«Ердоған індетпен күреске жеті айлық жалақысын қосты»
65 мыңнан асып, 1600-дей науқас дерттен көз жұмды. Індетке байланысты Түркияның 31 провинциясында комменданттық сағат режимі енгізілген. Біз елдегі ахуалды Анкара Кажы Байрам Вели университеті докторанты Мырзахан Байжанұлынан сұрадық.
Түркия індетті 3 ай тежеді
– Түркия «әлемде коронавирус инфекциясы тарап жатыр» деген хабар шыққаннан-ақ бірден сақтық шараларын қолға алды. Соның арқасында билік індеттің Түркияға келуін 3 ай тежеді деуге болады. Ресми түрде алғашқы дерек 10 наурызда анықталды. Жалпы, соңғы апталарда қатаң түрде күрес жүргізілуде. Одан бұрын ақпанның басында Ухань қаласына ұшақ жіберіп, өз азаматтарын алдырды. Оларды тәртіп бойынша 14 күндік карантинде ұстады. Індет Түркиядан бұрын Ираннан шықты. Дереу шекараны жауып, ол жақтағы азаматтарды да алдырып, тиісті сақтық шарасын жүргізді. Соңғы екі аптада халық бұл індеттің қауіпті екенін шынайы түсіне бастады. Өйткені, Түркияның Денсаулық сақтау министрлігі күнбе-күн вирустың барысын халыққа жариялап отыр. Мысалы, 10-30 наурыз аралығында індетті жұқтырғандардың саны 10 827-ге жетсе, қазірге дейін елде қауіпті індетке шалдыққандар саны 65 мыңнан асып, кеше бір тәулікте ғана 125 адам көз жұмса, 4800-ден астам адам емделіп шықты. Күні кеше Денсаулық министрі Фахреттин Кожа мырза осы бір-екі апта көлемінде шарықтау шегіне жетіп барып, дерттің беті қайтуы ықтималдығын баян етті.
Індетке байланысты Түркияның Ішкі істер министрлігінің жарлығымен 31 провинциясында коменданттық сағат режимі енгізілді. Осы 31 провинцияның 64 миллионға жуық тұрғыны түгел үйде отыр. Бұл күндерде коменданттық сағатты бұзушыларға 3182 түрік лирасы, яғни, 200 мың теңгеге жуық айыппұл салыну қарастырылды. Ішкі істер министрлігінің соңғы ақпаратына сай, шамамен 19 мыңдай азаматқа шара қолданылған. Ал осы апта соңына дейін 48 сағаттық коменданттық сағаттың енгізілетінін естіген жұрт әртүрлі себептермен дүкендерге ағылды. Бұның соңы әрбір сауда орнында ұзын-сонар кезек пайда болды. Қазір бұл мәселе де реттелді.
– Ірі қалаларда сақтық шаралары қалай жүзеге асуда?
– Біздің Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы сияқты мұндағы үлкен қалалар қатаң режимдегі карантинге жабылған жоқ. Бірақ ұшақ та, көлік ағыны да азайды. 68 елден келетін рейс тоқтады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Түркия президенті Ережеп Ердоған халыққа үндеу жолдап, 42 елдімекенді карантинге жаптық деді. Оның бәрі негізінен шығыстағы шағын қалашықтар.
Айталық, такси жүргізушілері де жаңа әдіске көшті. Егер нөмірінің соңы тақ санмен бітсе, жұмысқа бүгін шығады, ал ертең жұп сандағылар істейді. Билік бүкіл ресурстарды пайдаланып, халыққа мүмкіндігінше сыртқа шықпау керегін айтып жатыр.
Түркиядағы дезинфекция. Reuters
Телефон операторлары да шама-шарқынша атсалысуда. Бастапқыда құрылғының экранында «Үйде болыңыз» деген жазу тұратын, қазір «Өмірің үйге де сияды» деген жазу шығып тұр. Бұдан бөлек президент, министрлер, лауазымды тұлғаның бәрі сабырға шақырып, жақынырақ амандасуды шектеуге шақырды. Медициналық бетпердені сатуға ресми түрде тыйым салып, халыққа тегін таратыла бастады. Мен де «e-devlet – электронды мемлекет» жүйесі арқылы өтінішімді жолдап, берілген код арқылы бір аптаға 5 дана масканы тегін алдым. Бұл өтінішті апта сайын беріп,осылай 5 данадан алып тұруға болады. Оның үстіне мешіттерде бес уақыт намаздан кейін «Үйде болыңыздар!» деп әркез айтып отыр. Құптан намазынан кейін 20 минут дұға жасалады. Мұнымен қоса, өлім жаназасы, әр түрлі басқосу шаралары шамадан тыс азайды. Мәйітті аттандыру рәсіміне тек етжақындары ғана қатысады. Стамбұлда қайтыс болғандарға арнап жеке қабірстан дайындап қойды.
