26 Мамыр 17:52
...

Сатыбалды кетті, проблема қалды. Байланыс саласы НЕГЕ монополиядан арылмай отыр?

Фото:

Мемлекет телекоммуникация саласын монополиядан тазалауда дәрменсіздік танытып отыр. «Қазақтелеком» ұлттық компаниясы барлық жерлерді иеленіп алған. Оны қалай демонополизация жасай аламыз?

Қазіргі таңда «Қазақтелеком» АҚ тіркелген байланыс нарығында 80 пайыздан астам, ұялы байланыс нарығында 60 пайыздан астам үлес алып отыр. Ұялы байланыс нарығында Қазақтелеком «Kcell», «Activ», «Tele2», «Altel» брендтеріне иелік етеді. Олардың жалғыз ірі бәсекелесі «Beeline» және «IZI» брендтерін басқарып отырған «КаР-Тел» компаниясы ғана.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылы қазақстандық байланыс операторлары 1,12 триллион теңгеден астам табыс тапқан. Тиісінше, былтыр телекоммуникация нарығының көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 12,9 пайызға өскен. Биыл көрсеткіштері одан да мықты болайын деп тұр.

2022 жылғы бірінші тоқсанда 253,4 миллиард теңгеге байланыс қызметтері көрсетілді. Бұл өткен жылдың бірінші тоқсанынан 6,4 пайызға артық. Мысалы, «Кселл» осы бірінші тоқсанда рекордтық табыс тауып, өз маржасын 33 тен 36%-ға дейін ұлғайтқан.

"Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев. Фото: tengrinews.kz

Демонополизацияның сөз жүзінде ғана айтылып, іс жүзінде жүргізілмей отырғанын Байланыс және цифрландыру бойынша ұлттық қауымдастық өкілдері хабарлап отыр.

«Kcell және Tele2 операторлары бойынша олардың желілерін оңтайландыру және біріктіру арқылы оң нәтижеге қол жеткізу мақсаты қойылды. Бұл – көрсетілетін телекоммуникация қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алайда 3 жылдан бері ұялы байланыс операторларының желілерін біріктіру жүзеге асырылмаған. Осының шешімі ретінде Бағдат Мусин топтың ұялы байланыс операторларының бірін бәсекелес нарыққа шығару арқылы «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобын монополиясыздандыруды ұсынды. Дәл сол компания «Kcell» болады деген пікір бар»

«Kcell» ұялы байланыс операторы директорлар кеңесінің құрамынан мажоритарлы акционері – «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің кеткенінен-ақ оның қалған акцияларын сатуға дайындық басталғанын байқауға болады. Осының алдында «Қазақтелеком» Kcell акцияларының 24 пайызын Jusan bank-ке сатып, ол мәміле де үлкен күдік тудырған еді. Ендігі сұрақ – ұлттық компания Kcell-ден біржола арыла ма, әлде қандай-да бір акциялар бөлігін бәрібір ұстап отыра ма?

Сатыбалды билігін жүргізіп отырған «Қаңтар оқиғасына» дейінгі кезеңде, «Қазақтелекомның» демонополизация бойынша түк бітірмегенін көріп отырмыз. Керісінше, Сатыбалды өзіне барынша пайда әкелу үшін, «Қазақтелекомның» нарықта тоталитарлы диктат орнатуына жағдай жасап берген.

Сатыбалды кетті, проблемалар қалды. Мемлекет телекоммуникация нарығындағы өз монополиясымен не істейді? Тура осылай қалдыра салу қаржылық жағынан тиімді болса да, мемлекет беріп отырған интернет пен ұялы байланыс сигналының еш сын көтермейтінін айту керек. Бәсекелестік жоқта ұлттық компания жұмыс істемей, әбден жаман үйреніп алған.

Тегтер: