«Депутаттар ояна бастады, бірақ билік әлі ұйқыда» – Оразгүл Асанғазы

Тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы үнемі мемлекеттік тіл мәселесіне үн қосып келеді. Ол Парламент Мәжілісі депутаты болған кезде де талай шенеунікті тығырыққа тіреген. Ал бүгінде әлеуметтік желі арқылы ұлт тәрбиесі, отбасы құндылығы жайында көпшілікке құнды мәлімет беріп жүрген қоғам қайраткері «ов», «ев» жалғауынан біржола құтылу керектігін де аузынан тастаған емес.
Бір айта кетерлігі, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазының әр қазаққа қамшылап айтқан сөзі біртіндеп жүзеге асып жатқан көрінеді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов өзінің «ов» пен «вич»-тен құтылғанын жеткізді. Ол өз пікірінде: «Мен «ов» пен «вич»-ті алғызып тастадым. Ғылыммен айналысып, шетелге мақала жіберіп жүрген жас ғалымдардың айтуынша, шетелдік сарапшылар «ов» пен «вич» деген фамилия көрсе, «Ресей азаматы, яғни орыс ұлтының өкілі» деп қарамай, лақтырып тастайды екен. Бұл – бір.
Екінші, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы айтқандай, «бұл – құлдық тіркес» деп есептеймін. Бірде айтыста: «Ринат, сені батыр екен деп жүрсем, құл екенсің ғой. «Ов» пен «вич» деген бізге кигізіп қойған құлдың қамыты. Осыны алып тастамай жүрген не деген адамсың?» деген еді. Осы сөз сүйегімнен өтіп кетті», – деген депутат «қамыттан» енді босапты.
Бұл жөнінде NEGE тілшісі тіл жанашыры Оразгүл Асанғазыға хабарласып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының қаншалықты кеңейіп жатқанын сұрады.
«Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған соң, ешкімнен қымсынбай, қорықпай-ақ қазақша жүргізуге, есімімізді қазақша жазуға толық құқықтық негіз бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1996 жылы Рахманқұл Бердібай бастаған бір топ (47 адам – ред.) қазақ зиялылары президентке «Біздің де әзірбайжан, грузин, армян сияқты өз ата тегімізді жазу дәстүрі бар еді ғой. Неге біз «ов», «евтен» әлі ажырай алмай жүрміз?» деп хат жазды. Сол жылы 2 сәуірде Назарбаев №2993 заңдық күші бар «Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» жарлыққа қол қойды. Қазақ ықылым заманнан «Пәленшенің ұлы немесе қызы» деп айтып келді, жазды. Біз адаспауымыз керек. «Қазақ ата тегін қалай жазу керектігі жөніндегі жарлыққа сәйкес, аты-жөнімізді ауыстырайық. Осы заңды күші бар жарлықты билік қолданысқа енгізіп, насихаттауы тиіс» деген зиялылардың арманын әлі орындамадық.

– Сіздің сөзіңізден кейін министрлер мен депутаттар біртіндеп тегін өзгертіп жатса қанекей? Шын мәнінде, тілге деген құрметті билік тармағындағылар бастауы керек қой...
– Әрине. Ринат Зайытовқа ақындар айтысында батырып айтқаным бар. Ол мені кеш те болса түсінген сияқты. «Тілдер туралы» заңның 20-бабында ата тек заңға сәйкес жазылады делінген. Бұл – заңдық күші бар әлгінде айтқан жарлық. Бұл жарлықты ешкім насихаттамайды. Заңды қабылдаған Парламент те, атқарушы билік те тілге тиек етпейді. «Қазақтар ата тегін былай жазу керек. Бұл туралы мынандай жарлық бар» дегенді айтқанын естіген емеспін. Біріншіден, насихаттау жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарының аузына құм құйылған. Бұл мәселе бүгін не кеше айтылып жүрген жоқ. Телеарнада 24 сағаттың 20 минутында жарлық туралы мәлімет беруге болмай ма?
Екіншіден, кез келген заңды орындау керек. Егер орындалмаса, жазалау керек. Заңды орындамағаны үшін жазаланбаған соң, талап ету де жоқ. Мұны Тіл басқармасында жұмыс істеген кезде де, депутат болғанда да даусым жеткен жерге дейін айттым. Былтыр да, биыл да жүз шақты ұжымға барып, дәріс оқыдым. Сол жүздесуден кейін тегін ауыстырып жатқандар бар. Бірақ осыған билік тарапынан көңіл бөлінсе екен деймін.
Жазушы, психолог, өзін өзі дамыту бойынша кітаптардың авторы Дейл Карнеги: «Адамның құлағына ең жағымды дауыс – ол оның есімі. Сондықтан кіммен сөйлессең де, есімін дұрыс айт» дейді. Ал біздің аты-жөніміз мазақ болып жүр.
Ақын Марина Цветаева «Адамның өзін мазақтауға болады, бірақ атын мазақтауға болмайды» деген. Бүгінде қаншама азаматымыз «ов», «ев»-тен бөлек, атын да орысша жазып алған. «Тіл-Қазына» ғалымдарының есебінше, елімізде 50 мың «Нурлан», пәленбай мың «Айнура», жалпы 85-90 пайыз қате жазылған. Осы екі нәрсені 30 жылдан астам уақыт ішінде жөндемеу – үлкен қателік. Әрбірден соң мұны кезінде қате жазған билік адамды сандалтпай ың-шыңсыз түзеп беруі тиіс. Осыған депутаттар атсалысып, қадағалау керек.
– Депутат Ринат Зайыт сияқтылар көбейеді деп сенуге бола ма?
– Бұл жөнінде облыс, аудан тұрғындарына барғанда «Тіл құбылысының мемлекеттік мәртебесі, ұлттық құбылысы» атты баяндамам бар. Соған Мәдениет және ақпарат министрлігі, Тіл басқармалары қолдау көрсетсе ғой!
«Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген жаман қарғыс бар. Сондықтан депутаттар да, министрлер де ойланғаны жөн. Өздері қабылдаған заңды өздері орындамаса, «Бұл мемлекеттің келешегі жоқ» деген аксиома бар. Заңды біз емес, Парламент қабылдайды ғой. Сондықтан алдымен солар орындап, атқарушы биліктен сұрап, талап ету керек. Өкініштісі, депутаттар ояна бастағанмен, билік оянбай жатыр.

– Ал сізді тыңдап жүрген аудитория ішінде баласын орыс сыныбынан қазақ мектебіне ауыстырғандар бар ма?
– Өте көп. Жақында Астана қаласындағы №66 мектепке барып оқушыларға дәріс оқыдым. Сонда кездесуге оқушының әжесі арнайы келіп қатысты. Сөз алып, пікірін айтты. Жоғары оқу орнында орыс тілі пәнінен сабақ береді екен. Бірде сол оқу орнындағы студенттерге дәріс оқыппын. «Қазақ қазақша білу керек. Орыс тілін білмесең, болмайды» деген заман өткен» деген әңгімемді тыңдаған ғой. Сол жылы немересі мектепке баратын болған. Оның ата-анасы да – орыстілді. Олар «орыс сыныбына береміз. Екеуміз де орыстілдіміз. Қазақша оқыта алмаймыз» десе, әжесі қазақ сыныбында оқиды» деген пікірінде тұрған. Ұлы мен келіні бір жақ, әжесі бір жақ болады.
«Сіздің сөзіңіз маған қамшы болды. Ақыры мен жеңіп, немеремді қазақ мектебіне бердім. Одан кейінгі екі немере де сөйтті. Егер сол кезде орыс сыныбына бергенде, бала қазақшадан мақұрым болар еді» деп сөйлеп, алғысын жаудырғаны есімде.
Сол сияқты бір ұжыммен жүздесуден кейін 26 ата-ана баласын қазақ сыныбына ауыстырған. Мұндай дерек көп. Бірақ оны зерттеп, зерделеп жазбадым.
– Сіз сияқты тіл жанашырлары көп емес. Кейде қолды бір сілтегіңіз келетін сәттер бола ма?
– Кейде шаршайсың. «Осы маған керек пе? Менен басқалар неге үнсіз?» деп ойланасың. Бірақ әлгіндей әже мен немеренің, 26 ата-ананың тілге деген құрметі оянған мысалын көріп, қуанасың. «Бір адамды болса да ынлатандыра берейін» деп қайта жалғастырамын. Инстаграм желісінде тікелей эфирге шығып, ел-жұртқа барынша насихаттаймын, ұжымдармен кездесу өткізіп, пікір алмасамын. «Бұл Оразгүл неғып жүр?» дейтіндер бар шығар. Бірақ содан кейін көп адамның «Сіздің сөзіңізден кейін бүйттік, сөйттік» дегенін естіп, «Осы жүрісім бекер емес екен» деп қаламын.
P.S. Латвия парламентінде депутаттар тек латыш тілінде сөйлесуге міндеттелді. Енді бұл елде Парламент ғимаратында басқа тілдерді қолдану заң бұзушылық болып саналады.