– Індет негізінен қай жастағы азаматтарға жұғуда?
– Алғашқы кезде бір тәулікте 37 адам қайтыс болған. Оның көбі егде кісілер. Өлімнің алғашқы дерегі 18 наурызда тіркеліп, 89 жастағы қария көз жұмды. Осыны ескеріп, билік 21 наурыздан бастап 20 жастан кіші және жасы 65-тен жоғары қарттарға сыртқа шығуына тыйым салды. Олар далаға шықса да, қоғамдық көлікке отырғызбайды. Соған қарамастан, тәртіпке бағынбайтындар баршылық. Мәселен, жеке көлігімен шығып кеткен қарияны арнайы патруль ұстап, 392 лира айыппұл салды.
– Түркиядағы білім мекемелері 23 наурыздан бастап қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Қандай да бір қиындықтар байқала ма?
– Мектептер 16 наурыздан бастап бір апта демалды. 23 наурыздан қашықтан оқыту бойынша білім алуда. Оқушылар теледидар, интернет арқылы 30 сәуірге дейін оқитын болды. Төтенше жағдай әрі қарай ұзара ма, ұзармай ма, елдегі жағдайға байланысты. Ескере кетерлігі, Түркияда оқушылардың саны Қазақстан халқымен пара-пар. Қателеспесем, 16,5 млн оқушы бар. Олардың оқу процесі жақсы ұйымдастырылған. Індеттің өршуіне байланысты түркиялық университеттер бұл семестрді қашықтан оқыту жүйесімен аяқтайтын болды.
– Студенттердің елге оралуына елшілік, түркиялық демеушілер қолұшын созған екен...
– Түркияда 2 365 студент, одан бөлек Қазақстанның 17 800 азаматы әртүрлі себеппен тұрады. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі елге қайтам дегендердің бәріне көмектесті. Мемлекеттің әр қаласындағы жастардың Стамбұлға тегін жетуін елшілік қамтамасыз етті. Үкімет шешімімен Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі және түркиялық демеушілердің көмегі нәтижесінде екі ұшақ жолаушы аттанды. Осылайша, Түркияда тәлім алатын 400-ден астам шәкіртіміз елге оралды. Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы осы жерде қалған 1000-ға жуық студенттің жағдайын одан әрі бақылауда ұстайтап отыр.
Түркиядағы елші А.Сапарбекұлымен
– Жалпы, елдегі экономикалық ахуал қалай? Тұрғындарға әлеуметтік көмек берілді ме?
– Мынаны ескеру керек, 2016 жылы Түркияда төңкеріс бола жаздады, одан кейін ақпандағы жағдай, Ресеймен қарым-қатынас күрделеніп барып қалпына келді. Оның барлығы экономикаға сөзсіз әсер етеді. Қазір 1 АҚШ доллары 6 лираның үстіне шықты. Жалпы, Түркияға вирус келмей-ақ баға қымбаттап тұрған еді. Бірақ билік барын салып, алдын алып жатыр. Азық-түлік жетіспеушілігі туындап жатқан жоқ.
Күнделікті азық-түлікті дүкеннен алып отырмыз. Бәрі тұр. Бағада ауытқу жоқ. Ішкі істер министрлігі арнайы тексеру жүргізіп, азық-түлікті қоймаларында сақтап отырғандар, бағаны қасақана көтергендерге қарсы күрес жүргізіп жатыр. Індет келген кезде медициналық бетперде, дезинфекция сұйықтығын қолдан қымбаттатып еді, оның бәрін реттеді.
