Министрлер портреті. Серік Жұманғарин. «Динозаврлардың замандасы»

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Мақашұлының кейбір әңгімелері бүгінгінің бұқарасына түсініксіз. Кейде министрдің өзі айналасындағы адамдардың не деп жатқанын ұқпай қалады. Міне, осындай сәттерде шенеуніктің сұлбасынан «өзге әлемнің» белгісін іздейтіндер көбейді қазір.
Бизнестен басталған даңғыл
Серік Мақашұлы 1969 жылы Ақтөбе қаласында өмірге келген делінеді. Бірақ интернет әлемін он аударып, жиырма төңкерсеңіз де, Жұманғариннің балалық шағына, өскен ортасына қатысты бірде-бір деректі таба алмайсыз. Шынымен де, бұл кісі уақыты келгенде «аспаннан салбырап» түсе қалғандай көрінеді. Уикипедияның өзі министрдің өмірбаянын 24 жасынан бастап тарқатыпты. Ондағы деректер 1993 жылы Мәскеу энергетика институтын тәмамдағанын, 1997 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша бітіргенін, сосын Алматыдағы Халықаралық бизнес академиясынан білім жетілдіргенін айтады.
Жұманғариннің жұмыс тәжірибесі «Тынай» компаниясының коммерциялық директоры болғанынан басталады. Бірақ жоғарыдағы оқу орындарының алғашқысын бітірген соң, білім мен қызметті қатар алып жүрген. Әрі қайда барса да, директор деген лауазымынан төмендеп көрмеген. «Тынайда» бір жыл ғана істеп, 1994-2004 жылдары аралығында «Медкорп» жеке кәсіпорнының директоры, «АСБ» жеке кәсіпорнының бас есепшісі және директоры, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ өкілдігінің директоры, «Компания Global» ЖШС коммерциялық директоры, «Батыс Ойл Газ» Корпорациясы» ЖШС бас директоры болған.
Серік Мақашұлының қызметтік жолындағы бір қызық нәрсе, бұл кісі жақсы жерге барса, жалпиып отыра беретін шенеуніктердің қатарынан емес. Түпкі мақсатына жеткенше тыныш таппайды, жыл сайын орын ауыстырады.
Мәселен, мемлекеттік қызметтегі саяси мәнсабын 2005 жылы Ақтөбе қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары болып бастаған. Келесі жылы – Ақтөбе қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы. Жаңа өсіп келе жатқан адам үшін жаман жұмыс емес. Бірақ Жұманғарин бір жылдан кейін Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының орынбасары қызметіне жылжыды. Міне, тап осы жерде 2 жыл қызмет атқарған. Алайда алғашқы жылында орынбасар болса, кейінгісінде – агенттіктің төбесінде отырды.

Бір жылдан кейін сырғып кету – ұдайы Жұманғариннің өз қалауымен жүзеге аспайды. Кейде өзгенің пәрмені еріксіз жылжытады. Айталық, 2022 жылдың тамызында Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы болды да, осы жылдың қыркүйек айында министрдің өзі болды. Бірақ тура бір жылдан кейін, 2023 жылдың қыркүйегінде президент оны бұл лауызымынан босатты. Серік Мақашұлы Премьер-министрдің орынбасары деген «олқылау» лауызыммен бір жыл жүрді де, 2024 жылы қазіргі қызметін «қосып» алды.
«Замандастың» сыры
Әңгімені көп сөзбай, бірден бас тақырыптың мәнін түсіндірейік. Қазақстанда журналистермен басы піспей қойған бір шенеунік болса, ол осы – Серік Жұманғарин. Бірақ әділін айтуымыз керек, кез-келген дау-дамайға ешқашан бір ғана тарап айыпты болмайды. Кейде әріптестеріміз ортаға түскен шендіні «жанды жерінен» ұстап, ары-бері бұрайтыны бар. Төртінші биліктің «тепкісіне» әбден ысылған қулар эмоцияға берілмей, ебін тауып құтылып кетеді. Ал Серік Мақашұлы ше? Бұл кісі ақ лақты кездестірген көпір үстіндегі көк лақ құсап, «айбат шегіп» аз тұрады да, аузына келген сөзді «періп» кеп қалады. Бітті, арты – қып-қызыл дау. Кейде сұрақтан ауытқып, журналистерге өзі «бәле» тауып береді. Мысалы «Шегірткеге қарсы күрес қалай жүріп жатыр?» деген оп-оңай сұраққа бұл кісі былай деп жауап берген: «Шегіртке әрқашан бізбен бірге болды. Динозаврлар мен мамонттардың құрдасы. Біз онымен әрдайым күресіп келеміз, күресе береміз. Кейбір елдер оларды өндіруді және олардан керемет ақуыз тағамдарын дайындауды үйренді. Әрине, бұл бізге келмейтін шығар. Бірақ шын мәнінде, бұл – халал өнім».
