12 Мамыр 13:06
...

Министрлер портреті. Ақмарал Әлназарова. «Ақмаржан»

Министр
Фото: Коллаж NEGE

Сырдың сәні күріш болса, күріштің төресі – ақмаржан. Атауы да адамды алты шақырым жерден тартады. Бірақ бұл отандық брендтің қасиетін отқа пісірмей, біле алмайсыз. Бір сағатта белгілі ғой, бабымен піссе – палау, бабы келіспесе – көже. Сәйкестікті қарасаңызшы, ақмаржанды жасынан жеп өскен Ақмарал Әлназарованың да Үкіметтің «қазанына» түскелі бір жылдан асыпты. Сондықтан қолдағы қаламды бір сәт «кепсерге» айналдырып, буы бұрқырыған саясатқа «батырып» көрмекке бекідік.

Маржан десе, маржан...

Аграрлы Қазақстанның шетелге ұялмай көрсете алатын бір өнімі, осы – ақмаржан. Басқаша айтсақ, отандық бренд. Бірақ брендтің бәрі ауызға түсіп, асқазанға бара бермейді. Жарқыратып үстіңізге киіп, жылтыратып қолыңызға ұстап жүретін де брендтер бар. Әсіресе оған әйел адамдардың әуес келетінін білесіз. Еліміздегі шенді-шекпенділердің әйелдері мен қыздары миллиондаған қаржыға брендтік әшекейлер тағып, құны удай көйлек-көншекке оранып, ел көзіне түсіп қалып жатады. Абай облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ұранхаевтың 20 жастағы қызы 21 миллион теңгенің сөмкесін ұстап, елді шулатқаны есімізде. Мұндай жағдай – шендіге сын, алдынан әрдайым шығып тұратын кедергіге айналады. Сондықтан жоғары биліктегі қыздар мейлінше «сақ» жүреді, жұрттың көзін қызартатындай кәделі дүниелерін тым жақын адамдар бас қосқан «бөтендерсіз» ортада болмаса, көп көзіне көрсете бермейді.

Міне, жоғарыдағылар арасындағы жазылмаған осы заңдылықты Ақмарал Әлназарованың «бұзып» тастағаны бар. Бұзғанда, «мынаны мұншаға алдым, ананы соншаға алдым» деп әулекі әншілер құсап мақтанған жоқ. Іш киімі мен шұлығының қай жерде тұратынын шкафының есігін ашып көрсеткен депутат Дәулет Мұқаевтың да қылығын қайталамады. Бар болғаны, әдемі сөмкесі мен «біркиер» көйлегімен түскен суреттерін әлеуметтік желідегі парақшасына салып қойды. Мұны көрген қыз-қырқын көзін жұмып, аузын ашты. Соның аяғы «бәле іздеген» журналистің «Instagram парақшаңызға қарағанда, брендтік өнімдерді жақсы көресіз, 1,5-2 млн теңге тұратын Dolce & Gabbana-ның көйлегі мен брендтік сөмке сатып алу үшін қанша ақша табу керек?» деген сауалына ұласты.

Бір тәуірі, министр сасқан жоқ. Ашық сұраққа ашық жауап берді. «Мен бұған құмармын деп айтпай-ақ қояйын. Жалпы, менде үлкен гардероб та жоқ. Фотодағы сөмке – көп қыздың қолында жүр. Бағасы – 250 мың теңге», – деді. Міне, осы кезде 200-300 мың теңге жалақыға күн көріп жүрген халық министрдің «көп қызы» өз айналасындағы таныстары шығар деп топшылады. Көйлегін «бар болғаны» 800-900 мың теңгеге алғанын естігенде, не қызығарын, не «мүсіркерін» білмей қалды.

