ШҚО-да жол құрылысына бөлінген 120 млн астам ақша ұрланған
Шығыс Қазақстан облысында жол құрылысына бөлінген 120 млн теңгеден астам қаржы ұрланып, ол BMW, Subaru көліктерін, элиталық пәтер мен жер учаскелерін сатып алуға жұмсалған.
Астана, NEGE. Қаржылық мониторинг агенттігі «Таза Өскемен» мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшылығына қатысты қала көшелерін күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Күдіктілердің арасында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар.
Лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, күдіктілер 2022-2023 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен, жүйелі түрде бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына заңсыз аударып отырған.
Қылмыстық схеманың мәні – материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеуде болған. Атап айтқанда, құжаттарда жолдарды жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған арнайы техника жалдау, сондай-ақ бұған дейін орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдар сатып алу туралы жалған деректер көрсетілген.
Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген.
Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты.
«Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер Өскемен қаласындағы қымбат тұрғын үй кешенінен пәтер, BMW X6M және Subaru Forester автокөліктерін, сондай-ақ жер учаскелерін сатып алған. Аталған мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды», - делінген хабарламада.
Кәсіпорынның бұрынғы директоры екі ай мерзімге қамауға алынды.Тергеу жалғасуда.