Негізі, министрдің сөзінде шындық бар. Мәселен Мексикаға барып шегіртке сұрасаңыз, қуырылған, кептірілген, бұқтырылған, қайнатылған, ысталған-қақталған деген секілді жүздеген тағам түрін ұсынады. Ал Қытайда шегірткені істікке қадап, кәуап жасап береді. Угандаға барсаңыз, шегірткенің сорпасын ішесіз. «Өйткені шегіртке ақуызға бай» дейді кейбір ғалымдар мен шегірткенің сирағын «мүжігендер».
Ендеше не тұрыс? Өзі пайдалы әрі халал болса, оны басқа емес, вице-премьер әрі министр айтып тұрса, шегіртке асырауды неге қолға алмасқа? Осыны сұрамаған журналистің несі журналист енді? Әріптестеріміз сұраған, Жұманғариннің жауабы былай шығыпты: «Мен сіздермен көптен бері сөйлесіп жүрмін ғой. Мен кейде көңіл көтеру үшін де осындай сөздерді айтамын. Кейде сіздердің көңілдеріңізді көтеру үшін осылай сөйлеймін».

Жұманғариннің жұмысы – журналистердің көңілін көтеру емес. Мұны бір деп қойыңыз, екіншіден, шегірткенің жеті атасын сұраған кім бар? Шегірткенің арғы түбі динозаврлармен құрдас екенін Серік Мақашұлы қайдан біледі? Әрине, 230 миллион жыл бұрын өмір сүрді делінетін диноврлар дәуірінде Қазақстанның қазіргі министрі де тіршілік кешкен екен, шегірткелер мен динозаврларды көріпті десеңіз, ешкім де сенбейді. Олай болуы мүмкін де емес. Сонда Серік Мақашұлы өтірік айта ма? Жоқ, біз Жұманғаринды ондай жамандыққа қимаймыз.
Біздіңше, өткен дәуір мен келер кезеңнің қалаған жеріне барып, «көзбен көріп, көңілмен шолып» шығатын ерекше адамдар болады. Ондай жан Қазақстанда да бар, заты – журналист, аты – Жанат Бақыт. «Алланы босату керек», «Жаңа дәуір келді» деп жар салып жүрген Жанат Бақыт жаны қалаған дәуірдің бәрін «аралап» кеп жүр. Ендеше қарапайым журналист көрген дүниенің қабат-қабат дидарын аты дардай министр неге көре алмауы керек? Қарындасы құсап, трансқа түскен сайын дәуірден дәуір қоймай сапарлап жүрмесе де, жетінші түйсігі арқылы бар ғаламды «бағып» отыруы мүмкін ғой. Рас ау, деп келіссеңіз, онда біз «динозаврмен замандастың» сырын аяқтап, «мамонтша сақтану» мәселесіне көшеміз.
Мамонтша сақтану мен 10 пәтердің дауы
Серік Жұманғариннің жоғарыдағы сөзі есіңізде шығар, шегірткенің құрдасы есебінде динозаврмен бірге мамонтты да атаған. Алайда ғылыми деректер мамонттардың пайда болу кезеңін 5 миллион жылдың бедерімен белгілейді. Анық дерек, адамдар найзамен аң аулап үйренген соң, мамонттардың да басына күн туған. Соңғы 4 мың жылдықта мамонттардың тұқымы тұздай құрыған.
Тұмсығында найзадай қос мүйізі бар алып жануарлар неге жойылып кетті? Мұның жауабы қарапайым: сұлбасы пілдей, салмағы зілдей болғанымен, байғұс мамонттар түлкідей айлакер, құландай жүйрік болмаған. Сондай кемшіліктері бола тұра, қауіпті сезетін түйсік те бұйырмапты оларға. Қысқасы, мамонттардан тұқымдыққа жарайтын тұяқ қалмады.
Ал Серік Мақашұлының өз «тұқымына» деген сақтығы ерекше. Әлемдегі соңғы мамонттың тұяқ серіпкен сәті көз алдында тұра ма, әйтеуір, министр Мақашұлы бала-шағасы туралы деректі құпия сақтайды. Тіпті журналистер сұраса да, қарсы сауал қойып, сынық сүйем ақпарат бермейді. Бірде әріптестеріміз «Балаларыңыз қайда оқиды, отбасыңыз қай жерде емделеді? Шетелде ме, Қазақстанда ма?» деген сұрақ қояды ғой. Былай қарасаңыз, онда тұрған не бар? Екі шендінің біріне қойылып жүрген сұрақ. Ал Жұманғарин бүй дейді: «Бұл жауап сізге не үшін керек? Сіз түсінесіз бе, мен сізге бұл сұраққа былай жауап беремін: сіз жеке сұрақтар қоясыз, ал жеке сұрақтар – бұл менің отбасымның қауіпсіздігі».

