4 Қараша 15:29
...

Мөлдір Мұқановаға айыппұл салынды

лотерея
Фото: Әлеуметтік желіден

Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы әйелі Мөлдір Мұқанова 600 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады. Мәдениет және спорт министрлігі Мұқанованы заңсыз лотерея ойнатқан құқық бұзушылардың қатарына қосқан.

Астана, NEGE. Министрлік жыл басынан бері жалпы 90-ға жуық адамды анықтаған. Олар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды.

Заңсыз лотерея ұйымдастырғандар және ойнатқандар басқа азаматтардың шағымдары мен мониторинг барысында анықталған. Олардың қатарында мессенджерлердегі танымал чаттар, ойындар өткізілген топтар, шағын кәсіпкерлер және үлкен аудиториясы бар танымал блогерлер бар.

Мәселен, 2,3 млн жазылушысы бар Мөлдір Мұқанова (Moldir.mt аккаунты) қазан айында 589 800 теңге көлемінде (150 АЕК) айыппұл төлеген. Ал блогер Дархан Жолшыбек сәуір айында 393 мың теңге айыппұл арқалаған.

лотерея
gov.kz

Миллион жазылушысы барлардың арасында merekusha.k деген аккаунт та бар. Instagram-дағы іздеу бойынша, ол 1,3 млн аудиториясы бар әзілкеш Мереке Қалбаева екені анықталды.

Мәдениет және спорт министрлігінің айтуынша, заңсыз лотерея ойнатқан 89 адам жалпы 40 млн теңгеден астам айыппұл төлеген.

Айта кетейік, Қазақстанда лотереяларды тек лицензиясы бар операторлар ғана өткізе алады. Егер қарапайым азамат интернетте осындай ойындар ұйымдастырса, бұл заңсыз болып саналады. Мұндай жағдайда оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал егер ойындар жеке кәсіпкер арқылы өткізілсе, айыппұл мөлшері 300 АЕК болады.