Елордадағы LRT желісі «Тарлан-Астана» деп аталуы мүмкін
Бүгін, 5 маусымда Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қалада жақында қолданысқа берілген жеңіл рельсті көлік желісі – LRT-ға ресми атау беру мәселесі қаралды.
Астана, NEGE. Қалалық тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабектің мәлімдеуінше, әкімдікке қала тұрғындарынан, қоғамдық ұйымдардан елордада жуырда ашылған жеңіл рельсті көлік желісіне ресми атау беру туралы ұсыныстар түскен.
Ол баяндамасында жеңіл рельсті көлік жүйесі қаланың басты қоғамдық көлік желілерінің біріне айналып келе жатқанын жеткізді. Сондықтан бұл жобаның атауын тек LRT деген жобалық-инженерлік, техникалық атаумен шектелмей, қала тұрғындарына жеңіл айтылатын, есте сақталатын әрі заманауи жеке атау беру қажет деген пікірлер айтылғанын атап өтті.
Оның мәлімдеуінше, 3 маусымда ономастикалық комиссияның отырысында бңрнеше нұсқа қарастырылған. Атаудың заманауи, халықаралық форматқа және ұлттық болмысқа сай келуіне әрі мобильді қосымшаларда, карталарда, навигаторларда және ресми ақпарат құралдарында қолдануға ыңғайлы болуына ерекше назар аударылған.
«Оның ішінде "Сұңқар", "Лашын", "Құлан", "Аспан", "Тарлан" және басқа да атаулар болды. Қорытындылай келе, комиссия мүшелері Астана-LRT жеңіл рельсті көлік желісіне "Тарлан-Астана" атауын беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады», – дейді Досжан Исабек.
Әкімдік өкілі бұл атау қазақ халқының тарихи, мәдени мұрасымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Ол "Ер Тарғын" жырындағы батырдың тұлпарымен, сондай-ақ кейбір деректерде Қобыланды батыр мен Исатай Тайманұлының сәйгүліктерімен байланыстырылады. Сондай-ақ қазақ дүниетанымында "тарлан" сөзі еркіндік, жылдамдық, күш-қуат, тектілік және сенімділік сияқты қасиеттерді білдіреді», – деп түсіндірді баяндамашы.
Мәслихат депутаттары қалалық жеңіл рельсті көлік желісін «Тарлан-Астана» деп атау жөніндегі ұсынысты қолдап, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолдады.