14 Қазан 23:45
...

«Жәбірленуші тарап істі тоқтату үшін 20 млн теңге сұрады» – Хасан Қасымбаев соттағы жауабында не айтты?

Хасанның соты
Фото: NEGE

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды NEGE тілшісі сот залынан.

2025 жылдың 20 тамызында басталған сот процесінде айыпталушылардан жауап алынды. Кешегі сот отырысында Хасан Қасымбаевтан басқа 5 айыпталушы Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров жауап берген болатын.

Олар өз жауаптарында Хасан Қасымбаевты мүлдем танымайтынын, онымен тек аталмыш оқиғадан кейін ғана танысқанын атап өтті. 5 сотталушы да Қасымбаевпен байланыстыратын мән-жайлардың болмағанын алға тартты. Сонымен қатар олар «Адам ұрлау» бабымен келіспейді. Айтуларынша, Арман Әлімовтің қолында телефоны болған.

Айдынғали Табылдиев
Адвокат Айдынғали Табылдиев, Фото: NEGE

«Менің қорғауымдағы азаматтарға осы іс бойынша үкім 2024 жылы шыққан. Негізі, бұл оқиға бойынша 4 рет сот болды. Соңғы сот үкімінің бұзылуына Талғардағы Шерзат Полаттың өлімінен кейін қоғамдық толқу себеп болды. Сол кезде Хасан Қасымбаевтың қатысы бар деген сөз болғаннан кейін аталмыш үкім бұзылған.

Менің қорғауымдағы азаматтарға осы іс бойынша үкім шығар кезде Х.Қасымбаевтың да аты аталған еді. Ол кезде ол куәгер ретінде сотқа да келіп, тергеп-тексеру кезінде айғақ та берген. Шерзаттың өлімінен кейін менің қорғауымдағы азаматтар жазасын өтеп жатқан мекемеге құқық қорғау қызметкерлері, ұйымдасқан қылмыспен күрес полициясының қызметкерлері келген. Оларға қысым көрсетіп, «Хасан Қасымбаевқа қарсы айғақ берсеңдер, біз сендердің жазаларыңды жеңілдетеміз немесе ерте бостандыққа шығуларыңа көмектесеміз» деп айтқан. Сонымен қатар, бір сотталушыны Қарағандыдағы қатаң режимдегі мекемеге ауыстырған. Оған қатысты біз арызданғанбыз. Алайда біздің арызымыз қараусыз қалып, қазір сол азаптау фактісі бойынша іс қозғалды.

Менің қорғауымдағы айыпталушыларға жәбірленуші Әлімовке дене жарақатын келтірген және адам ұрлау бабы бойынша айып тағылып отыр. Ешқандай бап өзгерген жоқ, сол баптар қалды. Олар 2021 жылдан бастап қамауда отыр. Қазір бірінші үкім бойынша жазасының жартысын өтеп қойды», – деді 5 айыпталушың адвокаты Айдынғали Табылдиев.

Хасан Қасымбаев Тәжиевке қатысты эпизод бойынша жауап беру кезінде оны танымайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар Тәжиевтен дәріхананың жұмысын жүргізу үшін ақша бопсалады деген айыпты да жоққа шығарды. 

Шерзат Полаттың өлімінен кейін бір аптадан кейін Хасан Қасымбаев полиция бөлімшесіне шақырылған. Бұл туралы Х.Қасымбаев сотта берген жауабында айтты. Одан тергеушілер: «Шерзат Полаттың өліміне күдікті деп танылған сотталушыларды танисың ба? Бұл іске қатысың бар ма?» – деп сұраған.

Хасан Қасымбаев
Фото: NEGE

Адвокат М.Ержанов: Сізге Қаржаубай Нұрымов пен Арман Әлімов екеуінің арасында достық қарым-қатынас бары немесе жақын араласқаны туралы мән-жайлар белгілі ме?

Х.Қасымбаев: Ол жағы белгісіз. 

Адвокат М.Ержанов: Сізге Арман Әлімовтың марқұм Шерзат Полаттың бапкері болғаны белгілі ме?

Х.Қасымбаев: Ол жайында тек естуім бар.

