Акция сатардың алдында ойлану керек еді. "ҚазТрансОйл"-дың басы НЕГЕ бәлеге қалды?
Қазақстанның миноритарлы акционерлер қауымдастығы (QAMS) «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясын өздерін табыстан айырды деп кінәлап отыр. Себебі биыл компания әр акцияға небары 26 теңге дивиденд төлемек. Ол былтырғыдан бес есе аз.
«ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясының 10 пайыз акциялары кезінде «Халықтық IPO» барысында жеке тұлғаларға сатылған. Қалған 90% акция оның үстінен қарайтын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолында. Жеке инвесторлар 2020 жылдың қортындысы бойынша әр акцияға 132 теңге дивиденд алған. Ал 2021 жылдың қортындысы ойынша «ҚазТрансОйл» әр акцияға небары 26 теңге төлемек. Демек, инвесторлардың пайдасы 5 есеге азаймақ.
Бұл жерде, акционер ретінде мемлекеттік бюджеттің де бес есе ұтылып отырғанын байқауға болады. Бұл шешім миноритарлы инвесторлардың заңды наразылығын туғызды. Зардап шегіп отырған инвесторлардың арасында Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да бар. Бірақ Қор жеке тұлғалардың үндеуіне қосылмай отыр.
«QAMS біріктірген ҚазТрансОйлдың миноритарлық акционерлері мемлекеттік органдарға және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамына ҚТО-ның дивидендтер төлеуді негізсіз бес есеге қысқартуына жол бермеу туралы өтінішпен жүгінді. Ал қол қойғандардың арасында компанияның ең ірі миноритарлық акционері – Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жоқ. Қор мұндай үндеулерге қосылып қана қоймай, олардың бастамашысы болуы керек», - дейді, QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаев.
«ҚазТрансОйл» НЕГЕ мұндай қадамға барып отыр? Компанияның 2021 жылдың қортындысы бойынша қаржылық есебіне сай, таза табысы 50,6 миллиард теңгені құраған. Оның тек 10 миллиард теңгесі ғана дивиденд төлеуге жіберілмек. Қалған 40,6 миллиард теңгені компания өзінде қалдырады. 2020 жылы компания 57 миллиард таза табыспен шығып, оның 50 миллиардын дивиденд төлеуге жұмсаған еді.
"ҚазТрансОйл" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young
QAMS «ҚазТрансОйл» өзінің ішкі нормативті құжаттарын орындамай отырғанын алға тартады. Компания ережесі бойынша, дивидендтер төлеуге таза кірістің кемінде 40%-ы көзделген. Дивидендтің азаюын «ҚазТрансОйл» жұмысшыларға жалақыны өсіруге қатысты шығындардың көбеюімен байланыстырады. Бірақ, QAMS ол сылтаудың негізсіз екенін айтып отыр.
-
Тақырыпқа орай: Президент тілін алмайтын «Самұрық-Қазына». Әл-ауқат қоры мемлекетті НЕГЕ қайтадан қиын жағдайда қалдырып отыр?
Осы оқиғадан кейін 2012 жылдары басталған «Халықтық IPO» жобасы толық сенімнен айрылды деуге болады. «ҚазТрансОйл» осы науқан барысында халыққа акциялары сатылған тұңғыш мемлекеттік компания болып еді. 10 жыл бұрын Қазақстан қор биржасына компанияның 38,5 миллион акциясы шығарылды. Оны Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен қатар, жеке тұлғалар да сатып алды. Енді олар табыстан айрылып отыр.
«ҚазТрансОйлдың» түпкі қожайыны - «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Қор алдағы 2 жылда тағы да «Халықтық IPO» өткізіп, басқа да бағынышты компанияларының акцияларын халыққа сатпақ. Бірақ халық енді оған сене ме? Мысалы, халыққа табысын бергісі келмей отырған «ҚазТрансОйл» 2021 жылы тек тәуелсіз директорларына 112 миллион теңге сыйақыны аямай төлеген.