«Шегіртке – халал, бірақ мен оны жеңдер деп айтқан жоқпын» – Жұманғарин

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин фермерлерді алаңдатқан шегіртке мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Алматы, NEGE. Журналистер оған бұған дейін шегірткені «халал өнім» деп атағанын еске салды.
«Мен шегірткенің халал өнім екенін айттым. Бірақ мен оны жеңдер деп ұсындым ба? Сіздер тағы неге ойдан шығарып отырсыздар?», – деді ол.
Жұманғарин шегірткеден толықтай құтылу мүмкін емес екенін, өйткені ол экожүйенің бір бөлігі екенін атап өтті.
«Біздің айналамызда микроағзалар мен жәндіктер өмір сүреді. Көбелектер ұшып жүр, түсінікті ме? Құстар да аспанда ұшады. Олар бізге кедергі жасайды екен деп бәрінің көзін жояйық па? Шегіртке бізбен бірге өмір сүріп келеді, мен айттым ғой, мүмкін ол мамонттармен қатар өмір сүрген шығар? Әр 12 жылда бір рет оның белсенділігі мен көбею кезеңі болады. Қазір біз оның екі жылдық циклінің соңында тұрмыз. Келесі жылы мұндай белсенділік болмайды», – деді министр.
Сондай-ақ ол Түркістан және Қызылорда облыстарында шегірткеге қарсы жұмыстар аяқталуға жақын екенін, егістікке қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Қазіргі таңда негізгі назар Ақтөбе мен Қостанай облыстарының шекараларына, сондай-ақ Ресеймен шекаралас аймақтарға аударылған.
Шегірткеге қарсы күреске республикалық бюджеттен 7,1 миллиард теңге бөлінген.