Министрлер портреті. Шаққалиев. «Часовщик»
Сауда және интеграция министрін жұрт қазір осылай атай бастады. Себебі белгілі, ел аумағының біріңғай уақыт белдеуіне өтуіне қатысты Үкімет ұстанымын Арман Шаққалиев жанын сала қорғап жүр.
Бұл өзгеріске наразылар арасында министрді «Сағат тілінің әміршісі» немесе «сағатшы» деп атайықшы дейтіндер де бар. Бірақ біз Шаққалиевтің қазақшадан гөрі орысшаға жүйрік екенін ескердік. Сондай-ақ, Еуразиялық одақ шеңберіндегі елдерге де түсінікті болсын деген ниетпен «Часовщик» күйінде қалдырғанды жөн санадық. Ал неге Еуразиялық одақ, неге дүние жүзі емес? Мұны әңгімеміздің ретіне қарай, сәлден кейін түсіндіреміз.
Балқаштан шыққан бала
Арман Шаққалиев 1977 жылы Балқашта туған. Мектепті үздік оқыған.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы Астана және Ақмола облысы бойынша «Кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру және тарату агенттігі» ашық акционерлік қоғамында заң кеңесшісі болып бастаған. 2001-2004 жылдар аралығында ҚР Кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру және тарату агенттігінде, Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттігінде, Мемлекеттік кірістер министрлігінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. 2004-2006 жылдары «Қазақстан метрология институты» РМК директоры, 2006-2007 жылдары Мемлекеттік кірістер министрлігінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. Қысқасы, Арман Шаққалиев үздіксіз дамып, үнемі көтеріліп отырған. Департамент директоры, комитет төрағасы, вице-министр...
Сонда үш университет бітірген талапты жігіт мұндай биікке өзі жетті ме, әлде «жетектейтін көкесі» бар ма? Бұл сұрақтың жауабын Руслан Шаекиннің ютуб арнасына берген сұхбатында Арман Шаққалиевтің өзі айтады: «Достарым сұрайды, Балқаштан шығып министр болуға бола ма дейді. Тіпті таң қалады. Өйткені Қазақстанда үлкен қызметке жету үшін міндетті түрде «мойны жуан көкең» немесе «жетектейтін ағашкаң» болуы керек деген түсінік қалыптасқан. Бірақ шын мәнінде олай емес, менің мысалымда басқаша. Мен Балқашта дәрігерлер отбасында өмірге келдім... Қарапайым ортадан шықтым... Бәріне өз күшіммен жеттім». Дегенмен NEGE порталы кез-келген шенеуніктің айтқан сөзі мен берген уәдесіне сын көзбен қарап, зерттеу жүргізетінін оқырман жақсы білуі тиіс.
Министрге «Нұрбанктің» қандай қатысы бар?
Арман Шаққалиев Сауда және интеграция министрлігінің тізгінін ұстағанда, Shishkin_like ютуб арнасы 7,5 минуттық бір қызық дүние жариялаған. Дмитрий Шишкин – «Большая газета», «Литер», кейінірек «Vласть» және «Ратель» басылымдарына қалам тартқан орыстілді оқырмандарға жақсы таныс журналист.
«Арман Шаққалиевтің қаржы саласындағы бас айналдырарлық карьерасын әпкесі – Гүлнара Мұсатаева жасады», – дейді Шишкин осы бейнежазбасында. Журналист Гүлнара Мұсатаевамен тоқтап қалмайды, жездесі Әнуар Мұсатаевтың, жиендері Зарема мен Айдос Мұсатаевтардың, сондай-ақ, министрдің тағы бір әпкесі Гүлмира Шаққалиеваның немен айналысатынын, қандай компанияларға иелік ететіндерін, қанша табыс тауып, қанша салық төлегендерін жіпке тізіп шығады. Алайда біз оның бәріне тоқталмай-ақ, «Гүлнара Мұсатаева кім?» деген сұраққа жауап берейік.