Серік Жұманғарин отбасының қауіпсіздігін он жерден қатаң бақылап, жүз жерден жасырып жапса да, жұртшылық бәрібір әйелінің атын біліп алды. Әйелдің аты жайшылықта шыға ма, «Жұманғариннің Ақтөбедегі 10 пәтері» туралы дерек ютуб арналардың бірінде тараған. Сосын бүкіл БАҚ оны көшіріп басты. Сол бейнематериалда «Серік Мақашұлы 2016 жылы комитет басшысы болып жүргенде, параны мүлік күйінде алды. Кейінірек әйелі Сәния Садықова пәтерлерді Арслан Сапашев деген адамның атына аударған. Ал әр пәтердің бағасы 5,7-8 млн теңгенің аралығында» деген мәлімет берілген.
Бұл – көп министрдің бірі емес, Үкімет басшысының орынбасары деген дардай аты бар адамның абырой-беделіне әжептәуір нұқсан. Оның үстіне, қарапайым жұртшылық та «Е, бәсе», «Ммм, бәсе» деп іштерінен неше түрлі ой түйіп, пыш-пыш әңгіме соқты. Бірақ Серік Мақашұлы мәселенің мәнін жақсылап түсіндіріп берді. Айтуынша, баяғыда бизнеспен шұғылданып жүрген кезінде оған тиесілі компаниялардың бірі көп қабатты тұрғын үй салса керек. Алайда құрылыс ұзаққа созылып кетіп, кейін алушы табылмай қалған. Енді алушы табылмаса, адал еңбегімен тұрғызылған дүниені тастап кете салмайды ғой, сондықтан Жұманғариннің отбасы 10 пәтерді өздерінде қалдырған.
Ендеше ютуб арнаның айтып жүргені не? «Олардікі – жала, бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ, отбасымның адвокаттары сотқа шағым түсіреді», – деді министр. Алайда Жұманғариннің жала жапқыш арнамен соттасып жүргені туралы ақпарат еш жерден кездеспейді. Астананың «бәле іздегіш» журналистері осының мән-жайын бір сұрап қойса да, болар еді. Бірақ сұрайтын адам, әңгіменің ақырын білгісі келетін пенде көрінбейді. Соған қарағанда, Арқадағы әріптестеріміз «Жұманғариннің тағы да жынын келтіріп аламыз ба» деп сақтық жасайтын сияқты.
Жын келтіру және бітпейтін «жабысқақ»
Білесіз, соңғы жылдары «жын шығару» дейтін бір емдеу түрі сәнге айналды. Имам-молдалар науқасты қылқындырып тұрып, Құран аяттарын оқиды да, «көзге көрінбейтін бәлелерді» адам ағзасынан қуып шығады. Баяғыда үлкендер мұндай тылсым әрекетті қара суды теріс ағызатын білікті молдалар ғана атқарады десетін. Құдайға шүкір, қазір баршылық. Интернетке «жын шығару» деп терсеңіз болды, талай қызық дүниені көз алдыңызға көлденең тартады.
Алайда «жын келтіру» дейтін нәрсе ешқашан болмаған. Оның жалғыз авторы да, меншікті иесі де – Серік Жұманғарин. Дегенмен оқиға ілгеріде болған. Шағын бизнес туралы өтіп жатқан әңгімеде журналистің бірі тариф туралы сұрақты сақ еткізген ғой. Түрі бұзылып кеткен сол кездегі вице-министр екі ауыз сөз айтып, артынан «Жынымды келтірмеңізші, блин!» деген еді. Қапелімде артық кеткенін кейін түсінді ме, әлде жоғарыдағы біреу төбесінен түртті ме, көп ұзамай Серік Мақашұлы журналистерден кешірім сұраған. Міне, содан бері бес жылдан аса уақыт өтсе де, Жұманғариннің әйгілі сөзі артынан жабысып, қалар емес.
Қызығы, бұл кісі бір «жабыспақтан» құтылмай жатып, келесі «жабысқаққа» өзі ұрынады. Мәселен күні кеше ғана Сенат кулуарында әріптесеріміз Үкімет басшысының орынбасарынан алдағы уақытта көтерілуі мүмкін ҚҚС ставкасы туралы сұраған. Ал «Ұлысмедиа» тілшісі «Қосымша құн салығын 20 пайызға көтеру туралы ұсыныстың авторы кім?» деген әдемі сауал қойды. Ал жауап қалай болды деп ойлайсыз? – Оны не істейсіз? – деді Серік Жұманғарин. «Не істейтінімде шаруаңыз қанша? Жынымды келтірмеңізші!», – десе, нағыз тарихта қалатын диалог болар еді. Бірақ әріптесіміз әдеп сақтап, ондай қадамға барған жоқ. Есесіне, журналист пен министрдің екеуара жауаптасуын естіген ел «Оны не істейсіз?» деген сұрақты әзіл-қалжыңның атрибутына айналдырып жіберді. Әр қалжың сайын Серік Мақашұлының аты қоса айтылады. Артынан ырқы-тырқы күлкі. Қысқасы, министрдің жауабы жұрттың жадына Жұманғариннің тағы бір «жабыспағы» есебінде сіңіп барады.
