20 Қазан 15:25
...

Өтемұратов атындағы жәрмеңке. «ForteBank» НЕГЕ дайындалып жатыр?

Forte
Фото: Фото: Nege.kz

«ForteBank» АҚ базалық активі жай акциялар саналатын және жаһандық депозитарлық қолхаттарды сатып алу кезіндегі құнын анықтау әдістемесіне түзетулер енгізді. Осы арқылы, банктің негізгі акционері Болат Өтемұратов қаржы институтының нарықта айналымда жүрген қалған 9 пайыз акциясын кері сатып алып, қолына толық үлесті жинай алады. Бұл оған «ForteBank» акционерлік қоғамын шетелдік инвесторға бір қолдан сату үшін керек.

29 қыркүйекте өткен банк акционерлерінің кезектен тыс жиналысында «Базалық активі жай акциялар саналатын акциялардың және жаһандық депозитарлық қолхаттардың оларды «ForteBank» АҚ сатып алу кезіндегі құнын анықтау» әдістемесіне түзетулер енгізілді. Акциялар мен GDR құнын анықтаудың қосымша әдісі ретінде Қазақстан қор биржасының ережелері аясында баланстық құн бағыты да көрсетілді.

Forte
Фото: KASE

Қазір банктің 92 211 311 333 жай акциясы айналымда жүр. Егер банк құнын капитализация арқылы есептейтін болсақ, Қазақстан қор биржасында бір акциясы 13,25 теңге шамасында. Демек, «ForteBank» акционерлік қоғамының нарықтағы капитализациясы 1,22 триллон теңге немесе 2,27 миллиард долларға тартады.

Ал банк бағасын шығыс әдісімен есептейтін болсақ, жалпы активтерінен міндеттемелерін алып тастап, таза капиталын қарауымыз қажет болады. Қаржы институтының қазіргі активтер көлемі 4,53 триллион теңге, міндеттемелері 4,04 триллион теңге болып тұр. Демек капиталы – 497,2 миллиард теңге. Оның құрамына 183 миллиард теңге үлестірілмеген кіріс кіреді. Қалғаны негізінен акционерлік капитал.

Форте
Фото: Nege.kz

Мұны біз Forte сатып алуы тиіс Home Credit банкін есепке алмай қарастырып отырмыз. Себебі, 1 қазан күнгі жағдай бойынша «Хоум кредит» банкінің 73,2 пайыз акциясы Иржи Шмейцтің қолында. «Фортеде» тек 26,8 пайыз акция бар. Home Credit банкті толықтай сатып алуды «Форте» келесі жылға қалдырған. Осы мәселе талқылануы тиіс акционерлердің кезектен тыс жиналысы 2026 жылдың 26 ақпанына кейінге шегерілді.

Капитализацияға дисконт қолданған күннің өзінде ForteBank ең кемі 1,5 миллиард доллар тұратыны анық. Ал оған Home Credit банкі өзінің активтерімен қосылса және болашақ табыс генерациясы есептелсе, онда біріккен банк ең арзан дегенде 2 миллиард долларға бағалануы тиіс. Мажарстанның банк конгламераты – OTP тобының оған мүмкіндігі бар ма?

Негізі мүмкіндігі жетеді. OTP Group 2024 жылы рекордтық табысқа ие болып, 2,7 миллиард еуро сомасында таза кіріс алды. Бұл 3,16 миллиард доллар немесе 1,7 триллион теңге.

Әңгіме басқада. 2026 жылдан бастап Қазақстан банктердің экономиканы кредиттеуден бөлек өзге табыстарына 25 пайыздық жоғары корпоративті табыс салығын жүктемек. Оған қоса, жеке тұлғаларға кепілсіз тұтынушылық несие алуға түрлі шектеулер жұмыс істей бастайды. Яғни, жеке тұлғалардың кредиттік портфелі ел бойынша қысқаруы тиіс. Сарапшылар келесі жылдан бастап банктердің табысы азая бастайды деген пікірде және ол болжамның жаны бар.

Дәл осы тұрғыда, OTP Group Қазақстанда банк сатып алуға жұмсаған өз инвестициясын ақтай ала ма деген сұрақ туындайды. Келесі жылдан бастап Forte сияқты қаржылық ұйымның бір жылдық таза пайдасы 150 миллиард теңге айналасында болатынын болжасақ, кемінде триллион теңге инвестицияны ақтау үшін мажар банкирлеріне жеті жыл қажет болады.