Соңғы екі жылда 1 цент те қосылмаған. ERG-дің Қазақстанға төлеуі тиіс дивиденді НЕГЕ өспейді?

Әйгілі «еуразиялық үштік» Машкевич-Шодиев-Ибрагимов құрған ERG туралы жазудай-ақ жазып келеміз. Басты сұрақ мынау: дивиденд НЕГЕ өспейді? Өкінішке қарай, бұл сұраққа жауап табу мүмкін болмай тұр.
Өткен жылы маусымда Қаржы министрі Мәди Такиевтің атына ресми сауал жолдап, бірнеше сұрақ қойғанбыз. Сұрақтардың бір парасы төмендегідей:
«Машкевичтің жағдайы мүшкіл» деген қауесет бар. Компанияның саясаты өзгере ме? 2017 жылдан бері қарай ERG компаниясы Қазақстан үкіметіне төлеген дивидендінің нақты сомасы қанша? Дивиденд бұғаттан қашан босайды және ERG арнайы есепшотқа аударған дивиденд көлемі қанша? Директорлар кеңесінің мүшесі ретінде компанияның жұмысын қаншалықты қадағалап отырсыз?
Сұрақтар адресатқа жеткен соң сегіз күн дегенде қаржы вице-министрі Ержан Біржановтан жауап келді. Е.Біржанов дивиденд сомасына қатысты былай дейді: «ERG-дің аудиттелген қаржылық есептілігіне сәйкес 2017-2023 жылдар аралығында 392 миллион АҚШ доллары (салықтарды есепке алғанда, бұл салықтарды шегергенде 388,4 миллион АҚШ доллары) Қазақстан Республикасы Үкіметіне төленуге тиісті дивидендтер ретінде жарияланды, оның атынан Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті әрекет етеді.
2017 жылдың қорытындысы бойынша 22,8 млн АҚШ доллары мөлшерінде (салықтарды шегергенде) дивидендтер тікелей Қазақстан Республикасының бюджетіне төленді. 2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Үкіметіне төленуге жататын 365,6 млн АҚШ доллары мөлшерінде (салықтарды шегергенде) жарияланған дивидендтер ERG арнайы банктік шоттарында болады және төлеу үшін шектелген».

Жуырда дивидендке қатысты нақты сауалдарымызды қаржы министрі М.Такиевтің атына тағы жолдағанбыз. Бұл жолы вице-министр Дәурен Темірбековтен жауап келіпті. Ол былай дейді: «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Nege Media редакциясынан келіп түскен сұрауларға берілген жауаптар шеңберінде бұрын хабарланғандай, Компаниядан өзіне тиесілі 40 пайыздық акциялар пакетіне Қазақстан Республикасына тиесілі дивидендтер сомасы 365,6 млн АҚШ долларын құрайды. Қазіргі уақытта дивидендтер төлеуге бұрын кедергі келтірген сот шектеулерін алып тастауға байланысты екі елдің (Қазақстан Республикасы мен Люксембург) заңнамасын ескере отырып, Қазақстан Республикасының пайдасына дивидендтер төлеуді ресімдеу рәсімдері жүргізілуде».
Яғни, соңғы екі жылда мемлекетке тиесілі дивидендке 1 цент те қосылмаған. Бұл сома НЕГЕ өспейді? ERG қаржылық есептілігін НЕГЕ жарияламайды? Компанияның 40% үлесінің иесі Үкімет НЕГЕ мұны талап етпейді?

2023 қаңтарда «Елге қайтару» қоғамдық қорының жетекшілері Болат Әбілов пен Оразалы Ержанов және сарапшы Ескендір Бейсембетов ERG тобының қызметіне байланысты жиын өткізіп, Бас прокурор Берік Асылов пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сол кездегі төрағасы Олжас Бектеновтің атына арыз жолдаған.
Олар Еуразиялық топтың директорлар кеңесінде Қазақстан атынан өкілдік еткен Үкімет мүшелерінің «әрекеті не әрекетсіздігі» мемлекет мүддесіне айтарлықтай зиянын тигізгенін мәлімдеген.
«2022 жылғы 27 қазанда біз ел президентіне, үкімет пен құқық қорғау органдарының басшылығына арызымызды жолдадық. 15 желтоқсанда Қаржы министрлігінен жауап алдық, онда 2021 жылдың қорытындысы бойынша Еуразиялық топтың қарызы шамамен 7 7 млрд құрайтынын көрсеткен. Бірақ бұл мәлімет Қаржы министрлігін еш алаңдатпады. Олар таза қарыздың EBITDA-ға арақатынасы шамамен 1,5 құрайтынын айтты. Бірақ біздің пайымдауымызша, бұл шындыққа жанаспайды», – деді Оразалы Ержанов.

ERG-дің Қазақстанға төлеуі тиіс дивиденд сомасы тым аз екенін, дивиденд көлемі миллиардтармен есептелуі керек екенін спикерлер сол кезде-ақ айтқан. Мәселен, 2017-2021 жылдары Еуразиялық топ Қазақстан бюджетіне тапқан табысының 40 пайызын дивидент ретінде төлеуге міндеттелген. Бұл шамамен 4-5 млрд доллар болуы керек.
ERG-дің 2021 жылға дейінгі корпоративті есебіне қарағанда, мұрты аз майланбағанын байқаймыз. 2017 жылы – 2,09 млрд доллар, 2018 жылы – 1,913 млрд доллар, 2019 жылы – 1,538 млрд доллар, 2020 жылы – 2,23 млрд доллар, 2021 жылы 4,210 млрд доллар пайда тапқан.
Одан бері де 4 жыл уақыт өтті, осы мерзім ішінде ERG байыған үстіне баий түспесе, кедейленген жоқ. Ендеше, дивиденд көлемі де артуы керек емес пе? Кейбір деректерге қарағанда, 2018-2023 жылдары «Еуразиялық топ» 11,774 млрд АҚШ доллар пайда тапқан. Сүйте тұра, олар мемлекетке бар-жоғы 365,6 млн доллар аударған, бірақ оның өзі арнайы есепшотта жатыр.
Соңғы жылдары үкімет ауысты, министрлер ауысты, бірақ ERG төлеуі тиіс дивидендке қатысты жағдай өзгерген жоқ. «Дивиденд НЕГЕ аз? НЕГЕ өспейді?» деген сұрақтардың әлі басы ашық. Бәлкім, бұрынғы «бас антикор», қазіргі Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің бір білгені бар шығар?