Министр
Фото: kaz.inform.kz / Дияр Бексұлтанов

Өйткені бұдан шығатын қортынды біреу-ақ болатын. Министр Әлназарова халықтың жағдайы жақсы деп ойлайды. Ал қандай адам бұлай ойлайды? Әрине, өз жағдайы жақсы адам. Сондықтан Ақмарал ханымды маржанға теңегендер көйлегінің құнына ғана емес, жайбарақат айтқан жауабына да көбірек мән берген еді. Алайда біз Әлназарованың «жағдайын тексеру» мәселесін кейінге шегеріп, көйлектен де маңыздырақ дүниеге ойысайық.

Асты тесілген қайықтың мәні

Ар жағын қайдам, Денсаулық сақтау саласында Біртановтан жалғасып келе жатқан бір әдемі жүйе бар-тын. Мәселен Елжан Біртанов министрліктен абыройсыз кеткенде, орнына орынбасары Алексей Цой барған еді. Цой қызметінен алынғанда, орынбасары Ажар Ғинаят орнын басқан. Алайда Ғинаят креслосын босатқанда, орынбасарларға орын тимеді, Ақмарал Әлназарова Сенаттан «секіріп» түсті. Жәй түспей, бір орынбасарды қызметінен қуған ба, әйтеуір сол тұста Вячеслав Дудник деген вице-министрдің «мені Әлназарова жұмыстан заңсыз шығарды» деп президенттен араша сұрағаны есімізде. Бірақ тізгін ұстаған адамның тарапынан ондай-ондай болып тұратынын ескерсеңіз, Әлназарованың ауыс-түйіс жасауға әбден құқы бар екенін түсінуіңіз керек. Бірақ негізгі шарт – кімге қызмет беріп, кімнің «көзін құртса» да, жұмыс жанданып сала беруі тиіс-тін. Міне, осы мәселеге келгенде, «Әлназарова да Денсаулық сақтау саласын оңдырмады» деген пікірдің қоғам назарына бекіп бара жатқанын айтпай кету мүмкін емес.

МӘМС – Денсаулық сақтау министрінің ең жанды жері. Заты әйел екеніне қарамай, қазір Әлназарованы сол «жанды жерінен» төмпештейтіндер көбейді. Бір есептен қарасаңыз, «төмпештелуге» өзінің де ыңғай білдірген кездері бар. Мәселен Сенатта бекер отырмай, былыққан саланың басшыларын орнын тауып, сынайтын. «Әп-бәрекелді, осы Әлназарова министр болса, біраз дүниені түзер еді» деген үміт сол кездерде оянған. Сөйткен, кейіпкеріміз шынымен де Денсаулық саласының төбесіне шықты. Шыққан кезде, жұмысын МӘМС-тен бастайтынын айтып, көптің көңіліне жел беріп қойған. Сол «жел» қазір өзінің басына «қара дауыл» болып, соғып жатыр. Себебі МӘМС – жұрт күткендей медициналық саланы алға жетелейтін жүйелі жоба емес, халықтың қалтасын қағатын қайтарымы әлсіз жұтқа айналды.

Осы жерде Әлназарованы МӘМС-тің былық-шылығынан ақтап алғысы келетін адамдардың да бар екенін ескерейік. Олардың ойынша, міндетті сақтандыру – қазіргі министрдің ойлап тапқан дүниесі емес. Ол рас. МӘМС деген пәлекет Біртановтың кезінде бірыңғайланып, Цойдың тұсында «сойқандығын» көрсеткен жоба. Бірақ соның кем-кетігін сылып алып тастауға кейінгілердің әл-дәрмені жетпеді. Бәлкім, оған ниеттері де болмады. Ниеттің болмауына қатысты мәселеге жемқорлық дейтін «диюдың» да өз әсерін тигізіп жатқаны туралы ақпарат Мәжілістің төрінен айтылды.

«Сіздердің алдарыңызда МӘМС қорындағы жемқорлықтың көзіне айналған 2020 жылғы бұйрық. Бұл – заңға қайшы, қаржы жымқыру мен жемқорлықты тудыратын құжат. Бұл бұйрықты сіз қабылдамағаныңызды білемін. Бірақ министр қызметіне келгеннен бері сіз осы бұйрықты өзгертуіңіз керек еді ғой. Оның үстіне сенатор болғанда осы бұйрықты жиі сынаған едіңіз. Айтыңызшы, бұйрықты қашан жоясыз?», – деді Бақытжан Базарбек министр Әлназарованың көзін бақырайтып қойып.

Қор
Фото: ғаламтордан

Сауал қандай сойқан болса, жауап сондай солғын шықты. Министр бұйрықтың күші жойылмайтынын, бірақ өзгеріс енгізілетінін жұқалап қана жеткізді. Бірақ ол өзгеріс не береді? Не берсе де, саладағы күрделенген түйткілдерді толық шеше алмайды. Бұлай дейтініміз, 2024 жылы медициналық сақтандыру қоры 2 мыңға жуық медициналық ұйымға шамамен 2,1 трлн теңге төлеген. Бұл сома әркімнің медсақтандыруға беретін қаржысынан құралғаны белгілі. Бірақ әркім қажет кезінде медициналық көмек алып жатыр ма? Ағзасындағы әлдебір сырқатына байланысты ауруханаға жатқысы келген адамды дәрігерлер кезекке қояды. Кезек екі ай, не үш айдан кейін келеді. Ақшасы бар кісі ауруын асқындырмас үшін ақылы қаралуға мәжбүр. Сонда ол не үшін міндетті сақтандыруға ақша төлеп жатыр? Ауылдық жерлерде медициналық жәрдем берудің мүмкіндігі тым әлсіз. Құрал-жабдықтар тапшы. Бірақ соған қарамастан, сақтандыруға барлығы дерлік ақша төлейді. Тіпті сақтандырудан босатылған мүгедектер мен студенттерден де МӘМС үшін млрдтаған ақша ұсталғаны туралы деректер бар. Оны айтасыз, көрсетілмеген қызмет үшін «көрсетілді» белгісін қойып, қыруар ақшаны қалтаға басудың дәйектері де кездесіп қалып жатыр.

Қысқасы, депутат Асхат Аймағамбетовтің сөзімен айтқанда, МӘМС – түбі тесілген қайық сияқты. Тесігін бітемеген соң, ішіндегі суды сыртқа төккеннен ештеңе өзгермейді. Бірақ ескекші есебіндегі Ақмаржан Әлназароваға осының өзі ұнауы мүмкін. Өйткені жоғарыдағы салыстырмамыздың жөніне салсақ, ақмаржан – белуарынан суда тұрып өсетін дақыл.

Ақмаралдан әділет таппаған Аяжан

Бұл енді Қазақстан медицинасының тағы бір былығын көрсететін сұмдық оқиға. Бойжетіп қалған талғарлық Аяжан деген қыздың мойнында ісік пайда болып, жергілікті дәрігерлерге көрінеді. Талғардың ауруханасы қабыну диагнозымен емдейді. Бірақ мойнының келесі жағынан тағы да ісік пайда болған соң, қыздың ата-анасы онкологқа көрсетуге шешім қабылдайды. Ал онколог-дәрігер Онкологиялық орталықтардан диагностикадан өтіп, гистологиялық тексерудің қортындысын алуды ұсынған.

Міне, сұмдық осыдан кейін басталады. Алматы өңірлік көпсалалы клиникасы (Алматы облыстық онкологиялық аурухана) Аяжаннан онкологиялық сырқатты анықтайды. Осыдан кейін науқас қыз Алматы өңірлік көпсалалы клиникасы мен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының арасын тоздырған. Бірнеше рет ота жасалып, бірнеше рет химиялық терапия қабылдаған. Арасында ес-түсінен айырылып, жан сақтау бөліміне де түскен. Әрине, қатерлі ісікке шалдыққандар арасында мұндай жағдайлар жиі болып тұратыны белгілі.

Өкініштісі сол, соңында Аяжанға қойылған диагноз қате болып шығады. Дәрігерлер алғашқыда «тапқан» Ходжкин лимфомасы (лимфоидты ұлпада кездесетін қатерлі ісік) науқастың бойында болмай шығады. Мұны Астана мен Ресейлік орталық қуаттайды. Тіпті министрлікке қарасты Медициналық және фармацептикалық бақылау комитеті де растап, диагноздың қате қойылғанына қатысты ресми құжат береді.

Денсаулық сақтау саласы
Фото: ғаламтордан

Бірақ бірден ескертейік, бұл оқиға 2022 жылы басталған. Ендеше оған Ақмарал Әлназарованың не қатысы бар? Мәселе мынада: дәрігерлердің кесірінен денсаулығынан айрылып, мүгедекке айналған қыз әлі күнге әділет таппай жүр. Оның ес жиып, жан-жағына қарай бастауы Ақмарал Әлназарованың министр болған кезеңімен тұспа-тұс келеді. Оның үстіне, МӘМС төлеп жүргеніне қарамастан, Аяжан барлық ем-шараларды ақылы түрде алған. Тіпті бір ашкөз дәрігер тегін көрсетілуі тиіс қызмет үшін науқастың 60 мың теңгесін каспи қосымшасы арқылы өзіне аудартып алады. Яғни, сап-сау қызға отандық дәрігерлер ақшасын төлетіп отырып, ауру жамап береді, орны толмас қиянат жасайды. Ендеше мұндай жағдайға түскен адам Әлназаровадан әділет іздемегенде, өзін мүгедек жасаған дәрігерлермен соғысуы керек пе? Бірақ Аяжан министрге қанша хат жазса да, кіре алмайды. Есесіне науқасты вице-министр Ержан Нұрлыбаев қабылдайды. Екеуара әңгімеде «біздің қызметкерлер қателесуі мүмкін емес» дейді ғой, вице-министр. Бұл – онсыз да әрең отырған жарымжан адамға басынан балғамен ұрғандай әсер етеді. Нұрлыбаев ұсынған қателікті анықтаудың жолы мынау екен: министрлік шетелдегі клиникалардың бірінен тегін диагностика жасатуға мүмкіндік береді. Бірақ оның қай клиника екенін Аяжан емес, министрлік шешеді. Дәрігерлерден әбден көңілі қалған адам бұған келісе ме? Әрине, келіспейді. Сондықтан Аяжан «клиниканы мен таңдаймын» деген сөзінде табандап тұрады. Мәселе сонымен бітеді.

«Денсаулығым дәрігерлерге ойыншық болды. Мені күйдіретіні – соның бәрін олар менен ақша алып отырып жасады. Әрі қателіктері дәлелденсе де, ешкім жауапкершілікке тартылмады, ең құрса, кешірім сұраған тірі жан болмады», – дейді өксік буған Аяжан.

Әрине, министрдің шағым айтқан әрбір науқаспен кездесе бермейтінін білеміз. Бірақ біздің «Ақмаржан» арқылы өзінің «келбетіне» бір үңіліп қарайтынында дау жоқ. Ондай жағдайда, Әлназарова кабинетіне кіруге зар болған Аяжанды өзі іздейтін шығар деп сенеміз.

Жедел-жәрдем жеткенше...

Жедел-жәрдем – жыры бітпейтін мәселе. Бірақ толық бітірмесе де, Әлназарова біршама түзеп қояйын деген секілді. Биыл 1 мамырдан бастап жедел-жәрдемнің қызметіне өзгеріс енгізілді. «Енді төртінші санаттағы шақыруларға яғни, жоғары қан қысымы, дене қызуы немесе жеңіл жарақаттар сияқты өмірге қауіп төндірмейтін жағдайлар күндізгі уақытта емхана жанындағы мобильді бригадаларға бағытталады. Олар таңғы сағат 8:00-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Мобильді бригаданың келу уақыты – 1 сағат. Ал шұғыл көмекке жедел жәрдем 10 минутта жетеді. Бірінші, екінші және үшінші санаттар үшін норматив 15 пен 30 минут аралығы. Ал түнгі уақытта және демалыс күндері барлық шақыртуға жедел жәрдем бригадалары барады».

Бұл – министрліктің таратқан ресми мәліметі. Санатқа бөліп, 1-ді алға, 4-ті кейінге ысырудың мәні бар. Биыл бірінші тоқсанның өзінде жедел жәрдем қызметі 2,1 млн-нан астам шақыртуға барып, қолдарынан келгенше жәрдем көрсетіпті. Жоғарыдағы цифр шақыртудың жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Демек санатқа бөліп, аса қауіпті сырқатқа шұғыл бригада жөнелту қай жағынан алғанда да дұрыс шешім.

Алайда осы жерде бір мәселе бар. Жедел-жәрдем жеткенше науқастың жаны үзіліп кететін оқиғалар жиі кездеседі. Тіпті өткен жылы Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков жайбасар жедел-жәрдемнің кесірінен әкесінен айрылып қалғанын айтып, 15 минутта жетуі тиіс көмектің 30 минутта әрең келгенін Парламентте мәлімдеген. «Мәжілісменнің әкесіне кешігіп жететін жедел-жәрдем басқаны оңдыра ма?» деген әңгімелер сол тұста айтылған еді. Расында, аты жедел болғанмен, жүрісі шабан медициналық жәрдемге айтылатын сын көп.

Алматы
Фото: ғаламтордан

Мәселен өткенде ғана Алматы облысы Қарасай ауданының бір тұрғыны қаздай тізілген жедел-жәрдем көліктерінің қасында тұрып, министрге сәлем жолдаған. «Ақмарал ханым, мына масқараны Сіздер қалай көрмейсіздер?» деген еді сол кісі әлеуметтік желіге тарап кеткен бейнежазбасында. Түсінгеніміз, 28 көліктің 7-еуі ғана жұмыс істеп, қалғаны жөндеуде тұр екен. Демек төрт көліктің үшеуі жарамсыз деген сөз. Мұндай жартыкеш жарақтанумен жедел-жәрдем күткен жұртты түгел жарылқау мүмкін бе?

Қызығы, бұл жалғыз Қарасай ауданының басындағы кеп емес. Қазақстанда пациенттердің шақыртуларына шығып жүрген 2,5 мыңға жуық жедел жәрдем машинасы 60,4 пайызға ескірген. Кейбір облыстарда санитарлық көліктердің тозу деңгейі 90 пайызға жуықтайды. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігі берген ресми деректер. Демек жедел-жәрдем көліктерінің қирап жатқаны министрдің өзіне де жаңалық болмауы керек. Енді оны неге Әлназараова түземейді деп жылдан жылға асқынып келе жатқан түйткілді жалғыз министрдің мойнына артып қоюдан аулақпыз. Бірақ мәселе уәдеге жақын жоғарыдағы сөзде ғой, «10 минутта барамыз» деген сөзді ойланып айтты ма екен дейміз де, баяғы.

Қалай келді?

Бұл – үлкен креслоға отырған шендінің бәріне қатысты қойылатын сауал. Ал Әлназароваға байланысты жауапта «қыз болса да, оң-солын білетін адам» деген байлам жасалған. Мұндай сөздің бекер айтылмайтыны белгілі. Бірақ министрге берілген бағаның түп-төркініне терең үңілудің қажеті жоқ. Ол жағын Әлназарованың төркініне қатысты бөлімге қалдырып, «оң-солын білу» дейтін байламға төтесінен келейік.

– Бүгін Елбасы – партия Төрағасы ұйымның алдағы он жылдық жоспарын бағдарлап, жолын көрсетіп берді. Бізге керегі – тек осы бағытқа сай жұмыс істеу...

Бұл сөзді Ақмарал Әлназарова 2019 жылдың ақпанында Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтқан. Ол кезде өзі Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы еді. Әрине, «мәңгілік жол көрсетушінің» бір ай болмай, өкілетін тоқтататынын сол тұста ешкім білген жоқ. Сондықтан Назарбаевты жер-көкке сыйғызбай мақтаудың екпіні әлі бәсеңдемеген. Сол себептен де Әлназароваға «сөйтіп едің» деу де ретсіз. Бірақ Сыр сұлуының сол жолғы сөзінің тура ондыққа ұрғанын досы да, дұшпаны да мойындайтын шығар. Өйткені съез қонақтарынан пікір жинаған «Егемен Қазақстанның» өзі «әңгімесінің» біссімілласын Ақмаралдың лебізінен бастады. Екі айдан соң «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып барған кейіпкеріміз сегіз айдан кейін Сенаттан бір-ақ шықты.

Нұр-Отан
Фото: ғаламтордан

Әйтсе де, бірден ескертейік, Әлназарова талай қызметті бұған дейін де атқарған. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы сынды жауапкершілігі салмақтылау жұмыстардың дәмін 2015 жылға дейін-ақ татып көрген. Бірақ соның бірде бірі «Нұр-Отан» секілді Әлназарованы Астанаға «тарта» алмаған-ды. Қызығы, экс-президенттің құрған партиясының аты өшіп, саяси элита «Аманатқа» ауысқанда, Ақмарал жаман қыз құсап, «Нұр-Отанды» жоқтап жыламады. Тап-таза «аманаттық ақмаржан» болып шыға келді. «Бізге керегі – тек осы бағытқа сай жұмыс істеу...» деп келетін байырғы сөзін ұмытты. Министрдің креслосына отыра сала, жұмысын Тоқаевтың тапсырмасын орындаудан бастайтынын айтты. Міне, Ақмарал Шәріпбайқызын оң-солын танитын адамға балайтындар осыны ескеретін секілді.

Бірақ ешкім түсінбейтін тағы бір қызық бар. Ақмарал Шәріпбайқызы министрліктің төбесіне шыққанда, кейбір ақпарат құралдары бұл кісіні «2007 жылдан «Аманаттың» мүшесі» деп таныстырған. Ол кезде бұған ешкім аса назар аудармаған секілді. Соның сырын іздеген біз «біртүрлі» ақпараттың қайнар көзін ақыры таптық. Wikipedia-дағы өмірбаянына қарасаңыз, дәл осылай жазылып тұр. Ал енді бұл нені білдіреді? Ақылды қыз «Нұр-Отанға» қатысты ақпараттарды көңілінен біржолата өшіріп тастаған ба? Әлде «Аманаттың» келетінін алдын ала біліп, 15 жыл бұрын соған мүше болып алған ба? Бізге бірдеңе деудің орынсыз болатынын оқырманымыз да сезетін шығар, жауабын бір айтса, министрдің өзі айтады деп ойлаймыз...

«Жағдайдың» жайы

Әңгіменің басында әйбат көйлегіне және соған қатысты министрдің берген жауабына тоқталған сәтте, «Әлназарованың «жағдайын тексеруді» кейінге қалдырайық» деп «байқамай» оқырманға уәде беріп жіберген екенбіз. Енді соған байланысты да бірер ауыз сөз қоспасақ болмас.

Білетіндер Ақмарал Әлназарованы текті жердің қызы деседі. Тектілік жөнін тарқату үшін түп-тұқияннан бері тарту шарт емес. Ашық дереккөздерге сенсек, әкесі – Шәріпбай Әлназаров Сыр еліндегі урология саласының майталман дәрігері болған көрінеді. «Қолы алтын» дәрігер атанған маман мыңдаған адамға урологиялық ота жасап, талай еркектің перзент сүюіне негіз қалаған. Ал анасы – Шолпан Көпірбаева-Әлназарова аймаққа белгілі акушер-гинеколог болған кісі. Яғни, Сыр өңіріне белгілі ерлі-зайыпты дәрігерлер демографияның өсуіне әжептәуір үлес қосқан деп топшыласақ, жаңылмайтын секілдіміз.

Демек Ақмарал Шәріпбайқызы медицинаның иісін жөргегінде сезінген. Әлназаровтар әулетіндегі бес баланың үшеуі ата-ана жолын қуса, Ақмарал – солардың үлкені. Ақтоты, Шолпан (неге екенін анасымен аттас – ред) есімді сіңлілері Сыр өңірінде қатардағы дәрігер емес, жауапты қызметтер атқаратын болса керек. Бірақ ол жағына тереңдей беру – мақсатымызға кірмейді. Сондықтан министрдің төркініне қатысты сөздің соңын – «Ақмарал Шәріпбайқызы медицинаның төл баласы» деп түйіндегеніміз орынды болатындай.

Министрлік
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Алайда мұның бәрі жоғарыда айтқан «жағдай» мәселесіне жауап бола алмаса керек. Оқырман білуі тиіс, талай министрдің портретін «сызып», астын қопарғанда, билік басындағылармен туыстық байланысы, тыққан-пыққан байлығы, отбасына құйылып жатқан қаржы көздері менмұндалап шыға келетін. Әлназаровадан әл-әзірге ондай ештеңе табылмай тұр. Шенеуніктердің өзі тұрмақ, бала-шағасының атында не бар екенін тіміскілей зерттеп жүретін әріптесіміз Дмитрий Шишкин де біздің кейіпкерімізге келгенде, қайраңдаған қайықтай мүдіріпті. Тапқаны – ағайынды Марат, Жомарт Момынбаевтар. «Белгілі кәсіпкерлер министр Әлназарованың туысы» дейді Шишкин. Ал Момынбаевтар деген кімдер? Марат Момынбаев «Қазмұнайгаздың» бұрынғы топ-менеджері. Қазақстанның БҰҰ-дағы дипломатиялық өкілдігінде атташе, Vertex АҚ директорлар кеңесінде төраға болған. Жомарт Момынбаев «Қазақмыс», «KEGOC», «Самрук-Энерго» секілді ірі компанияларда басшылық қызмет атқарған. Былайша айтқанда, қалталы кәсіпкерлер. Дегенмен біз Шишкиннің дерегіне аздаған нақтылау енгізгелі тұрмыз. Дұрысы, Момынбаевтар министрдің нағашысы болуы керек. Өйткені Марат пен Жомарттың әкесі Байзақ Көпірбайұлы Момынбаев – ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанда отандық инженерлік-педагогикалық білімнің негізін қалаған ірі ғалым. Ал министрдің анасының тегі Көпірбаева екенін ескерсеңіз, жақындықтың жайы бірден айқындалады.

Әрине, нағашыларының ауқатты болуы министрге сын емес. Керісінше, мақтанып айтып жүрсе де, жарасады. Бір анық дүние, министр басымен нағашыларына «қымбат көйлек әперші» деп өтініш айтпайтыны ақиқат. Демек, көйлек – өзінің табысына алынған. Бірақ атында ірі компаниялар, қорасында мыңғырған малы жоқ. Сондықтан Әлназарованың жағдайын «орташа» деп бағалағанымыз дұрыс. Ал «орта» деңгейдегі министрдің өзі 900 мың теңгенің көйлегін киетіні нені білдіреді? Сірә, халық пен билік арасындағы әлеуметтік ахуалдың тым алшақтап кеткенін аңғартатын болса керек. Соны кезекті мәрте дәделдеген әдемі көйлекке де, жақсы көйлекті қапысыз таңдай білген министрге де бір алғыс айтып қоюдың ерсілігі жоқ сияқты.

Түйін: Сырдың суына балтырын сүйгізіп өскен сұлу болған соң, «Ақмаржан» деген айдар тақтық. Оған бола, министр бізге ренжімейді деп ойлаймыз. Бірақ осы атына қаншалықты лайық болатыны уақыттың еншісі мен «қазанның» қожасына байланып тұр. Өйткені астындағы отты лаулатам десе де, қызуын басып, бұқтырам десе де, тіпті «күрмегінен арылмаған күріш екен» деп астауға төңкерсе де, жоғары биліктің өзі біледі. Ал біз білгеніміз бен ұққанымызды мейлінше бүкпесіз айттық.

Сансызбай НҰРБАБА.