20 Қаңтар 16:32
...

Министрлер портреті. Жақсылықов. «Бала күтуші» мұртты ағай

Қорғаныс министрі
Фото: Коллаж NEGE

NEGE өткен жылы кейбір президенттердің, облыс және қала әкімдерінің портретін жасап шықты. Біз онда барды – бар, жоқты – жоқ деп жаздық. «Президенттерді неге жазасың?» деген ешкім болған жоқ, ал бірақ кейбір әкімдердің «ертоқымын бауырына алып» тулағаны қызық болды.

Жыл басынан министрлердің портретін жасауды қолға алдық. Бүгінгі Үкіметте де түрлі-түрлі «бастар» бар. Қорғаныс саласының басшысынан бастауымыз бекерден-бекер емес. Мұның себебін бізден кем білмейсіз деп ойлаймыз.

Сонымен, бүгінгі кейіпкеріміз – ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Фатихұлы Жақсылықов.

Қаскелеңнен шыққан генерал-педагог

Уикипедияның дерегіне қарағанда, Руслан Жақсылықов 1966 жылы Алматы облысының Қаскелең қаласында дүниеге келген. 1987 жылы И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери училищесін, 1996 жылы М.В.Фрунзе атындағы әскери академияны, 2004 жылы РФ ҚК Бас штаб Әскери академиясының Жоғары академиялық курсын бітірген. Әскери училищеден кейін мотоатқыштар және барлау взводының, ротасының командирі, Алматы қаласы әскери бөлім барлаушыларының бастығы болған.

Руслан Фатихұлы 1996-2006 жылдар аралығында Ішкі істер министрлігінде түрлі қызметтер атқарған. Ал 2006 жылдан бастап қолбасшылық қызметтен түспепті. Айталық, 2006-2007 жылдары ІІМ Ішкі әскер қолбасшысының орынбасары, 2007-2008 жылдары Ішкі әскерлер қолбасшысының бірінші орынбасары – ІІМ Ішкі әскерлер Бас штабының бастығы, 2008-2013 жылдары ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшысы, 2013-2014 жылдары ІІМ Ішкі әскерлер бас қолбасшысы, 2014-2021 жылдары Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, 2021-2022 жылдары Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы лауазымын атқарды.

Қорғаныс министрі
Р.Жақсылықов. Фото: Ұлттық ұлан архивінен

Біреулер үшін Қаңтар дүрбелеңі тар қапаспен аяқталса, бұл оқиға Руслан Жақсылықовты Қорғаныс министрі қызметіне көтерді. Дүрбелең кезінде Орталық алаңда Ұлттық ұланның өрімдей сарбаздары тұрды. Ең көп зардап шеккен де солар. Білетіндердің айтуынша, сол кездегі Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов «қай жеңгенің менікі» деп бас бағып отырғанда Ұлттық ұланның қолбасшысы Р.Жақсылықов сарбаздардың арасында өзі жүрген. Тіпті «Қазақстан» қонақ үйінде «Дикий Арманды» тұтқындау операциясына бас-көз болған, осылайша президенттің көзіне түскен-міс. Р.Жақсылықов 2022 жылы 19 қаңтарда Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Руслан Фатихұлын «Ескі Қазақстанның» белді өкілдерімен байланыстыратындар оның туған жерін меңзейтін сияқты. Жақсылықовтың Назарбаевтар кланымен байланысы бар-жоғы бізге белгісіз. Бірақ ол Қаскелеңде туғанына кінәлі болмаса керек-ті.

Айтпақшы, Руслан Фатихұлының «педагогика ғылымдарының кандидаты» деген ғылыми атағы бар екен. Генерал-педагог деуіміздің себебі осы...

Қорғаныс министрінің №1 жаулары

Р.Жақсылықов Қорғаныс министрі болып тағайындалғаннан кейін бір аптадан соң Қарулы күштер құрамының селекторлық жиынын өткізіп, әскердегі моральдық-психологиялық жағдайға және жалпы жеке құрамның әскери тәртібіне қатысты сын айтты.