Гүлнара Абайқызы – 2021 жылдан бері «Нұрбанк» АҚ басқарма төрағасы. Бірақ бұл Мұсатаева атылмыш банкке осы жылы келді деген сөз емес. Ұлттық банкте, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінде жауапты қызметтер атқарған Гүлнара Мұсатаева «Нұрбанкке» 2011 жылы келді. Бұл банктың әу баста Рахат пен Дариғанікі болғаны белгілі. «Нұрбанктің» екі менеджері – Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов өлімінің құпиясы ашылғаннан кейін банктің басынан аумалы-төкпелі замандар өтті. 2010 жылы Дариға мен Нұрали Әлиев банктың 70 пайыздан астам акциясын Софья Сәрсеноваға сатты. Осылайша «Нұрбанк» Сәрсеновтер отбасының иелігіне 2011 жылы толық өтті дейді білетіндер.
Ал Сәрсеновтер деген кімдер? 2024 жылдың есебі бойынша Forbes Kazakhstan жариялаған 75 байдың ішінде Сәрсеновтер отбасы 970 миллион доллармен 9-орында тұр. Ал Гүлнара Мұсатаева – 2011-2020 аралығында «Нұрбанктың» атқарушы директоры, 2020 жылы Басқарма төрағасының орынбасары, 2021 жылдан бастап Басқарма төрағасы.
Білдей банкті басқару – оңай-оспақ шаруа емес. Оның үстіне, 1967 жылы туған Гүлнара Абайқызы жауапты қызметтерде жүргенде Арман Шаққалиев әлі бала еді. Шишкиннің шекеден шерткендей қылып айтқан жоғарыдағы сөзі осыны меңзегені болса керек.
«Еуразиялық одаққа еңбегі сіңген»
Арман Шаққалиев қайда жүрсе де, алдынан шыға беретін бір сауал бар. Қаңтар айының ортасында ғана өткен Үкімет отырысының қортындысына қатысты баспасөз конференциясында журналистер министрді тағы да «ортаға» алды. Сұрақ былай: Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік баж салығынан түсетін табыс неге мардымсыз? Қазақстан әділетті үлесін қашан алады? Мұндай сұрақтың қойылуына еліміздің тек 6,99 пайыз үлес алып келе жатқаны себеп. Ал табыстың бәрін бауырына басып алуды әдетке айналдырған Ресейдікі – 85,1 пайыз. Оның үстіне, Украинаға басып кіріп, бүкіл әлемге сүйкімі кеткен Ресей санкцияның астында қалған соң, Еуразиялық одақ елдері арасындағы тауар айналымының тізбегі өзгерді. Тауар көшінің дені Қазақстан арқылы өтеді. Ендеше еліміз қашанға дейін өзгеге жем болуы керек?
Сауал өте орынды әрі маңызды. Ал министрдің жауабы қандай болды? Арман Шаққалиевтің айтуынша, Қазақстан тарапы бұл мәселе бойынша ұсыныс енгізіп жатқанға ұқсайды. Алайда ел күткендей 15-20 пайыздық үлес емес, бір методология бойынша 8, келесі методология бойынша 8,5 пайыздық үлес. Яғни, Қазақстанның мүддесін қорғауы тиіс шаққалиевтер енді болмашы үлес үшін күреседі, бұйырса. Оның өзін ала қоюы неғайбыл. Өйткені бұл ұсынысты тізеге басып үйренген жалғыз Ресей емес, одаққа мүше өзге елдер де қолдауы керек.
Жоғарыда бұл сұрақ Шаққалиевтің алдынан шыға береді дедік. Неге? Себебі Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 2015 жылы қол қойылса, Арман Шаққалиев 2016-2018 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры болған. Демек, кімнің неге ие болатынын «реттескен» адамның бірі. Мұны аз десеңіз, «Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» медалінің иегері (2019 жыл).
