28 Қазан 15:30
...

Қармақ бар, балық жоқ. «Отбасы банк» келесі жылы НЕГЕ акционерін ренжітуі мүмкін?

отбасы
Фото: Фото: Nege.kz

Үкімет «Отбасы банк» АҚ салымшыларына жыл сайын төленетін мемлекеттік сыйақыны (20%) республикалық бюджет иығынан алып тастап, банктің өзіне артып қойды. Енді банк шығынға батпау жолдарын іздеп, барлық салымшыға емес, тек оның бір бөлігіне ғана сыйақы төлейтін ұсыныстарын дайындауда және оны 2026 жылдың наурыз айына дейін Парламенттен өткізіп үлгеруге тырысады.

2026 жылдан бастап мемлекеттік премияны банктің өзі төлейтін болса, онда оның таза пайдасы азайып, акционері «Бәйтерек» холдингіне төлейтін дивидендтері кемиді. Тіпті холдинг 2025 жылдың нәтижесі бойынша «Отбасы банкінен» дивиденд алмауы да мүмкін.

отбасы
Фото: "Отбасы банк" жалғыз акционерінің 2024 жылғы дивидендті бөлу жөніндегі шешімі. Дереккөз: kase.kz

2024 жылы банк 120,8 миллиард теңге таза табыс алған болатын. Оның 84,55 миллиард теңгесін жалғыз акционер «Бәйтерек» Холдингі өзіне дивиденд ретінде алды да, 36,23 миллиард теңгені банктің қарамағында қалдырды.

Бірақ биыл «Отбасы банктің» таза табысы былтырғыдай молынан шықпайтын сияқты. Мысалы, биылғы 9 айда банктің таза кірісі 86 миллиард теңге көлемінде. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда шамамен 10 миллиард теңгеге кем. Банк табысы жыл қорытындысында 100 миллиард теңгеден асар. Бірақ бұрынғыдай 120 миллиард теңгеге жетуі екіталай.

отбасы
Фото: Nege.kz

Мұндай жағдайда банк қаншалықты өз бетімен мемлекеттік сыйлықты төлей алады деген сұрақ туады. Ол үшін жыл сайын бюджеттен мемлекеттік сыйақы үшін қанша қаржы жұмсалғанын саралау керек. Қаржы министрі Мәди Тәкиев соңғы 12 жылда «Отбасы банк» салымшыларының премиясын төлеу үшін бюджеттен 900 миллиард теңге кеткенін мәлімдеген еді. Мысалы 2023 жылдың нәтижесі бойынша 2,1 миллион салымшыға премия есептеліп, оларға бюджет 81,9 миллиард теңге төледі.

Бір қызығы, 2024 жылдың нәтижесінде биыл наурыз айында сыйақыға жалпы қанша сома жұмсалғанын банк жасырып қалды. Жылда бұл туралы ақпарат жарияланатын. Тек 2 134 279 салымшы туралы және олардың төрттен бірі ең жоғарғы 147 680 теңге сыйақы алғаны хабарланды. Қолға калькулятор алып есептейтін болсақ, премияға ілінген салымшылардың ширегіне 78,8 миллиард теңге жұмсалғанын байқаймыз. Биыл сыйақы алғандар санының былтырғыдан кем еместігін және биылғы айлық есептік көрсеткіштің былтырғыдан жоғары екенін ескерсек, биыл бюджет кемінде 87 миллиард теңге жұмсады деп болжауға негіз бар. Бұл соңғы транш және енді бюджет бұл шығыннан құтылды.

отбасы
Фото: Nege.kz

Әу баста республикалық бюджеттің 2026 жылға арналған версиясында мемлекеттік сыйақы үшін 90 миллиард теңге қарастырылған еді. Соңғы түзетулерде алынып тасталды. Егер «Отбасы банк» келесі наурыз айына дейін өзінің барлық салымшыларға емес, тек арнайы шарттарға сай келетін адамдарға сыйақы төлеу бойынша ұсынысын өткізе алмаса, онда қосымша 90 миллиард теңгеге шығындалуға мәжбүр болады.

Отбасы банктің оған шамасы жете ме? Енді есептейік. Қазір банктің капиталындағы үлестірілмеген кіріс көлемі 396,2 миллиард теңгені құрайды. Биылдың 9 айында таза табысы 86 миллиард теңгені құраған. Банк келесі наурызда сыйақы төлеу үшін биылғы табысты өзінде қалдыруы тиіс. Онда «Бәйтерек» холдингі дивидендсіз қалады.

Немесе Отбасы банк дивиденд төлеуін жалғастыра беріп, мемлекеттік премия шығынын үлестірілмеген кірістен өтеуіне болады. Бірақ онда капиталы кәдімгідей азайып кетпек.

Мұндай сценарийдің біріншісі «Бәйтерек» холдингіне, ал екіншісі «Отбасы банктің» өзіне ұнамайды. Сол себепті, банк келесі жылы мемлекеттік сыйақыны барынша азайтып төлеуге тырысатыны анық.

Бірақ «Отбасы банк» АҚ белден қатты басып жіберсе, базалық ставканың жоғары екендігін, коммерциялық банктердегі депозит кірісінің 20 пайызға жеткенін көріп отырған салымшылар бір мезетте ақшаларын шешіп алып, Фридом сияқты банктердің депозитіне ауысып кетуі мүмкін. Оны да ойлау керек.