3 Ақпан 11:15
...

Министрлер портреті. Алмасадам Сәтқалиев. «Атом адам»

Министр
Фото: Коллаж NEGE

Атом – химиялық элементтердің ең кішкентай бөлшегі. Бірақ иондық байланыстар арқылы қуатты қаруға айнала алады. Ал Алмасадам Сәтқалиевтің «иондық байланысы» Назарбаевқа тіреледі деген бейресми ақпар бар. 

Мәнсап жолы

Алмасадам Сәтқалиевтің қызметтік карьерасында мін жоқ. 1970 жылы Алматы қаласында дүниеге келген ол Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебін, Стэнфорд университетінің Жоғары бизнес мектебін бітірген. Қызмет жолын жеке секторда бастаған. Бірақ 27 жасында «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясына тұяқ іліктірген. Алдымен менеджер, департамент бастығы, басқарушы директоры, тіпті вице-президенті болған. Бұл – Сәтқалиевтің 30-дан жаңа асқан кезі. Сосын 40-қа жетпей «KEGOC» компаниясына келді. Осы компанияның тұңғыш вице-президенті, президенті, тіпті басқарма төрағасы болды.

Міне, осы кезеңнен кейін Сәтқалиев мемлекеттік активтерді басқаратын инвестициялық холдинг саналатын «Самұрық-Қазынаға» берік орнықты. Берік орнықты дейтініміз, 2011 жылдан бастап министр орынтағына отырғанша дәл осы жерде еңбек етіп, түрлі лауазымдарды атқарды. Оның бәрін тізбелей беру шарт емес, бірақ Назарбаевтың ет жақыны Ахметжан Есімовтен кейін «Самұрық-Қазынаға» бас болғанын ескеріңіз.

Назарбаев
А.Сәтқалиев. Фото: ғаламтордан

Қазақстанның экс-президенті басқа адам табылмай қалғандай, қаржы жиналған жердің бәріне осы Есімовті апарып отырғызатын. Ақорда экономикалық көрменің желігімен еліріп жүргенде талай-талай оқиғалар өтті. «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК-ның сол кездегі төрағасы Талғат Ермегияев ұсталып, сотталды да, орнына Ахметжан Есімов барды. Апарған – Назарбаев. ЭКСПО біткен соң Есімовті «Самұрық-Қазынаның» есігінен аттатып, төріне оздырды. Бақандай төрт жыл «қазынаның» құлағын ұстаған Есімов 2021 жылы орынын босатып, «көкесіне» көмекші болып кетті.

Орнына келген Алмасадам Сәтқалиев екі жылдан кейін Энергетика министрі болды. Алайда 2024 жылғы су тасқыны қарашаның қанын қарайтып, билікті әбігерге салғаны белгілі. Ақырында қарғын су Әлихан Смайылов басқарған Үкіметтің астынан «су шығарды». Смайылов кетіп, Бектенов келген аласапыранда кейбір министрлер атынан ауып қалды. Орынын сақтап қалған санаулы шендінің ішінде осы Сәтқалиев те бар.

Жорға тіл және уәде

Алмасадам Сәтқалиев үшін сәтсіздеу болған бір оқиға есімізде. 2023 жылдың сәуір айында Жаңаөзендегі жалын атқан еңбек дауының ұшқыны тура Энергетика министрлігінің алдына түсті. Дәлірек айтқанда, жүзге жуық мұнайшы әділет іздеп, министрліктің есігін қақты. Наразылар «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнында жұмыс істеген екен, «ҚазМұнайГаз» ұйымдастырған тендерде «БерӘлі Маңғыстау Company» жеңілгеннен кейін жұмыстан қысқарып қалған. «ҚазМұнайГаз» оларға өзге компаниялардан жұмыс ұсынған көрінеді. Бірақ мұнайшылар бұл ұсынысқа келіспеген. Себебі «тоғыз айдан соң тағы тендер өтсе, бұл жұмыстан да айрылып қалуымыз мүмкін» деп қауіптенген.

Қысқасы, ашулы жұмысшылар Энергетика министрлігінің алдынан кетпей, босағасында түнеді. Шын мәнінде, жүзге жуық жұмысшы астына тоқымын төсеп, қалың киімдерін жамылып, министрлік ғимаратының алдына қонып шықты. Әрі «Жұмыссыздық мәселесі шешілмесе, ешқайда кетпейміз» деген талап қойды. Осынша адамның министрлік алдынан «қоныс тебуі» бұрын соңды болмаған жағдай. Сондықтан досы да, дұшпаны да «Алмасадам енді қайтер екен?» деп министрдің әрекетін аңдыды. Ал Сәтқалиев не істеді? Ештеңе де істеген жоқ. Көп ұзамай, наразыларды арнайы жасақ тиеп әкетті. Ал министр былай деді: «Бұл наразылық арнайы ұйымдастырылған. Өйткені жұмысшылар көрпе-төсек пен шатыр алып келген. Олардың негізгі мақсаты – өздеріне назар аударту. Әйтпесе оларға жұмыс ұсынылған».