«Марстан жеткен» ұсыныс һәм министрдің айласы
Тағы бір қызығы, жоғарыда айтқанымыздай, «Бұл кісінің әлдебір тылсыммен байланысы бар ма?» деген күдік-күмәнді реті келгенде өзі «күшейтіп» отырады. Әйтпесе, Астанадағы Серік Мақашұлы мен мұхиттың ар жағында Марсты зерттеп жүрген Илон Маскты не байланыстыруы мүмкін? Сіз бен біз осылай ойлаймыз. Ал шындығында әжептәуір «байланыс» бар болып шықты. «Маған президент Трамп әкімшілігінде Илон Маск мырза жүргізіп жатқан жұмыс сияқты идея ұсынылғанын жасырмаймын. Ол жақта мемлекеттік басқару тиімділігі департаменті бар. [Қазақстан азаматы] өз қызметін ұсынды, идеялары барын айтты. Мен оны шақырдым, «кел, бірге жұмыс істейік, жұмыс тобын құрайық» деп айттым», – деді Жұманғарин жуырда ғана сенаттың кулуарында.
Илон Масктың идеясына ұқсас ұсыныс жасаған кім? Министр бұл жағын айтпады. Соған қарағанда, өздерің тауып алыңдар деген сияқты. Шындап іздесек, тауып алу аса қиын шаруа емес. Бірақ соның қажеті бар ма? Жұманғарин айтқан жұмыс тобы құрылатын болса, қазақтың Илон Маскінің «маскасы» өзі-ақ шешіледі. Мәселе неде? Мәселе – идеяның ұқсастығында. Трамп тізгінді заң жүзінде қолына алған соң, Илон Маск мемлекеттік басқару тиімділігі департаментін құрып, өзі соған бас болған. Бірақ оның бұл жолғы идеясы Марсқа зымыран ұшырғаннан әлдеқайда қарапайым, тіпті қарабайыр болып шықты. АҚШ-тағы жаңа департаменттің қазіргі мақсаты – артық нормативтік актілерді алып тастау және шенеунік санын азайту.

Енді осындай майда-шүйде дүниені жасау үшін ұсынысты аспандатып, Илон Масктың идеясымен ұштастыруға бола ма? Қайталап айтамыз, бұл – Сіз бен біздің ойымыз, ақылымыздың жеткен жері. Ал Серік Мақашұлы тереңнен толғап отыр. Ертең жұмыс тобы құрылып, Қазақстан АҚШ секілді «жұмыс істей» бастаса, талай шенді орнынан ұшуы керек. Ұшқанда, оларды жардан итеріп жіберейін деп тұрған ешкім жоқ. Бірақ тәп-тәуір қысқарту жүреді. Бір-бірімен ілігіп-шатысып жататын жоғары билікте екінің бірін қызметінен қуа алмайсыз. Міне, Илон Масктың идеясы не үшін керек екенін енді түсіндіңіз бе? Яғни, ертең жұмысынан қысқарып қалғандар Жұманғариннің басын қатырмай, өкпе-назын Марсты зерттегіш жігітке барып айтуы керек. Әрине, аяғы жетсе... Ал идея жүзеге аспай қалса ше? Онда да Жұманғарин ештеңе жоғалтпайды, жауапкершілік жүгі – «қайдағы жоқты» шығарған Илон Маскте қала береді.
Түйін: Серік Мақашұлының тегін адам емес екенін Ақорда да жақсы білетін тәрізді. Өйткені әлемнің басым бөлігі террористік ұйым деп таныған тәліптермен байланыс орнатуда дәл осы Мақашұлының мәмілегерлік қуаты жиі пайдаланылды. Ауғанстан билігін күшпен басып алған тәліптер Астанаға келсе, «Ассалаумағалейкум!» деп алдынан Жұманғарин шығады. Ауғанстанға делегация баруы керек болса, жұлынып шығатын адам – тағы сол Жұманғарин.

Қысқасы, Үкімет басшысының орынбасары – алысты жақындатып, қауіпті сейілте алатын тұлға. Ал алыс-жақын дегенді тек Жер шарымен шектеуге болмайтынын білетін шығарсыз... Білуіңіз керек... Ал білмесеңіз ше? Онда амал жоқ, мақаланы басынан бастап қайта оқуыңызға тура келеді.
Сансызбай НҰРБАБА.