Министрлер портреті. Айдарбек Сапаров: «Айдағаның бес ешкі...»

Бұл – Айдарбек Сапаровтың қазіргі қызметіне қатысты ғана айтылатын теңеу. Әйтпесе ауыл шаруашылығын бір кісідей білетін шенеуніктің «ысқырығы» жер жарып тұр, «айдары» мен «байлары» жетіп артылады. Ол жағын Сапаровтар әулетінің агро-бизнесіне көңіл аударғандар жақсы білсе керек.
Есепші
Айдарбек Сейпілұлы 1966 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында өмірге келген. Орта білім алған соң Петропавлдағы бухгалтерлер мектебін бір жыл оқып, бірден еңбекке араласады, Калинин кеңшарының есепшісі болады. Осы бетімен кете берсе де, Айдарбек Сапаров біраз жерге барар еді. Бірақ әскерден келген соң шот қағып отырғысы келмеді ме, Омбы ауыл шаруашылығы институтына түсіп, зоотехник мамандығын игеріп шыққан. Артынан М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Осыдан кейін-ақ кейіпкеріміз бірден басқаруға кіріседі. Дегенмен бұл кезең колхоз-совхоздың тас-талқаны шыққан тоқсаныншы жылдардың басына тұспа-тұс келген еді. Қысқасы, Калининге таратушы-зоотехник болып келген Айдарбек Сапаров бірнеше жылдан кейін «Ноғайбай» серіктестігінің директоры болып шыға келді. «Ол аграрлық саладағы алыс-берістің әліппесін осы кезде үйренді» дейтіндер бар. Бірақ ол басқа әңгіменің желісі.

2003 жылы «Азық-түлік корпорациясының» Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі директорының орынбасары болды. Үш жылдан соң облыстық аймақтық басқармасының бастығы қызметіне жылжыды. Шал ақын және Мағжан Жұмабаев аудандарын басқарды. 2010 жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
Бір қызығы, осы кезеңдерде Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігінің арасында есепшінің шотындағы сырғымалы тастастардай, ары-бері секіріп жүрді. Мәселен облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметінде бақандай 9 жыл отырған ол «енді әкім болады-ау» дегенде, министрлікке орынбасар болып ауысты. Ел-жұрт «енді минстр болатын шығар» деп тон пішкенде, Сапаров облысқа әкім болып барды. Жора-жолдастары құтты болсын айтып үлгерді ме, үлгермеді ме, бір жылға жетпей аграрлық салаға министр болып оралды.
Бастысы, Әлихан Смайылов үкіметінің апай-топайы шыққанда, Сапаров қызметін сақтап қалды. Ал кейіпкеріміздің шоттың тасындай ары-бері сырғуына септескен кім? Ықтимал кісінің есім-сойын келесі бөлімдерді зер салып оқыған адам оңай аңғарады деп сенеміз.
Ақылды ханның кейпіне еніп...
Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметінен ауысып, Астанаға министр болып келгенде, Мемлекеттік ақпарат құралының бірі көлдей мақала жариялаған. Мазмұны «кеткен әкім 9 айда не істеп үлгерді?» дегенге саяды. Обалы не керек, әлгі басылым Айдарбек Сейпілұлын сылқылдатып тұрып мақтаған. Мысалы бұл кісі әкімнің орынтағына отыра салып, бір ай ішінде 13 ауданның түгін қалдырмай аралап, әр ауданды дамытудың жоспарын түзген көрінеді. Жоспар құрылса, қорқатын не бар? Сөйтіп, су мен жолдан жұтаған елді-мекеннің тамырына қан жүгірген деседі. Жаңа әкім ақшаның көзіне қарамай, сумен қамтудың қарбаласына 16,3 млрд теңге бөлдіріпті. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда, екі есе көп екен. Петропавл қаласында құрылысы тоқтап қалған 16 «өлі нүкте» болса, Айдарбек Сапаров соның жартысын іске қосып, қалған жартысына жан бітіріп кеткен. Петропавлдағы 35 көшені жөндету үшін бұл салаға бөлінетін қаржыны 12 есеге арттырған. Жылу электр станцияларын жөндеткен, мектептерге күрделі жөндеу жүргіздірген...

Қызығы, қыруар шаруаны қолға алған әкім іскер адамдарды сырттан алдырып, кадр сапырылыстырмаған. Екі ауданның әкімін орнынан жылжытқаны болмаса, өзге ешкімге тиіспеген. Басқаша айтқанда, біреулерге көлеңкесін түсірмей, «барымен базар» жасаған. Талай шаруаны тындырса да, тыныш келіп, тыныш кеткен. Дегенмен мұндай мақтаулар әр-әркімнің де артынан еріп жүретіні белгілі. Сондықтан шығар, «Сапаров сөйткен екен» деген әңгімені қазір жұрттың көбі ұмытып кетті. Бірақ ешкім ұмытпаған бір қызық оқиға бар.
Кедейдің жыртық шапанымен базар аралап, таразы тексеретін ақылды хан есіңізде шығар. Айдарбек Сапаров та сол ханның айласымен ақ халатты жандардың зәресін ұшырған ғой бірде. Зәресін ұшырғанда, кедейдің шапанын киіп барды дейсіз бе, алдымен әлеуметтік желіден №1 емханаға деген халықтың наразылығын біліп алады. Сосын ешкімге ескертпей, таңертең «Салаумалейкүм» деп кіріп барған ғой. Сөйтсе, бас дәрігердің өзі орнында жоқ дейді. Ал кәрі-құртаң, шал-кемпір жатта кеп шағымдарын айтып, жылап-еңіреген. Таңғы 8-де дәрігерге кіру үшін 6:30-дан кезекке тұратындарын жеткізген. Неврапотолог деген бәлекет екі сағат қана жұмыс істеп, сосын үйіне тайып тұратын көрінеді.
Қысқасы, қатты ашуланып, «нервісі» жұқарған облыс әкімі бас дәрігерге қатаң сөгіс жариялап, емхананы тәртіпке келтіру үшін 10 күн мұрсат береді. Мұның бәрін басынан бақылаған жергілікті телеарна әкімнің түксиген қабағын да, дәрігерлерге берген «сабағын» да қамтып, әдемі сюжет әзірлейді. Осыдан кейін емханада тәртіп орнады ма, орнамады ма, ол жағы белгісіз. Белгілісі, талайға дейін мемқызметкерлер «Сапаров енді қай жақтан сап ете қалар екен?» деп естері шығып жүріпті. Сөйткен, облыс әкімі 9 айдан кейін Астанадан бір-ақ шықты. Ал кейбір сарапшылар «ақылды ханның айласын» Айдарбек Сапаров осыдан кейін мүлде ұмытып кетті деседі.
«Егілгені – егілген болады...»
Жаңылтпашқа ұқсайтын мұндай жауапты Айдарбек Сапаров тасқын судан кейінгі айғай-шудың тұсында айтты. Естеріңізде болса, қырылған малына өтемақы алуға келгенде халықтың алдынан бір кедергі шыққан еді. Әріптесіміз Бақытнұр Әлібай журналистердің жанынан «желіп өте» шықпақ болған Айдарбек Сапаровтың соңынан қуып жүріп, мынадай сауал қойған:
– Қостанай облысы Амангелді ауданында ветеринарлар егілмеген малды егілді деп ақпарат беріп, соның кесірінен азаматтар өтемақы ала алмай жүр. Жалпы, мұндай фактілер жиі тіркеле ме, соны айтып жіберсеңіз?
– Мен просто асығыс... басталайын деп жатыр. Барлығын сіздерге пресслужба береді.
– Жоқ, ветеринарлардың мәселесі туралы. Сонда олар егілмеген малды егілді деп қалай порталға енгізеді?
– Қалай егілмеген? Егілгені – егілген болады, егілмегені – егілмеген болады.
Осылай деген министр теріс айналып жүріп кетеді. Ал журналистер мырс-мырс күліп, берілген жауапқа аң-таң. Ал шынтуайтында, егілген-егілмеген, терілген-терілмеген деген секілді екіұшты мәселелер аграрлық саланың шаужайына жабысқан кеселмен тең. Әу бастан оңып тұрмаған аграрлық сала Айдарбек Сапаров келген соң да, мандыған жоқ.

2024 жылы Балық шаруашылығы комитетінің басшысынан бастап, қосшысына дейін жемқорлық бабымен сотталды. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы 2,1 млн теңгепара алып, ұсталды. Оны айтасыз, дүрдей бастық – Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов шегірткеге қарсы күреске бөлінген қаржыдан 4,4 млн теңге қымқырам деп қамалды. «Шенді қомақты қаржыны ойын-сауық орталығында алған» делінген Антикордың дерегінде.
Ендеше Айдарбек Сапаровтың танауының астындағы шенеуніктер неге ойын қуып, сауық құрып жүреді? Осы сұрақ күшіне мінгенде журналистер министрді ортаға алып, «комитет төрағасының кінәсі дәлелденсе, отставкаға кетуге дайынсыз ба?» деген сауал қойған. Сапаров сасқан жоқ, «тергеу бітсін, бәрін заң шешеді» дей салды. Жауапқа әріптестеріміз қанағаттанбады. Ал бұл әңгімені экраннан көрген жұртшылық «Айдарбектен әділдік сұрап жүрген журналистерде де ес жоқ екен» деген ой түйді. Неге?
Мұның мәнісі былай, Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда, Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары Серік Құсайынов істі болады. Шенеунік аудандағы көше жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайту үшін жол салатын компания басшысынан 200 мың теңге пара алған. Жоғарыдағы «Сапаровтың кезінде жол жөндеуге қыруар ақша бөлінді» дейтін әңгіме есіңізде ме? Міне, Құсайыновтың құрықталуы сол кезеңдерге сәйкес келеді. Сонымен не болады? Орынбасарының айыбы дәлелденген соң, аудан әкімі Қайрат Омаров өз еркімен қызметінен кетуге өтініш береді. Бірақ облыс әкімі Айдарбек Сапаров оны қабылдамай қояды. Аудан басшысының отставкаға кету өтінішін қатаң сөгіске алмастырып, Омаровты орнында қалдырады.
Міне, сөйткен Айдарбек Сапаров қол астындағылардың қылмысы үшін отставкаға кетеді деп дәмеленудің не жөні бар? Жоқ, төтеннен бірдеңе келіп қалмаса, министр орнынан кетпейді. Себебі «егілгені – егілген болады» деп өзі айтпақшы, Сапаровтар әулетінің ауыл шаруашылығындағы «егілген, себілген» тіршілігі «тосын қадам» жасауға ерік бере ме?
«Бизнес по-братский»
«Бауырыңыз аграрлық салада жұмыс істейді екен, үкіметтен қаржы ала ма?». Осындай сұрақ Ауыл шаруашылығы министрінің алдынан жиі шығады. Сапаров та жауап беруден жалықпайды: «Бірнеше тексеру болған, ол заңды түрде жұмыс істеп жатыр», – дейді. Ол деп отырғаны – туған інісі Алтынбек Сапаров. Есіңізде болса, министрдің ілгеріде «Ноғайбай» серіктестігінің директоры болғанын айтқанбыз. Сол серіктестікті көп жылдан бері Алтынбек Сапаров басқарады. Ағасы айтпақшы, бәрі заңды болғаннан кейін бұған тоқталмай-ақ қоюымызға да болар еді. Алайда бір кілтипан бар. «Ноғайбай» серіктестігі айналасы 2 жылдың ішінде үкіметтен 713,5 млн тенге қаржы алған. «Алса, несі бар, жұмыс істеген соң алады да» деуіңіз мүмкін. Бастапқыда біз де солай ойлағанбыз. Сөйтсек, «Ноғайбай» серіктестігіне субсидияның құлағы ашылғаны мен Айдарбек Сапаровтың АШМ-ге бірінші орынбасар болып баруы 2019 жылға сәйкес келеді екен. Бұл жөнінде kazakh-zerno.net порталы әжептәуір зерттеу жасап, «По-братский: Айдарбек Сапаровтың бауыры жүздеген миллион теңге субсидия алады» деген тақырыппен мақала жариялаған.

Ондағы деректерден ұққанымыз, дәнді және майлы дақылдар егумен, сүтті бағыттағы ірі-қара өсірумен, сондай-ақ, тұқым шаруашылығымен айналысаты «Ноғайбай» ЖШС өркендеп-өсіп, «балалаған». Яғни «Ноғайбай» серіктестігінен «Ноғайбай» шаруа қожалығы «туылған» немесе белгілі «Ноғайбайға» тағы бір «Ноғайбай» қосылған. Екеуінің де иесі – Алтынбек Сапаров.
2019 жылы қос «Ноғайбай» үкіметтен 174,7 млн теңге субсидия алған. Ал 2020 жылы көмекқаржы еселене көбейіп, 372,8 млн теңгеге ұлғайған. Бірақ бұл егін шаруашылығы бойынша ғана алған субсидияның сомасы. Дәл осы жылы аграрлық саланы тұралатқан баяғы министр Асылжан Мамытбековтің ізімен шетелден асыл тұқымды ірі-қара тасиды ғой бұл серіктестік. Осы мақсатқа 158 млн теңге субсидия алады. Бірақ әкелген сиыры аздау көрінген бе, отандық малға да ен тағып, 8 млн теңге субсидия тағы алады. Жоғарыда айтылған 713,5 млн теңге көмекқаржы дегеніңіз, міне, осы. Бірақ бұған қарап, Сапаровтар әулетінің бәрі жалғыз Алтынбектің аузына қарап отыр екен деуге болмайды. Себебін келесі бөлімде тарқатамыз.
Солтүстік Қазақстан Сапаровтардың меншігі ме?
Бұл сауал бірақ министрге емес, Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметінен кеткеннен кейін жаңа келген әкім Ғауез Нұрмұхамбетовке қойылған. Дұрысы, әріптестеріміздің бірі былай деді: «Өндірушілердің осындай өкпесі бар. Ауыл шаруашылығы министрінің туыстары солтүстіктің жерін басып алған дейді, осы рас па?». Сұрақ – сойқан, бірақ жауап әлсіз шықты. Ғауез Нұрмұхамбетов: «Басып алу деген жоқ, ол шындыққа жанаспайды, біз құқықтық мемлекетте тұрамыз ғой», – деген секілді тым жұтаң әрі тым ресми жауап берді. Бірақ Алтынбек Сапаровтың аграрлық саладағы белді ойыншылардың бірі екенін мойындап: «Сапаровтардың әулетінде бизнес бар. Алтынбек Сапаров егін егеді. Мен оның жеріне барғамын. Тек Сапаровтар ғана емес, Зенченко, Шәймерденовтер сияқты ірі шаруалар да мемлекеттің қолдауын көріп отыр», – деген еді.
Енді Ғауез Нұрмұхамбетовтің жауабын ысыра тұрып, журналист Дмитрий Шишкиннің 1,5 жыл бұрын жасаған зерттеуіне кезек берейік. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөз рас қой, тегінде. Сапаровтар әулетінде бекер жатқан адам жоқ сияқты. Айдарбек Сапаровтың Алтынбектен бөлек, Қайырбек деген тағы бір інісі бар. «Ол – «Булаев Астық» ЖШС-нің бірден бір құрылтайшысы», – дейді Шишкин. «Булаев Астық» дәнді-дақылдарды сақтаумен айналысады. Демек Алтынбектің өсірген астығы Қайырбектің қамбасында сақталады деп топшылауға болатындай. 2015-2023 жылдар аралығында 150 млн теңге салық төлегеніне қарағанда, табысы жаман болмауы керек.
Жалпы, Айдарбек Сапаров алысты болжай білетін жігіт секілді. Өйткені ұлының аты – Нұрсұлтан. Нұрсұлтан Сапаров «НҰР-АГРО 2050» дейтін серіктестік құрылтайшыларының бірі. Қызығы, бұл ЖШС Айдарбек АШМ-ге министр болып барғаннан кейін 2 айдан соң тіркелген. 2020-2021 жылы үкіметтен 3,7 млн теңге субсидия алған. Алайда бұл «Ноғайбайдың» жүздеген миллион көмекқаржысының қасында түк емес. Есесіне Нұрсұлтан Сапаровтың қандай табыс тауып жатқанын төлеген салығынан бағамдайсыз. Тек 2019 жылы ғана бұл серіктестік үкіметке 102,8 млн теңге салық төлеген.

Айналасындағы жұрттың бәрі жанталаса жұмыс істеп жатқаннан кейін Айдарбектің әйелі де үйде тегін отыра алмаған сияқты. Ботакөз Сапарованың «Сейпил Малик» деген шаруа қожалығы бар. Аты орысша екен демесеңіз, алдыңғы сөзі қайын атасының атымен сәйкесіп тұр. Соған қарағанда, министрдің әйелін әулеттің сыйлы келіні деп болжауға болатындай. Дегенмен «Сейпил Малик» қожалығына қатысты дерек тапшы. Есесіне министрдің қызы – Сұлушаш Сапароваға қатысты мәліметтер – ең маңызды мәселеден хабар береді.
Сұлушаш Сапарова Әділхан Арыстанов деген жігітке тұрмысқа шыққан. Ал Әділхан Арыстанов деген кім. Ол – Арыстан Нығматулиннің баласы. Ал Арыстан Нығматулин – Нұрлан Нығматулиннің туған ағасы. Яғни, Нығматулиндер мен Сапаровтар – құйрық-бауыр жесіп, төс қағыстырған мың жылдық құдалар.
Ал Әділханның екі жаққа да тең қарайтын әдептілігі бизнестегі қадамдарынан байқалады. Шишкиннің дерегінше, бұл жігіт «Agro Lab» ЖШС құрылтайшыларының бірі. Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап «Қазақмыс корпорациясына» қарасты «Жетымшоқы СП» ЖШС-ны басқарады. Алдыңғысының қайынжұртына, кейінгісінің өз туыстарының бизнесіне қатысы бар. Айдарбек Сапаровтың күйеу баласы қанша табыс табады деп тереңдегіміз келмейді. Тек бір ғана дәйек айтайық. «Agro Lab» ЖШС 2019-2023 жылдары аралығында ғана 761,5 млн теңге салық төлеген. Енді аграрлық саладан түскен табысын өзіңіз есептеп алыңыз.
Түйін: Мақаланы басынан оқып шыққан оқырман тарапынан бізге қойылуы ықтимал бір сауалдың нобайын сезіп отырмыз. Әсіресе Тараздағы Жұмекең секілді аграршылар: «Білдей бір АШМ басшысының сұлбасын сызғанда, жалпыға ортақ ауыл шаруашылығы туралы неге бір ауыз сөз айтпадыңдар?» деуі бек мүмкін. Сондықтан жауабын да алдын ала беріп қойғанды жөн көрдік: біз барды айттық, жоқтың несін айтамыз?