Министр
Фото: ғаламтордан

Басқаны қайдам, Энергетика министрінің бұл сөзіне әріптестері қызыққаны даусыз. Себебі жорға тілді Сәтқалиев наразылардың әрекетін жоғары билікке ыңғайлы бағытта тәпсірлеп берді. Сөйтіп, наразы жұмысшылардың бас көтеруіне үңілген көптің назарын басқа жаққа аударып жіберді. Дегенмен жоғарыға жаққан Сәтқалиевтің бұқараға сүйкімсіздеу көрінетін бір кемшілігі бар. Өйткені министрдің тәпсір тілі де, түйсіну қабілеті де – орысша. Wikipedia «қазақ тілін меңгерген» десе де, Сәтқалиевтің қазақшасы 2-3 сөзден аспайды. Ең қызығы, министр болып келгенде бұл кісі жарты жылда қазақша сайрауға уәде берген. «Уәде – Құдай сөзі» деген тәмсілдің мәнін түсінбесе де, аузынан шыққан уәденің берілген антпен пара-пар екенін министр ұғуы тиіс еді. Өкінішке қарай, Сәтқалиевтің санасындағы серт пен антқа қатысты жауапкершіліктің салмағы атомның «түйіршіктеріндей» тым майда, тым жеңіл сияқты көрінеді.

Олай дейтініміз, Энергетика министрінің алдынан осы сұрақ жиі шығады. Әріптестеріміз «Қазақ тілін қашан үйренесіз?», «Уәдеңіз қайда?» дейді кезіккен жерде. Сәтқалиев саспайды, «Сұрағыңызға рақмет, келесі сұрақ, пожалуйста» дей салады немесе «мен сізге жауап бердім, сонымен рақмет» дейді. Соған қарағанда, Сәтқалиев «қазақша сөйледі деген – осы» деп жүрген секілді. Әлде мемлекеттік тілді менсінбейді, оны үйренуді қажет деп те білмейді.

«Назарбаевтың құдасы»

Қанша жерден орыстілді болса да, Сәтқалиевтің қазақ екенін әйгілеп тұратын бір ерекшелігі бар. Энергетика министрінің баспанасы ылғи «базар» болып жатады. Өйткені Сәтқалиев демографияға үлес қосқан тұлға: 4 ұл, 1 қыздың әкесі. Әке-шеше үшін ұлдың ұяға, қыздың қияға қонғанынан артық бақыт болмаса керек. Ал егер тапқан теңі – айтулы жердің түлегі, әйгілі әулеттің перзенті болса, әке – армансыз, ана – уәйімсіз. Алмасадам Сәтқалиевті «армансыз» адам ретінде суреттеген бір мақаланы осыдан бірнеше жыл бұрын exclusive.kz порталы жариялаған. Ондағы деректерге үңілсек, «Сәтқалиев Назарбаевпен құда болып» шығады. «Сәтқалиевтің қызы Анадель Майданова мен Тауман Назарбаевтың арасында қыл өтпейтіндей жақындық бар», дейді басылым. Тауманды білуіңіз керек, Нұрсұлтанға Әсел Құрманбаева тауып берген қос ұлдың үлкені. Анадель – Алмасадамның маңдайына күн тигізбей өсірген жалғыз қызы.

«Екеуі құрдас әрі бала күндерінен дос. Кейбір әңгімелерге қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев үйіне келгенде Тауманды ғана емес, Анадельді де қолына алып, көтеретін. Сондай-ақ, оның әкесін де...». Астарлы сөздің айтпағын түсіндіңіз деп ойлаймыз. Басылым екі жастың арасындағы жақындықты сөз ете отырып, Сәтқалиевтің өсу баспалдағына қатысты болжамды да сүйкете кетеді.

Ескі Қазақстан
А.Майданова мен Т.Назарбаев. Фото: ғаламтордан

Бір қызығы, бұл мақала 2021 жылы жарық көрсе де, қоғамға 2023 жылы кеңірек танылды. Өйткені бұл кезде Сәтқалиев Энергетика министрі болған еді. Екі жастың бірге түскен фотоларын пайдалана отырып монтаждалған бейнетаспа мен құдандалық құпиясы туралы ақпарат желіден желіге, сайттан сайтқа тарады. Тіпті кейбір басылымдар «Назарбаев пен Сәтқалиев қазақы дәстүрмен құдаласқан, Анадель айттырылған» деп жазды. Көп ұзамай, министрліктің баспасөз қызметі бүй деді: «Әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпаратқа жауап ретінде мынаны хабарлаймыз: Энергетика министрінің қызы сыныптасымен суретке түскен, бірақ жақын қарым-қатынаста емес. Алмасадам Сәтқалиевтің тұңғыш президентпен туыстық байланысы жоқ және болған да емес».

Құдалықтың туыстыққа жатпайтыны рас. Өйткені туыстардың қаны бір. Ал құдалықта қан қосылады, қан жаңарады. Десек те, салт-дәстүрдің кейбір жөн- жоралғысымен келгенде, құдалардың туыстан да жақын болып кететінін қыз ұзатып, келін түсіргендер жақсы білсе керек. Ал ақпарат рас па, өтірік пе? Алмасадам Сәтқалиевтің өзі бұл жайында ештеңе айтпады. Бәлкім, «Оны айтып айтып отыратын несі бар? Айтқыларың келсе, өздерің айта беріңдер, пожалуйста» деген шығар, кім біледі?!

АЭС, oh yes

Салынады, салынбайды деп ұзақ уақыт бойы талас-тартысқа түскен АЭС ақыры салынатын болды. Атом электр станциясының қажеттілігіне себепкер ретінде аталған басты аргумент – болашақта болуы мүмкін электр тапшылығы екені белгілі. Ал электрдің етек-жеңін шамалап, жетер-жетпесін мөлшерлеп отырған мекеме – Энергетика министрлігі. Алайда елді алаңдатқан АЭС мәселесін Алмасадам Сәтқалиев шешіп отыр екен деген ой тумауы керек.

Өйткені АЭС салу мәселесінің Қазақстанды айналшықтап жүргеніне 30 жылға жуықтап қалды. Алғаш рет 1997 жылы сол кездегі Ядролық қауымдастық президенті Владимир Школьник көтерген. Бірақ ұсынысты халық тұрмақ, сарапшылар да қолдамады. 2006 жылы Путин мен Назарбаев бірлескен мәлімдеме жасап, Ақтауда АЭС салынатынын айтты. Екі елдің министрліктері келісім жасады. Бірақ белгісіз себептермен бұл жоба тоқтап қалды. 2013 жылы Назарбаев «Бітпейтін талқыны қойып, АЭС мәселесін біржола шешуді тапсырамын» деді, Үкіметке. Сонымен «Қазатомөнеркәсіп» пен «Росатом» басшылары АЭС жобасы бойынша серіктес болатын меморандумға қол қойды. Алайда екі мемлекет арасындағы үкіметаралық құжат сол күйі бекімей қалды. Аталған мәселе 2015 және 2019 жылдары да оқтын-оқтын көтерілді.

Қысқасы, АЭС салу мен оны Ресейге салдырту жөніндегі түйткілдер Назарбаевтың Тоқаевқа қалдырып кеткен көп проблемасының біріндей көрінеді. Қазір Үкімет те, Ақорда да АЭС салу мәселесіне біржолата бекіді. Демек Энергетика министрінің «АЭС қажет», «АЭС-ке балама жоқ» деп келетін пікірлері – халыққа түсіндіру жұмыстарына ұқсайды. Елдегі энергетиканың құлағын ұстап отырған шенеунік болған соң Сәтқалиевтің солай сөйлеуі тиіс екенін де түсінеміз. Бірақ сәл түсініксіздеу бір нәрсе бар. Сәтқалиев осы қызметіне келмей тұрып, яғни, «Самұрық-Қазынаны» басқарып отырғанда да «АЭС салу керек» деп қойып қалған. «Самұрық-Қазынаның» АЭС құрылысына қандай қатысы бар? Міне, осыны ескерсеңіз, АЭС салынатын кезде Энергетика министрлігінің орынтағында басқа емес, Сәтқалиев отыруы қажеттігі сол заманда кесіп-пішіліп қойған мәселе емес пе екен деген де күмәнді ой келеді. Бірақ анығын Алмасадам мен Алла біледі.