Бұл төсбелгіні Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес береді. Яғни, Арман Шаққалиев одақтың Жоғары кеңесіне жаққан шенеунік. Ендеше осы жағымдылығын мемлекеттің мүддесі үшін пайдаланбағанда, енді не үшін пайдалануы керек?! Пайдаланам, соған жанымды салам десе, қазір оған жақсы бір мүмкіндік бар. 2015 жылы Еуразиялық одақ туралы шартқа қол қойылғанда, «Бұл саяси блок емес, тек экономикалық одақ» деп жақауратқан сол кездегі Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бақытжан Сағынтаев қазір Еуразиялық экономикалық комиссияның Алқа төрағасы. Қаңтардан кейін көрінбей кеткен Сағынтаев 2024 жылдан бері АЭК төрінде, бұйырса, 2028 жылға дейін басқарады. Міне, «өз күшіммен министр болдым» дейтін Шаққалиев мемлекет мүддесі үшін ағашкасының «күшін» пайдаланам десе, оның еш айыбы жоқ. Екеуінің де қолынан түк келмесе, алған медальдың құны көк тиын, өздерінің беделі де жоққа тән деген сөз.
Министрдің жұмыртқасы
Арман Шаққалиевтің азық-түліктің бағасына қатысты айтқан уәждері әрқилы шығып жатады. Оның кейбірі тіпті кісінің күлкісін келтіреді. Мәселен өткен жылдың басында нарықтағы жұмыртқа бағасы аспандап шыға келген. Сонда министр не деді? Былай деді: «Маусымдық өсім барын жасырмаймыз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша – айына 0,2% қымбатшылық. Пасха мерекесінен кейін жұмыртқа арзандай бастайды».
Министрге сеніп, мәз болып жүрген жұртшылық қарашада қайтадан қымбатшылыққа ұрынды. Базардағы шу-шұрқан жоғарыға да жетті. Бірақ Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Арман Шаққалиев «Он жұмыртқаның бағасы 535 теңге» деп бетбақтырмай қойды. «Керек десеңіздер, осы бағада жұмыртқа сататын дүкеннің мекен-жайын беремін» деді. Астаналық әріптестеріміз супармаркеттерді түгендеп, 535 теңге тұратын жұмыртқаны еш жерден таба алмаған. «Шаққалиевтің жұмыртқасы қай жерде сатылады?» деп көше кезген қараша да үйлеріне бос қайтты.
Ең қызығы, сол брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов әріптесі Арман Шаққалиевтің сөзін түсіндіру үшін жұмыртқаның категориясын «түгендеуге» мәжбүр болған. Сөйтсек, тауық жұмыртқасының өзі С0, С1, С2 деген категорияларға бөлінеді екен. Жұрттың жаппай тұтынып жүрген жұмыртқасы – С0. Ол – кәдімгі, қалыпты жұмыртқа. Ал С1 дегеніңіз, балапан тауықтың алғашқы «туыты» секілді кішкентай бірдеңе. Міне, Шаққалиевтің 535 теңге деп жүргені осы екен...
Күні кеше елімізде картоп бағасы шарықтап шыға келді. Тіпті кейбір аймақтарда келісі 450-480 теңгеге дейін жетті. Үкімет дереу картоп экспортына 6 айға дейін шектеу қойды. Шаққалиев басқаратын министрлік делдалдарды кіналады. Жыл басынан бері картоп саудасына қатысты 49 заңбұзушылық анықталғанын, осы дерек бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданатыны мәлімдеді.
Картоп пен жұмыртқа бағасының аспандауының ықтимал бір себебі мынау: 2023 жылдың желтоқсан айында Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сүйенген Үкімет 2024 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тізімінен 9 тауарды алып тастаймыз деді. Оның ішінде тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт және картоп пен тауық жұмыртқасы бар. Ал неге алып тастайды? Өйткені «отандық өндіріс ішкі нарықты 100 пайыз қамтамасыз етеді, сондықтан бұл тауарларға шекті баға енгізілмейді». Міне, осы әңгіме Арман Шаққалиев министрлік тізігінін ұстаған соң үш ай өте сала көтерілген. Бұл нені білдіреді? Әрине, министр Шаққалиевтің әлеуметтік маңызы бар тауарларды тап басып танып, ішкі нарық қажеттілігін шақтай алмайтынын білдіреді.
Сағаттың тіліне жармасып...
«Сағатшы» ныспысы Сауда және интеграция министріне қалай жабысты? Әрине, бірден айта кетейік, жаңа уақыт белдеуіне өту – Шаққалиевтің жеке-дара шешімі емес. «Арнайы құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының есебінде көрсетілген ғылыми негізделген дәлелдерге сүйендік» деген Үкімет осындай ұйғарым жасады. Алайда UTC+5 сағат белдеуі еліміздің барлық аймағындағы жұртшылыққа ұнаған жоқ. Әсіресе, «түн ауса, әтеш шақырады» деп Шығыс өңір тұрғындарының шыр-пыры шықты. Мәжілістегі Шығыстың тумалары да сан рет тулап, дау көтерді. Уақытты есептеу жүйесіне қарағанда, Қазақстан төрт белдеуде жатыр. Қабылданған UTC+5 белдеуі елдің шығысы тұрмақ, батысындағы облыстарға да сәйкес келмейді. Алайда "Уақытты кері қайтару" талабымен жариялаған петицияға 50 мың адам қол қойса да, Сауда министрлігі оны қабылдамай тастады.
Міне, осы кезде Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Сауда және Ақпарат министрліктеріне жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», – деген. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Алматыны Астанаға ауыстырған кезде де жұрттың 90 пайызы қарсы болды. Ал қазір қалай? Барлығымыз бас қаламызды сүйеміз» дей салды. Жалпы, түсіндіруге келгенде, Арман Шаққалиевке ешкім шақ келмейтіні байқалды. Өйткені ол жұрттың «жанды жерінен» ұстады. «Көптеген ата-аналар мына жақсы жайтты атап өтеді. Уақыт ауысқалы балалардың ұйқысы қанады. Біз оларға таңғы уақытты бердік, көбірек ұйықтауға және жарық болған кезде мектепке баруға мүмкіндік бердік. Жақсы жағын да байқау керек».
Шаққалиевтің «түсіндіру жұмыстары» кейде шамадан асып кететінін де көз көрді. «Арнайы білімі жоқтар әлеуметтік желілерде өздерінің күнделікті қажеті үшін дауласып, жеке гипотезалар мен болжамдар жасайды. Сонымен бірге азаматтардың экономикасы мен денсаулығына ұзақ мерзімді келеңсіз салдарлар әкелетінін түсінбейді», – дейді министр тағы бірде. Бұл не деген сөз? Жаңа уақыт белдеуіне қарсылардың бәрі ештеңе түсінбейді деген сөз. Бұл қияндағы қиналған халықты былай қойғанда, жаңағы петицияға қол қойған 50 мың адамды қорлау емегенде не?
Ең қызығы, Арман Шаққалиев «Уақыт кері қайтарылмайды», «Уақыт белдеуі өзгермейді» дегенді жиі айтып жүр. Бірақ бұған қатысты зерттеу әлі біткен жоқ. Бірыңғай уақыт белдеуінің пайда-зиянын анықтайтын ғылыми-зерттеу 2025 жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс. Сонда Арман Шаққалиев оның қортындысын алдын ала біліп отыр ма? Біліп отырғанның өзінде, кеше енген жаңалықтың ертең өзгермейтініне қандай кепілдік бар? Қазақстанда өзгермейтін, құламайтын, шірімейтін, тозбайтын не қалды өзі?!
Қысқасы, бір замандарда уақыт белдеуі қайта өзгеріп жатса, «Шаққалиевтің айтқаны – бос шатпақ боп шықты» деуімізге тура келеді. Ал егер шынымен өзгермесе ше? Онда Шаққалиев ештеңе жоғалтпайды, жұрт есінде «часовщик» ныспысымен қала береді.
Автор: Сансызбай Нұрбаба.