Қаңтардағы қанды оқиғадан кейін әскердегі жағдай мен жеке құрамның тәртібі онсыз да белгілі еді. Қаңтардың басында ғана Президент ҰҚШҰ әскерін елге шақыртуға мәжбүр болып, әскери басшылық жерге қарап қалған тұс қой.

ҰҚШҰ
Қаңтар оқиғасынан көрініс. Фото: ғаламтордан

Осы жиында Р.Жақсылықов жақсы сөз айтқан. «Әскери бөлімге келгенде казармаға кіре сала иістен және солдат пен курсанттың көзқарасынан командирлерге баға беремін. Далада немесе қалада әскери тапсырма орындау барысында солдат командирді қорғауы керек, ал орналасқан жерде командир қарамағындағыларды қорғап, солардың жағдайын жасауы тиіс. Егер командир солдатты ұратын болса, ол бірден қорғаныс министрінің №1 жауына айналады. Адамдық қасиет бәрінен жоғары тұруы керек, – деді Р.Жақсылықов.

Қандай жақсы сөз! Айтылуында гәп жоқ. Алайда соңғы уақытта министрдің №1 жаулары көбейіп кеткен сияқты. Соңғы үш жылда ғана 270-тен астам жауынгер әскери борышын өтеп жүріп қаза тапты. Бұлар соғыста жан қиған жоқ, біразы «министрдің №1 жауларының» қорлығына шыдамай суицид жасады, басым көпшілігі солардың қолынан ажал құшты.

Айталық, үш күн бұрын ғана Жетісу облысының Сарыөзек гарнизонында 18 жастағы жауынгер оққа ұшып мерт болды. Себеп – қару ұстау кезінде жіберілген қателік.

16 қаңтарда Астанада 19 жастағы жауынгердің өліміне қатысты сот процесі басталды. Естеріңізде болса, өткен жылы қыркүйекте Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында 19 жастағы солдатқа оқ тиген. Прокуратура «қасақана адам өлтіру» бабы бойынша взвод командирінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Іс қаралып жатыр.

Барысовпен «қайым айтыс»

Бұдан оншақты жыл бұрын кәсіпкер Айбек Барысовтың Kazakhstan Paramount Engineering компаниясы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясымен және оңтүстік-африкалық Paramount Group корпорациясымен бірігіп, брондалған әскери техника шығара бастаған. Негізгі тапсырыс беруші – Қорғаныс министрлігі.

Күндердің-күнінде Қорғаныс министрлігі Барысовтың брондалған техникаларынан бас тартады да, түрік компаниясымен келісімшарт жасасады.

Барысовтың да «броны» бекер емес көрінеді, осыдан кейін ол Қорғаныс министрлігіне қарсы үлкен компанияны бастап жіберді. Сөйтті де қызды-қыздымен «Қорғаныс министрі бізге «жігіттер, сендер демалыңдар, біз техниканы түріктерден аламыз» деп айтты» деп ұрып жіберді.

Қорғаныс саласы
Фото: видеодан көшірме

Бұған Қорғаныс министрлігі бірнеше бет жауап жариялады. Министрліктің айтуынша, Барысовтың брондалған көліктері Қорғаныс министрлігіне жарамайды, сынақтан өте алған жоқ, жүзе алмайды, «түріктердің техникасынан арзан» дегені жәй сөз, Барысовтың министрге қатысты айтқаны шындыққа жанаспайды, тағысын-тағылар. Дау үдеп бара жатқандай еді, нүктесін Мемлекет басшысының өзі қойғандай болды.

Өткен жылдың соңында Қорғаныс министрі Р.Жақсылықовты Президент Қ.Тоқаев қабылдады. Ақорданың хабарлауынша, осы кездесуде Президент министрге «нақты тапсырмалар беріп», қорғанысқа қатысты отандық өнеркәсіптермен байланысты жандандыруды тапсырды.

Әрине, Мемлекет басшысы Барысовтың аты-жөнін атаған жоқ, жалпылама тапсырма берді. Бірақ осы кездесуден соң «брондалған Барысов» үнсіз қалды...

«Өкпелесең көшіп кет, ыһ-ыһ-ыһ...»

Ұлттық ұлан сапындағы бұрынғы әріптестерінің Руслан Жақсылықов туралы пікірі жалпы жаман емес сияқты.

«Руслан Фатихұлының мінезі шәлкем-шалыстау демесеңіз, біздегі саусақпен санарлықтай ғана нағыз генералдардың бірі. Ол ешқашан офицерлер мен солдаттардың артына тығылған емес, алдыңғы шепте әрдайым өзі жүреді. Қатал әрі талапшыл. Бұйрыққа бағынғысы келмегендермен әңгімесі басқа. Сарт-сұрт жұдырық жұмсап жіберуі де ғажап емес. Қызыл-сары беретті (краповый берет) бекер киіп жүрмесе керек.

Кейбір нәрсеге байланысты үстірт пікір айтып жіберуі мүмкін, бұл енді мінезіне және қазақ тілін жетік білмеуіне байланысты мәселе», – дейді аты-жөнін атамауды жөн санаған офицер.

Краповый берет
Фото: Ұлттық ұлан архивінен

Естеріңізде болса, әріптесіміз Бақытнұр Әлібайдың мемлекеттік тілге қатысты сұрағына Қорғаныс министрі Р.Жақсылықов былай деп біртүрлі жауап берген: «Неге сөйлемейміз? Сөйлейміз, қазақпыз ғой. Немене, өкпеледі ме? Журналистер өкпеледі ме? Әәә, қазақтарда бір мақал бар, «Өкпелесең көшіп кет», ыһ-ыһ-ыһ... Жарай ма?».

Министрдің қай «қазақтарды» айтқанын кім білсін, біз білетін қазақта «өкпелесең көшіп кет» деген мақал жоқ.

Бүгінгі жастардың тілімен айтқанда, Жақсылықовтың «картоп жарғаны» бұл ғана емес. Әскердегі әлімжеттілік, суицид туралы сұраққа «Өмір деген жизнь – в жизни всякое бывает» деп жауап бергені бар. Министрдің мұндай «қанатты сөздерін» тізе берсек, бір мақалаға сыймауы мүмкін.

«Түнгі клубтан шықпайтындар еркек емес»

Жастарды әскерге күштеп әкету науқаны әлі жүріп жатыр. Министрлік әскер қатарын толтырудың бұдан өзге жолын таппады.

«Егер сен өз еліңнің патриоты болсаң, неге әскерге бармайсың? Енді мынандай сұрақ: ол неге әскерге бармайды, неге оны түнгі клубтан ұстайды? Түнгі клубта көңіл көтеріп жүрсе, денсаулығы жаман емес деген сөз ғой? Ал егер ол, саусақпен шұқып көрсетпеймін, бұл жерде ондайлар жоқ.., түнгі клубтан шықпайтындар бұдан былай еркек емес», – деді министр.

Руслан Фатихұлымен келісуге де болады, келіспеуге де болады. Келісетін тұсымыз – қазіргі жастардың көпшілігі әскерден қашады. Ал келіспейтін тұсымыз – «жетелеп салған тазы түлкі алмайтыны» сияқты желкелеп апарған жастарды да отанын қорғайды дей алмаймыз.

Қорғаныс министрі
Р.Жақсылықов. Фото: ғаламтордан

Бұдан бөлек, әке-шеше баласын әскерден алып қалу үшін қалтасындағы соңғы тиынын санап беруге бар. Мұндай мысал аз емес.

Совет үкіметі кезінде «Бала күтуші мұртты ағай» («Усатый нянь») деген фильм болатын. Фильм – зордың күшімен балабақшаға жұмысқа тұрған тентек Инокентий (Кеша) Четверговтың басынан өткен шым-шытырық оқиғалары туралы. Балабақшаға амалсыз келген Кеша кейіннен балақайларды қимай қалады. Күндердің-күнінде Кешаны әскерге алып кетеді де, ол мауқын балалардан келген хатты оқумен басады...

Руслан Фатихұлы кейбір қылықтарымен сол кинодағы персонаж – «бала күтуші мұртты ағай» Кешаны еріксіз еске түсіреді...