Адвокат М.Ержанов: Қылмыстық топ деп резонанс жасап жүрген А.Әлімов жайында не айта аласыз? Арман Әлімов есірткі заттарын тасымалдаумен айналысқанынан хабардар болдыңыз ба?

Х.Қасымбаев: 2021 жылы осы оқиға болғанда әлеуметтік желіде видеосы тарады. Талғар кішкентай қала болғандықтан, оны не себепті ұрған екен деген сұрақ туындаған. Есірткі сатады екен, сол себепті оны ұрып кетіпті деп айтылып жатты. Менің сол кезде: «Жастарды улап жатыр ғой, дұрыс болған екен», деп айтқаным бар. Сол сөзімді естіп қалғандар бар шығар. Хасан Қасымбаевтың айтуынша, тергеу изоляторында отырған кезде телефон және дауыс тыңдайтын құрылғыларды тауып алған. Одан қандай да бір ақпарат алуға тырысқан.

Хасан Қасымбаев
Адвокат Г.Бабажанова, фото: NEGE

«Хасан Қасымбаев бүгін сотта екі эпизод бойынша жауап берді. Әлімовтің оқиғасы 2021 жылы болған. 2022 жылы және 2024 жылы екі рет сотқа шақырған. Сол кезде одан куә ретінде жауап алынған. Басқа ешқандай сұрақ туындамаған. 2025 жылы қаңтар айында Тәжиев бойынша іс қозғалды. Қасымбаев сол кезде Тәжиевті танымаймын да дейді. 2016 жылы болған оқиға бойынша Тәжиевті жарты сағатқа ғана көрген. Ол дәмханаға келді, сол жақта Садыржанов пен Мұқашев деген азаматтармен сөйлесіп отырды дейді. Олардың арасында қандай әңгіме болғанын білмейді. Өйткені өзіне қатысты емес болғандықтан, мән беріп тыңдамаған», – деді адвокат Г.Бабажанова. 

Хасан Қасымбаев сотта берген жауабында А.Әлімовтың тарапынан істі жабуға 20 млн теңге сұраған жағдай болғанын айтты.

«Әлімовтің өзі хабарласпаған, келмеген. Алайда оның туыстары ма, таныстары ма келіп: «20 млн теңге берсең, осы іс ары қарай қозғалмайды», – деп ұсыныс жасаған. Оған Х.Қасымбаев келіспеген, өйткені оның бұл іске еш қатысы жоқ. Әлімов осы қылмыстық істі Х.Қасымбаев ұйымдастырды деп айтып жатыр. Қасымбаев бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Өйткені сол жылдары тергеуші оның телефоны арқылы қай жақта болғанын анықтаған болатын. Басқа 5 сотталушы да Х.Қасымбаевты танымаймыз деді. Кейбірі Талғардың тұрғындары да емес. Олар Үржар ауданының тумалары. Бұл оиға 2021 жылы болды ғой. Одан кейін қаншама уақыт өтті. Бұған дейінгі соттағы жауаптарында да танымаймыз деп айтылған», – деді адвокат Бабажанова. 

Сотта Қаржаубай Нұрымов пен Арман Әлімовтың заңды өкілі Күнайым Әлиеваның бір жерде БАҚ өкілдеріне сұхбат бергені айтылды. Күнайым Әлімова бұл жағдайға қатысты пікірін айтып, судьяның назар аударуын сұрады. Сонымен қатар істі тоқтату үшін А.Әлімовтың таныстары Қ.Хасымбаевтан 20 млн теңге сұрады деген мәлімдемені жоққа шығарды.

«Қасымбаевтың айтуынша, біз одан 20 млн теңге сұраппыз. Оны дәлелдей ала ма? Сонымен қатар Қаржаубайға қатысты назарыңызды аударғым келеді. Мен сол кезде Қаржаубайға көңіл айтуға бардым. Менің сұхбатым соның үйінде жазылды. Өйткені ол жерде журналистер болды. Журналистерді көріп, менің де отбасымның осы топтан зардап шеккенін айттым. Мен сол жердің тұрғыны ретінде көңіл айтуға бардым», – деді К.Әлімова.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген. Сонымен қатар 2016 жылы Аюпжан Тәжиевке қатысты оқиға бойынша айып тағылып жатыр. 

Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталған. Олар: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.