19 Сәуір 16:49

Сатыбалды – түрмеде, Тілеухан мен Тазабек – Түркияда...

Фото:

Қазақстандағы діни арнаның бастығы Мұхамеджан Тазабеков осы айда «Talim.tv» арнасындағы басшылық қызметінен кеткенін мәлімдеді.

Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды ұсталмас бұрын, Тазабеков оны «ағам» деп пір тұтатын. Алайда Сатыбалды қамалғаннан кейін, діни арнаның бұрынғы басшысы әлеуметтік желідегі бірге түскен суреттерін тегіс өшірген. Өзі айтқан ағасы Қайрат Сатыбалды түрмеде жатқанда, Мұхамеджан Тазабаек Түркияда не істеп жүр?

Сатыбалды мен Тазабектің байланысы

Ел аузында Қайрат Сатыбалдыны «Тазабектің крышасы» деп атайды. Себебі бірге түскен фотолары мен видеолары аз емес. Тіпті қажылыққа бірге барып, құдай алдындағы парыздарын да қатар өтеп жүрген.

Фото: ғаламтордан

13 наурызда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ қаржысын жымқыру фактілері бойынша Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғаны белгілі болды. Оның мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

14 наурызда «Қазақтелеком» кеңселерінде тінтулер жүргізілгені белгілі болды. 15 наурыз белгілі қазақстандық продюсер Баян Мақсатқызы Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының рейдерлік әрекетіне қатысы мәселе көтеруге уәде берді.

17 наурызда антикор Гүлмира Сатыбалдының бұрынғы күйеуінің ісі бойынша ұсталғаны туралы хабарлады.

Қайрат Сатыбалды қамалғаннан кейін, Тазабеков оны дәріптеп жақ ашпады. Тек: «Қайрат аға қазақ айтысының шын жанашыр адамы бола білді. Оның қазақ қоғамына істеген жақсыллығын жоққа шығаруға болмайды», – деп парақшасында жақаурата жазба жариялады.

Тазабеков діни арнаның басшылығынан неге кетті?

Мұхамеджан Тазабековтың «Асыл арна» ЖШС құрылтайшылар құрамынан шығуын көпшілік Қ.Сатыбалдының тұтқындалумен байланыстырады. М.Тазабек арнаны 2007 жылдың 27 қыркүйегінен 2022 жылдың 14 наурызына дейін басқарды.

23 ақпанда «Асыл Арна» ЖШС құрамында басшы ауысты. Басшы болып Нұржан Жарас Жарасұлы тағайындалды.

Журналист Тоқтар Жақаш өзінің Facebook парақшасында жаңа құрылтайшы бұған дейін телеарнаның техникалық бөлімінің қызметкері болып жұмыс істегенін жазған.  Арнаның жаңа басшысы туралы, ашық ақпарат көздерінде дерек жоқ.  

Десек те, арнаның қаржыландыруы азайып қалғанын анықтау қиын емес. Мысалы, арнаның Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы жабылып, Алматыға қоныс аударған. Бұған дейін діни арна Елорданың «Kazmedia» орталығының 24-қабатында орналасқан еді. Медиа орталықтың жалдау ақысы қымбат екені сөзсіз. Сонымен қатар, жыл сайын рамазан айына арнайы жасалатын видеороликтер биыл түсірілмеген. «Talim.tv» арнасынан тек өткен жылдағы хабараларға қайталаулар жүргізіліп жатыр.

Сатыбалдының «қос қанаты» Тілеухан мен Тазабек Түркияда

Назарбаевқа жағымпазданудан алдына жан салмаған Бекболат Тілеухан кеше Түркияның Ыстамбұл қаласында ауызашар берді.

Соңғы уақытта Стамбұлға жиі сапарлайтын Б.Тілеуханның көмекшісіне Nege.kz тілшісі хабарласып, Анадолы жеріне Бекболат Тілеухановтың неге жиі баратыны туралы сұрады. Б.Тілеуханның көмекшісі: «Ол кісі ем қабылдап жатыр», – деген қысқа жауап қайтарды.

Бұрынғы депутаттың желідегі парақшасынан оның дастархан басындағы көңіл-күйі көтеріңкі екенін, науқас адамға ұқсамайтынын байқадық.

Ауызашарға біздің бастапқы кейіпкеріміз де барыпты.

«Түрік пен қазақ көз бен қол секілді ғой. Көз жыласа қол сүртеді, қол қақсаса көз жылайды дегендей бір-бірімізде қандай мәселе бола қалса, бір-біріміз үшін уайымдаймыз. Тамыз оқиғасы кезінде біз уайымдаған едік, кеше Қаңтар трагедиясы кезінде бұл жақтағы ағайын дұға қылып жатты. Елдің амандығына ешнәрсе жетпейді. Қызыл байрағымыз бен көк байрағымыз бір-біріне жалғасып, жақсылықтар бола берсін», – деп көсіліпті Мұхамеджан Тазабек.

Тегтер: