22 Сәуір 17:42

Президент тілін алмайтын «Самұрық-Қазына». Әл-ауқат қоры мемлекетті НЕГЕ қайтадан қиын жағдайда қалдырып отыр?

Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы үкіміне қарамастан, «Самұрық-Қазына» қоры жоспарланып отырған таза кіріс – 1,6 триллион теңгенің небәрі 170 миллиард теңгесін дивиденд ретінде мемлекетке төлемек.

Ал үкім бойынша, дивидендтің кем дегенде 70 пайызын мемлекетке қайтаруы тиіс екенін ескерсек, онда әл-ауқат қоры жоқ дегенде 1,1 триллион теңгені бюджетке аударуы тиіс болатын. Бюджет шығындары өскендіктен, бізге қазір сол 1,1 триллион теңге ауадай қажет. Қазақстан экономикасының 40 пайызын қамтитын алып холдингтің бір жыл жұмыс істеп, мемлекетке беріп отырған ақшасы олигархтар тездетіп жинап берген «Қазақстан халқына» қоры жинаған қаржыдан да аспайды. Мұны қалай түсінуге болады?

«Бұл – президент пен үкімет шешімдеріне саботаж жасаудың стандартты практикасы», – дейді TikMill брокерлік тобының сарапшысы, қаржыгер Арман Бейсембаев. Таза кіріс экономикаға жұмыс істеудің орнына, енді қордың ішкі қажеттіліктеріне жұмсалатын болады.

«Қор осыған малданып, әкімшілік шығындарын екі есеге арттыруы мүмкін. Басшы құрамның жалақылары өсіп, түрлі түсініксіз қажеттіліктер пайда болады»

Nege.kz есебінше, мемлекетке қайтпай қалған кірісті биыл «Самұрық-Қазына» сыртқы қарызды азайтуға жұмсамақ. Қазір холдингтің сыртқы қарызы 23,3 миллиард доллар көлемінде. Холдингтің қарызды тағы 2,3 миллиард долларға азайтуға мүмкіндігі бар. Қор биыл «былтырғыға қарағанда, екі есе көп дивиденд аудардық» деп мақтанады.

Онлайн брифинг өткізген «Самұрық-Қазына» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Нәзира Нұрбаева. Фото: sk.kz

2020 жылдың қортындысы бойынша «Самұрық-Қазына» бюджетке 88,3 миллиард теңге аударған еді. 2021 жылдың нәтижесінде ол соманы екі есеге ұлғайтып отыр. Бірақ, төлеген дивиденді таза кірісінің 11 пайызынан аспайды. Сарапшылардың көңілі толмай отырғаны да осыдан.

Былтыр Standard&Poors холдингтің ұзақ және қысқа мерзімді кредиттік рейтингін ВВВ дәрежесіне көтеріп беріп, ал Moody's шетелдік валютадағы ұзақ және қысқа мерзімді кредиттік рейтингін «Baa2» деңгейінде растаған еді.

Сол жылы «Самұрық-Қазына»  қорына қарасты портфельдік компаниялар республикалық бюджетке салық түрінде 1,2 триллион теңге аударды. Бұл – жалпы республикалық бюджетке түсетін жылдық түсімдердің 10 пайызына тең.

Бұдан аса көңілді қортынды шығара алмай тұрмыз. Ішкі жалпы өнім бойынша «Самұрық-Қазына»  ел экономикасының кем дегенде 40 пайызын алып отырса, бюджеттік тиімділік, яғни салық төлеуде бар-болғаны 10% үлесті иеленген. Демек, халықтан көп алады, бірақ берері аз деген сөз.

Тегтер: