Депутат: YouTube желісінде қазақ мультфильмдерінің санын арттыру керек

YouTube желісінде қазақ мультфильмдерінің санын арттыру керек. Бүгін Мәжіліс отырысында аталмыш мәселе көтерілді. Депутаттық сауалды Наурыз Сайлаубай жолдады.
Депутаттың көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Қазір өсіп келе жатқан балалардың 70 пайызы түрлі мультфильмдерді YouTube желісінде көреді. Ал ол жерде қазақша контенттің үлесі аз. Сол себепті балалар шетелдік анимацияларды тамашалауға мәжбүр. Жеткіншектердің бойына ұлттық құндылықтарды дәріптегіміз келсе, қазақ анимациясының саны мен сапасын арттыруды дұрыс жолға қойғанымыз жөн. Елімізде қазір бұл міндетті «Балапан» арнасы ғана атқарып отыр. Сонымен қатар балаларға арналған телеарналардың басым көпшілігі де шетелдің үлесіне тиесілі. Олардың саны 24.
«Балалар YouTube желісінде небір анимациялық бейнелерді өздері тауып қарайды. Психологиясы қалыптасып үлгермеген балалардың тілі шұбарланып жатыр. Әліпті таяқ деп білмейтін, бойы бекімеген балалар, тіпті, қай сөз қай тілге тиесілі екенін де ажырата алмайды. Ойын жеткізу үшін бірнеше тілді араластырып, қатар қолданады. Бұл дұрыс па?
Қазіргі таңда Республикамыздың аумағында 25 мультарна көрсетілсе, оның ішінде 24-і шетелдік арна. TiJI мен Nickelodeon атты телеарналардың анимациялары қазақшаланып жатыр. Сол қазақшаланған мультфильмдер тек 30 пайызға ғана жетеді. Сонымен қатар әрбір ел өзінің діліне, мәдениетіне, таным-түсінігіне жақын өнімдерді жасайды. Балалардың лексиконында шетелдік мультфильм кейіпкерлері идеалға айналып отыр.
Қазақ анимациясы бәсекеге қабілетті болып жатыр ма? Мысалы, былтыр Ғали Мырзашев деген аниматор мультфильмге патриоттық протатип ретінде Димаш Құдайбергенді ұсынған болатын. Сол бейнемен ұлттық құндылықтарымызды көрсеткісі келді. Алайда ұлттық өнімді дәріптеуге қаржының жоқтығы тұсау болып отыр. Осы орайда кейбір аниматорлар «Кинематография туралы» Заңда мультфильмге қатысты тармақтың жоқтығына, сол себепті бюджеттен бөлінетін қаражаттың дұрыс реттелмей отырғанына қынжылады. Мультфильм киноға бөлінетін қаражаттың тасасында қалып қойып отыр. Яғни мемлекеттен бөлінетін қаражаттың 80 пайызы ересектерге арналған киноның еншісінде кетіп жатыр.
Балалар анимациясына бөлінетін қаражат Халықаралық стандарттарға сай келмей жатқаны айтылуда. Сондықтан кино мен мультфильмге бөлінетін қаражатты екі бөлек қарастыруды жеткізеді. Аниматор Ғали Мырзашев, қазіргі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм», кезіндегі «Союзмультфильм» киностудиялары сияқты жеке қазақ мультфильм киностудиясын құрып, оған Әмен Қайдардың есімін берген жөн дейді. «Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы» сияқты балалар анимациясын қолдау қорының да болғаны абзал деген ұсыныс айтып отыр. Кішкентай көрермендерімізге жеңіл әрі түсінікті болатын анимациялық мультфильмдерді көптеп түсіріп, оны YouTube желісінде қолданысқа берсе екен дейміз», - деді Наурыз Сайлаубай депутаттық сауалында.
Аталмыш мәселенің күн тартібінде қаралуы, өсіп келе жатқан балалардың ұлттық идеологиямен тәрбиеленуіне жол ашады. Өзге елдердің мәдениеті мен тіліне, дініне үйірсек болмайды.
Анықтама үшін: Қазақ мультипликация өнерінің ең алғашқы мультфильмі 1967 жылы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» қазақ ертегісінің негізінде түсірілген болатын. Сценарийдің авторы, режиссер және суретшісі Әмен Қайдаров. Әмен Қайдаровтың қазақ анимациясына қосқан үлесі зор. Сондай-ақ қазақ анимациясының дамуына А.Әбілқасымов, А.Тоқшабаев, Ұ.Бекішев және басқа да шеберлер өз үлестерін қосты. Алдымыздағы аға буынды тәрбиелеген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі қазіргі уақытта да өз маңыздылығын жойған жоқ.