Астанада мәслихат депутаттары белсенді оқушылармен бірге жасөспірімдерге арналған қауіпсіз кеңістіктер мен инфрақұрылымды дамыту мәселесін талқылады

Елордада халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында мектеп парламенттері белсенділерінің қалалық мәслихат депутаттарымен және Астана қаласы балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Тимкеновамен дәстүрлі кездесуі өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Астана, NEGE. Жас көшбасшылар өз мектептері, аулалары және тұратын аудандарының болашағына қатысты мәселелерге белсенді қызығушылық танытты.
Кездесу барысында буллингтің алдын алу және онымен күрес, жасөспірімдердің бос уақытын пайдалы өткізуге арналған жаңа орталықтар мен қауіпсіз кеңістіктер құру, мектеп инфрақұрылымын дамыту, оқу үдерісіне цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.
Оқушылар өз шешімдерін ұсынып, не жетіспейтінін ашық айтты. Сонымен қатар, нақты бастамалар да айтылды, депутаттардың айтуынша, олар болашақ жобалардың негізіне айналуы мүмкін.
Кездесу ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бейнеүндеуімен басталды. Ол оқушыларды алдағы мерекемен құттықтап, жастардың қазіргі қоғамдағы рөлінің маңыздылығын атап өтті.
«Жастар – Тәуелсіз Қазақстанның болашағы, біз сіздердің белсенді дамуларыңыз үшін жайлы жағдай жасаумен қатар, сіздерді тыңдауға, өзекті мәселелерді бірге талқылауға және сіздердің идеяларыңызды дамытуға жәрдемдесуге әрқашан дайынбыз», – деді министр.
Депутаттар мен тиісті мекемелердің өкілдері жастардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, сұрақтарына жауап берді және айтылған пікірлерді назарға алды.
«Бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақ өте білімді, креативті, ақылды әрі адал екенін жақсы білеміз. Олар – біздің болашағымыз. Олардың бастамаларын, идеялары мен жобаларын белсенді қолдауға тырысамыз», – деді қалалық мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.
Оқушылар мұндай кездесулердің жастар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы байланысты орнатудағы маңызын ерекше атап өтті.