21 Қазан 17:02
...

«Қазақстан менің Отаным ғана емес, тағдырыммен біте қайнасқан мекен»

Қазақстан халқы ассамблеясы
Фото: ғаламтордан

Қазақстан мемлекеті – түрлі ұлттар мен ұлыстардың ортақ мекені. Ел аумағында бейбіт өмір сүріп жатқан этнос өкілдері  өз мәдениетін, тілін, дәстүрін еркін дамытып отыр.

 Осындай этникалық әртүрлілік жағдайында өзара түсіністік пен келісімді сақтау – мемлекеттің алға қойған маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағытта еліміз жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келе жатқаны анық.

Ұлтаралық татулық – әрбір этнос өкілінің құқықтары сақталып, олардың мәдениеті мен тіліне құрметпен қарау, бейбіт және өзара сыйластықта өмір сүру. Бұл қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықтың мызғымас кепілі. Егер ел ішінде бірлік болмаса, даму да, өркендеу де болмайды. Сол себепті ұлтаралық келісім – ел болашағы үшін аса құнды ұғым.

Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап ұлтаралық келісімді сақтауға ерекше назар аударып келеді. 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бағыттағы маңызды институттың бірі. Бұл ұйым әртүрлі этностардың мүддесін қорғап қана қоймай, олардың арасында мәдени және рухани байланыстарды нығайтуды көздейді. Ассамблеяның бастамасымен республика көлемінде этномәдени орталықтар, тіл үйрету курстары, мәдени фестивальдер ұйымдастырылып келеді.

Осы тұрғыда мемлекеттік тілдің рөлі де бұл мәселенің ажырамас бөлігіне айналған. Қазақ тілі – халықты біріктіруші басты құрал. Сонымен қатар елімізде өзге ұлттардыцң тілдері де еркін қолданылады. Бұл еліміздегі әрбір азаматтың өз ана тілін ұмытпай, сонымен қатар ортақ қоғамның бір бөлшегі болуына мүмкіндік береді.

Ұрпақ тәрбиесінде де ұлтаралық келісім идеясы өзекті. Жастарға кішкентайынан өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарау, достық пен ынтымақта өмір сүрудің маңызын ұғындыру қажет. Білім беру ұйымдарында бұл бағытта көптеген тәрбие сағаттары мен жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Дегенмен, бірлік пен бейбіт өмірді бұзуға тырысатын түрлі теріс әрекеттерге де сақ болуымыз қажет. Қоғамда алауыздық тудырғысы келетін кез келген әрекеттің жолы заңмен кесілуі керек. Себебі татулық  кез келген мемлекеттің негізгі тірегі.

1995 жылы негізі қаланған «Вашил бауырластық» ингуш мәдени орталығын басқарып келе жатқан Сұлтан Мәжитұлы Оздоевтың айтуынша, Қазақстанға қоныс тепкен 15 мың ингуш қазақ тілін тәуір біледі.

«Студент кезімде қазақ жігіттермен араласып, қазақ тілін үйреніп алдым. Өзің тұрып жатқан елдің тілінде сөйлеуге тиіссің. Қай кезде болса да, тіл игерудің қиындығы жоқ. Бәрі де ниетке байланысты. Оның үстіне ингуш ұлты мен қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі өте ұқсас», – дейді «Вашил бауырластық» ингуш мәдени орталығының директоры.

Ал Қазақстанда туып-өскен кәріс ұлтының өкілі Алексей Ким Қазақстанды тағдырымен біте қайнасқан мекенге балайды.

  – Бұл ел – менің Отаным ғана емес, тағдырыммен біте қайнасқан мекен. Осында өсіп, білім алдым, өмірлік ұстанымымды қалыптастырдым. Қазақ халқының қонақжайлығы мен кеңпейілдігі біз секілді өзге ұлттарға әрдайым қолдау болып келді. Соның арқасында қазақ тілін тек үйреніп қана қойған жоқпын, оны жүрегіммен қабылдадым.

Қазақ тілін меңгеру – мен үшін міндет емес, шынайы ықыластан туған қажеттілік болды. Себебі, бұл тіл арқылы мен өзім өмір сүріп жатқан қоғаммен жақындаса түстім. Қазақша сөйлеген сәттерде адамдардың жүзіндегі жылы қабақ пен құрметті сезіну ерекше әсер сыйлайды. Бұл тек тіл үйрену емес, бұл сенімге ие болу жолы.

Қазақ тілінің табиғаты өте бай, бейнелі. Әр сөзінің астарында терең мағына, ұлттық болмыс жатыр. Халық ауыз әдебиетіндегі теңеулер мен нақылдар ойды дәл жеткізудің тамаша үлгісі. Осы тілді меңгере отырып, мен қазақ халқының ішкі жан дүниесін, дүниетанымын түсіне бастадым.

Менің ойымша, мемлекеттік тілді білу – Қазақстан азаматының мәдени әрі азаматтық жауапкершілігі. Бұл бірлік пен татулықты нығайтудың негізі. Қазақ тілі – тек қазақтарға ғана емес, елдегі әр ұлтқа ортақ рухани құндылық болуы тиіс.

Бүгінде отбасымызда балаларым да қазақ тілінде еркін сөйлейді. Біз оларды кішкентайынан осы тілдің қадірін ұғынуға баулып келеміз. Өйткені елдің болашағы – тілді құрметтейтін, көпұлтты қоғамда үйлесімді өмір сүре алатын жаңа буынның қолында.

Қазақ тілін үйрену арқылы мен осы елдің толыққанды азаматы ретінде өз орнымды тапқандай сезінемін. Бұл тіл – менің де тілім. Ол татулықтың тіні, достықтың көпірі, ортақ болашақтың кілті, – деді кәріс ұлтының өкілі. 

Демек, ұлтаралық келісім – ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық дамудың кепілі. Әр азамат өз үлесін қосып, айналасына сыйластықпен қараса, Қазақстан көпұлтты қоғам ретінде әлемге үлгі бола бермек.