілген мүмкіндік. Үйде де кейінге шегеріп жүрген жұмыс көп. Тым болмаса, кітап сөресін реттеп, өзіңді-өзің дамытуға уақыт бөлсең де, қайыры бар.

Тегтер: