Жас қазақстандық сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға көмектесетін ЖИ жасады
Небәрі 16 жасында Үкілі Омарова Soile AI атты жобаны ойлап тапты. Бұл сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға арналған ерекше жасанды интеллект көмекшісі. Қазіргі таңда жобаға 14 жеке клиника мен бір шешендік мектебі қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар ТМД елдерінен де қолдау тапты.
Астана, NEGE. Үкілі Омарова Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі – инженер, анасы – эпидемиолог. Мектепте жүргенде шығармашылыққа жақын болып, домбыра тартып, ән айтып, актерлік қабілетін шыңдады. 7-9-сыныптарда Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқыды. Алайда кейін өз қалауымен қарапайым мектепке ауысуды жөн санады. Оның айтуынша, жетістікке жету тек элиталық оқу орнында білім алумен өлшенбейді.
– Жаңа стартап бастау үшін неге Назарбаев Зияткерлік мектебінен кету туралы шешім қабылдадыңыз? Бұл жобаны сол мектепте жүріп жүзеге асыруға болмас па еді?
– Soile AI идеясы мен НЗМ-нен кеткеннен кейін пайда болды. Мен үшін білім тек кітап пен формуладан тұрмайды. Мен әрдайым жобалар арқылы үйренуді жақсы көрдім. Мектептен шыққан соң дәрігерлер маған терең депрессия диагнозын қойды, себебі көп жыл бойы армандаған дүниемнен өз еркіммен бас тарттым. Көп адам «болашағыңды қиып тастадың» деді. Уақыт өте келе түсіндім: кейде ескі армандардан бас тарту жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бір есік жабылса, оның орнына әлдеқайда жақсы мүмкіндіктер ашылады. Сол кезең менің жаңа өмірімнің бастауы болды. Дәл сол уақытта Soile AI дүниеге келді.
– Бұл идея жеке өмірлік тәжірибеңізден туған екен. Қысқаша айтқанда, Soile AI қалай жұмыс істейді? Бұл бағдарлама ма, әлде құрылғы ма?
– Атам мен әжем инсульт алып, сөйлей алмай қалды. Біз олардың не айтқысы келгенін түсіне алмайтынбыз. Бұл жағдай бала кезімде санама қатты әсер етті. Мен адамның сөйлеу қабілетін жоғалтуы тек физикалық емес, рухани тұрғыдан да өте ауыр екенін көрдім. Біздің өнім – бұл сайт, мобильді қосымша және Telegram-бот. Қолданушы жүйеге кіріп, алдымен тілді таңдайды. Қазіргі таңда қазақ, орыс, ағылшын, өзбек және қырғыз тілдері қолжетімді. Одан кейін дыбыстық хабарлама жібереді. Жасанды интеллект бірнеше секунд ішінде оны анық әрі түсінікті түрде өңдеп, аудио және мәтін нұсқасында қайта ұсынады. Ең бастысы, біз әлемде алғаш рет дефектті сөйлеуді анықтай алатын жасанды интеллект жасадық. Бұл –жай ғана технология емес, адамдарға үміт сыйлайтын құрал.

Сонымен қатар біз логопед мамандардың жұмысын цифрландыру бағытын дамытып жатырмыз. Яғни қолданушы логопедпен видеоқоңырау арқылы сөйлескендей әсер алады, алайда шын мәнінде ол – дәрігердің цифрлық көшірмесі. Осы арқылы пациент тәулік бойы жаттығу жасап, кеңес пен қолдау ала алады.
– Өнімге 14 жеке клиника мен бір шешендік мектебі қызығушылық танытқан екен. ТМД елдерінен 58 логопед қолдап отыр. Олармен нақты жұмыс басталды ма?
– Жоба қазірдің өзінде бірқатар жеке клиникаларда қолданылып жатыр. Мен оларға өзім хабарласып, жобамды таныстырдым. Көпшілігі қызығушылық танытып, тестілеуге келісім берді. Қазірдің өзінде кей клиникаларда пилоттық сынақ жүріп жатыр. Бұл мен үшін аса маңызды тәжірибе, себебі нақты пациенттермен жұмыс істеу жобаның ең жауапты кезеңі. Сонымен қатар мен С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің технопаркінде резидент атандым. Бұл ғылыми әрі клиникалық тұрғыдан дамуыма үлкен мүмкіндік берді. Жақында Ташкент мемлекеттік медицина университетінде жобамды Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлеріне және медициналық жоғары оқу орындарының ректорларына таныстырдым. Өзбекстан тарапы жобаны жылы қабылдап, нарыққа шығуға ресми қолдау көрсетті.
– Бұған дейін де бірқатар жобаларды іске асырған екенсіз. Нақтырақ, Kazakh Discover, EcoSemey, AgroSpace қандай әлеуметтік немесе практикалық мәселелерді шешуге бағытталған? Арасында іске қосылғаны бар, қосылмағаны бар. Бәрінің бірдей іске қосылуына не кедергі деп ойлайсыз?
– Soile AI-ға дейін бірнеше жоба жасадым. Әрқайсысы мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Бірақ ол кезде мен әлі тым жас едім. Жобаның табысы тек идеяға ғана емес, адамның ниетіне, ішкі дайындығына да байланысты. Ал Soile AI – мүлде басқа деңгейдегі жоба. Бұл – менің жеке ауыр тәжірибемнен туған жоба. Сондықтан оны бар жүрегіммен жасадым. Сол себепті ол нақты сұранысқа ие, адамдарға шынайы көмек беретін өнімге айналды.

Менің жолым оңай болған жоқ. Әсіресе, қыз бала үшін, әлі жас стартапер ретінде бұл салада өз орныңды табу өте қиын. Біздің өңірде көп адам әлі күнге дейін әйел адам технология, жасанды интеллект сияқты күрделі бағытта бірдеңе жасай алады деп сенбейді. Басында көпшілік менің жасым мен тәжірибемді күлкі етті. «Сенде тәжірибе жоқ», «Біреу жасап берген шығар», «Ондай үлкен мақсат қойма» деген сөздерді естіп өстім. Қазір мен ондаған халықаралық марапаттардың иегерімін, Қазақстанды халықаралық аренада таныстырып жүрмін.
Соңғы айда 2 премия ұтып алдым. Heart of Impact марапатының Орталық Азиядағы жеңімпазымын, сонымен қатар Tech Impact Awards халықаралық премиясының Startups & Product Development саласында жеңіске жеттім.
Бүгінде мен өз тәжірибеммен бөлісіп, басқа жастарға ментор болып келемін. Себебі стартап жолы түзу емес, ол қайта-қайта құлап, қайта тұрудан тұрады. Сәтсіздік болмаса, биікке шығу да мүмкін емес. Мен әрбір жеңілісімді құнды сабақ деп қабылдаймын, өйткені олар маған кез келген жеңістен де көп тәжірибе берді.