Назарбаев
Фото: ғаламтордан

Енді бұған тікелей болмаса да, жанама қатысы бар бір қызықты айта кетейік. АЭС салуға қатысты өткен референдумға қалт-құлт етіп, Назарбаевтың да келгенін көрген шығарсыз. Президенттік сайлауда Тоқаевқа дауыс беріп, «Жаңа Қазақстанмен» жақсы қарым-қатынас ұстағысы келетінін көрсетті. Мұнысын әркім түсінді, ұқты. Ал енді референдумға келмей-ақ қойса да, оны ешкім іздемес еді ғой. Сүлдерін сүйретіп, неге келді? Мұның жауабын іздеуді әркімнің өзіне қалдырып, Назарбаевтың сол кездегі журналистерге айтқан пікіріне оралайық. – Сіз қазір Қазақстанда тұрып жатырсыз ба? Қайдасыз?, – деді журналистер экс-президентке. Назарбаев бұл сұрақты жауапсыз қалдырды. Есесіне «Табысты болыңдар! Бақытты болыңдар!» деді де, тайып тұрды. Дәл осы сөзі Алмасадам Сәтқалиевтің жоғарыда айтқан «екі ауыз қазақшамен қатыру» әдісіне ұқсас шықты. Әрине, жер тауысқан Назарбаев бүгінгі министрден сөз үйренбейтіні анық. Бірақ жауаптан жалттаруға келгендегі ұқсастықты көрмей қалу мүмкін емес еді.

АЭС-ті кім салады?

Әзірге осы сұрақтың ғана жауабы айтылған жоқ. Қалғанының бәрі тым жылдам, тым қарқынды өтіп жатыр. Мәселен Қазақстанда салынатын АЭС біреу емес, екеу, тіпті үшеу болуы да мүмкін. 28 қаңтар күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев: «Тағы да айтамын, елімізге ядролық энергия қажет, онсыз Қазақстанның ілгерілеп дамуы күмәнді болмақ. Энергия – бүкіл экономикамыздың қозғаушы күші, – деді. Осы жиында екінші АЭС Курчатов қаласынан салынуы мүмкін екені де айтылды. Қысқасы, әне-міне құрылысы басталатын станциялардың орыны да әзірленіп жатыр. Алайда АЭС-ті кім салатыны әлі белгісіз. Үміткерлер қатарында ресейлік «Росатом», Қытайдың CNNC, Оңтүстік Кореяның KHNP және франциялық EDF компаниялары бар.

Қысқасы, елімізде АЭС-тер салынады. Бірақ салынып біткенше, осы жобаның бастамашысы болған Назарбаевты жер бетінен таппай қалуыңыз ғажап емес. Тоқаевтың өзі ол кезде Ақордада отырмауы мүмкін. Дұрысы, отырмауы керек, өйткені 7 жылдық өкілеттігі 4 жылдан соң бітеді. Ал АЭС құрылысы қалыпты жағдайда 10-12 жылға дейін созылады. Келісім-шарттарға Бектенов бастаған үкімет, оның ішінде Энергетика министрі қол қояды, соған сәйкес жауапкершілік жүгі де сәтқалиевтердің мойнында қалады. Осының бәрін ескергені шығар, «АЭС-ті кім салса да, Ресей салмасын» деген жұрттың күдік-күмәні күннен-күнге күшейіп барады.

Уран
Фото: ғаламтордан.

Бір қызығы, Энергетика министрі 10-12 жылды күні кеше 8 жылға «қысқартты». «Бірінші АЭС блоктың құрылысы қандай да қиындықтарға бетпе-бет келмесе, шамамен 10-12 жылда салынады. Алайда, біз технологиялардың үнемі дамып жатқанын және белгілі бір ядролық технологияларды қолдану тәжірибесі бар екенін түсінеміз. Тіпті әлемдік орташа мерзімдерді ескере отырып, біз ресми мердігерлер (АЭС салушы компания – ред.) алдында осы мерзімдерді жеделдету мүмкіндігі туралы талап қоямыз. Бұл бізге алғашқы блокты 8 жылда, яғни 8 жылға дейінгі мерзімде іске қосу мүмкіндігін беруге тиіс, – деді Сәтқалиев.

P.S: Көрдіңіз, Сәтқалиев тастай қылып талап қояды да, құрылысты ертерек бітіртеді. Сөйтіп, бірінші блоктың энергиясы 8 жылда елге беріле бастайды. Қызығы сол, жоғарыда айтқанымыздай, талапты «қабылдайтын» тарап әлі белгісіз, яғни, АЭС-ті кімнің салатыны анықталмаған. Сонда министр өзімен-өзі сөйлесіп, өзіне-өзі талап қойып жүр ме? Әлде «қайсысы салса да, осы талапты орындатамын» деп жоспар құрып жүр ме? АЭС салу – үйдің шатырын жабу секілді оңай шаруа емес екені белгілі. «Қайтсең де бітіресің» дейтін талап қаупі орасан АЭС-ке жүрмейді. Осының бәрін ескерсеңіз, алшаң басқан Алмасадам Сәтқалиев салынбаған АЭС-тің алдына шығып кеткендей әсер қалдырады. Демек министрдің бұл пікірі де «Атом адам» деген сипатымызға сай келетін сияқты.

Сансызбай НҰРБАБА.