Соңғы күндері Түркиядағы 2 миллиондай тұрмысы төмен отбасының әрқайсысына 1000 лирадан әлеуметтік көмек берілді. Бұл теңгеге шаққанда – 68 мың теңге. Дәл осындай көмек тағы 2 млн 300 мың шаңыраққа бөлінеді. Одан бөлек тапсырма бойынша, жұмыс берушілер 3 айға дейін қызметкерін жұмыстан шығара алмайды. Егер ақысыз еңбек демалысқа жіберсе, күніне 39 лирадан (2, 5 мың теңге) төлейді.
– Бұл індетпен күресте әуелі дәрігерлердің еңбегі ерен. Оларға үстемақы төлеу қарастырылған шығар?
– Микробиолог маманмен сөйлесіп едім, дәрігерлерге санаты бойынша қосымша үстемақы төленіп жатыр екен. Мысалы, ең жоғары санаттағы, екінші санаттағы дәрігерге біліктілігі, қызметіне сай, үшінші санаттағы көмекшілерге де, техникалық қызметкерлерге де, барлығына атқарған қызметіне қарай үстемақы төленуде. Дәрігерлердің нақты қанша ақша алып жатқанын білмеймін, бірақ ассистенттердің өзі 7 мың лирадай алады. Мұны долларға шақсақ, 1100 АҚШ долларындай болады екен. Бұл өзінің айлығы, одан бөлек кезекшілігі бар, вирусқа байланысты қосымша күндіз-түні ауысып жұмыс істеп жатқаны бар, бәріне төленеді.
Аурухананың бәрі медициналық бетпердемен қамтамасыз етілген. Президент «ауруханаларға 24 млн дана медициналық маска жібердік» деді. Жақында Стамбулда үлкен аурухана ашылып, іске қосылды. Негізі Түркияның медицинасы әлдеқайда мықты. Коронавирус індеті күшейген соң өздері жасанды тыныс алу аппаратын жасай бастады. Оны ауруханада пайдаланып, отандық ұлттық өнім ретінде қолданысқа енгізді.
Одан бөлек дәрігерлерді қолдау мақсатында Еуропада басталған акция бізде де жалғасты. Кешкі сағат 9-да тұрғындар балконға шығып, қол шапалақтап, алғысын жеткізеді. Бұл акцияға президент Ережеп Ердоған әйелімен бірге қатысып, арнайы бейнежолдау жасап, медицина қызметкерлеріне қолдау білдірді. Сондай-ақ, Анкара, Стамбулда қоғамдық көлікте медициналық қызметкерлерге тегін жүру жеңілдігі берілді. Және оларға қонақүйлерден тегін орын берілді.
– Түркия туризмі, шағын және орта кәсіпкерлігі дамыған мемлекет. Кәсіп иелеріне көмек беріліп жатыр ма?
– Кәсіпкерлерді, жұмыссыз қалғандарды қолдау бойынша арнайы бағдарлама қабылданды. 18 наурызда Ердоған халыққа үндеу жариялап, экономиканы қолдау үшін және коронавируске қарсы күреске 7 пункттен тұратын 100 млрд лира көмек пакетін мақұлдады. Одан бөлек шағын және орта кәсіпкерлік иелерінің табыс салығын төмендету, жалға алған орындарын төменгі бағамен беру де айтылды.
Президент үндеуінде «Біз өзімізге өзіміз жетеміз» деген акция жариялап, алдымен өзі бастап жеті айлық жалақысын сол кампанияға аударды. Бұл үрдісті Парламент төрағасы, Ұлтшылдар партиясының төрағасы жалғап, бес айлық қаражатын қосты. Түркияның сауда палатасы да 10 млн лира аударды. Бұл көмек індетке қарсы күреске жұмылуға жұмсалады.
Туризм маусымы маусым айына ауыстырылды. Халық бір қаладан екінші қалаға әкімдіктің рұқсатымен ғана шыға алады. Электронды үкімет арқылы арнайы форма толтыру жолға қойылды. Ішкі рейстер де азайып, ұшақ Анкарадан 14 қалаға ғана ұшатын болды.
Елден жырақ болған соң, қашан да құлағымыз түрік. Байтақ отанымыздағы жағдайға алаңдап, жаңалықтарды қалт жібермей, вирустың бет алысын бақылап отырмыз. Бәлекеттің қарқыны қайтатын күннің алыс еместігіне бек сенеміз.