Біздегі карантин: Қытай қазағының көзімен
Бүгін түнгі 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин режимі қатаңданады. Олай етпеске амал жоқ. Жұрт әлі бейқам. Жұқпалы дерттің қаупін түсініп үлгерген жоқ. Ештен кеш жақсы. Мұндай кезде қатаң шара қолданбасқа болмайды. Қытай коронавирусты қалай еңсерді? Nege.kz тілшісі мәселенің жай-жапсарын білетін куәгермен тілдесті.
Нұрлан Сейілбек – Қазақстанға 2017 жылы Қытайдан келген. Арғы беттегі ағайындарымен әлеуметтік желі арқылы байланысып тұрады. «Бұл жақтың жұрты тым бейғам екен» деген ол Қытай қазақтарының қауіпті індеттен қалай аман қалғанын айтып берді.
– Нұрлан, неліктен жұртты бейқам деп ойлайсың?
– Өзім Талғар ауданының Қызыл-Қайрат ауылында тұрамын. Әртүрлі жұмыстармен аудан орталығына жиі барамын. Сонда байқағаным – ел маскасыз, бала-шаға көшеде жүр. Бұлай болмайды ғой. Ал Қытай не істеді? Індеттің зардабын айтты, халық соған бойсұнды. Бойсұнбасаң, қандай болатынын да ескертті. Айналып келгенде, заңның күші, темірдей тәртіп! Мен бізден тәртіпті көріп тұрғаным жоқ, қарасаң, бәрі бейғам.
– Ілгеріде «Қытай қазақтары аман екен, қазақтарға жұқпайды екен» деген әңгімелер ел ішінде көп айтылды.
– Ол бекер. Уханьда қалай басталды, барлық аймақты жапты. Бәрі бір-ақ сәтте жабылды. Менің Күнестегі сабақтасым төркініне барып, 1,5 ай жатып қалған. Екі ара 30-40 шақырым ғана. «Емшекте балам бар еді» дегеніне де қарамаған. Өйткені, тәртіп ортақ.
– Ауыл мен ауыл арасындағы қатынас үзілді ме?
– Толық үзілді. Қытай тәртібінде, әр ауылдан шығатын бір ғана ауыз болады. Соның бәріне күзет қойды. Он отбасын біріктіріп, бір адамды ішіп-жемге жауапты қылды. Онбасы сол он отбасын асырады.
– Асырағанда қалай, тамақ тасып берді ме?
– Иә. Халық аштан өлмесе, болды ғой. Он отбасы сол жауапты адамға қалта телефоны арқылы тапсырыс беріп, ақшасын жөнелтіп тұрды. Оған үкімет рұқсат қағаз берді. Қысқасы, үйіңде жүресің, аулаңнан шықпайсың. Бөтен адамды кіргізбейсің. Елмен сөйлеспейсің. Көршіңе де кіре алмайсың. Есікке мөр басып, қағаз жапсырып кетеді. Қағаз жыртылса, жазаға тартыласың.
– Онбасы азық-түлікті қандай бағамен алғанын халық қалай біледі?
– Баға тұрақты болды. Керісінше, төмендеді.
– Ненің бағасы төмендеді?
– Ұнның, сұйық майдың бағасы төмендеді, ішпек-жемектің бағасы төмендеді. Өрлеткендерді қатаң жазалады. Пайдакүнемдерді заңмен тұқыртты. Сосын түнде белгіленген уақытта жарық сөнуі керек. Кімнің үйінде жарық сөнбесе, оны тексеруге онбасыға құқық берді.
– Жаңа тәртіпті бұзғандар жазаланады дедің, сондай қандай жазаға тартылады?
– Ауыр жазаға тартылады. Айтып берейін, 15 күнге қамақ. Бұл – бір. Ұшаққа, пойызға отыруына тыйым салынады – екі. Университетте оқитын балаларының нөмірі тартылып кетеді.
– Нөмірі тартылып кетеді дегенді қалай түсінеміз?
– Қазақстанда мұны балл дейді екен. Мысалы сіздің балаңыз университетте грантта оқиды, 200 баллы бар, соның 50-ін шегеріп тастайды. Қытайдың ең мықты деген университеттерінде, біздің әл-Фараби сияқты, студенттерде 500-600-ге дейін нөмір болады. Сол нөмірді шегеріп тастағаннан кейін, бала гранттан қағылады. Төртіншіден, кредит ала алмайды. Қысқасы, қоғамдық игіліктен бір сәтте шеттеледі.
– Халық осыдан қорыққаннан кейін де тәртіпке бағынды. Солай ма?
– Басында түсінбегендер ол жақта да болған секілді. Кейін жазаға тартылғандарды көрді. Содан кейін біздің WhatsApp секілді, ол жақта WeChat деген желі бар. Бір топқа 500 адам сияды. Сол торап арқылы идеялық тәрбие жүргізді. Бір адам сөйлейді, қалған 499 адам тыңдайды.
– Қытай тілінде ме?
– Қытай тілінде, аударып та береді қазақша. Қытайша, қазақша тең жүреді. Сосын масканы үкімет тегін таратқан. Бір үйде алты адам болса, алты маска берілген. Бірақ олардікі қымбат маска, жуып қайта киюге болады. Спиртті де тегін таратты деп айтып жатыр жұрт. Бірақ оның анығын білмеймін.
– Өзің індеттен қалай қорғанып жүрсің?
– Үш балам бар, үлкенім оқиды, кішісі әлі жасқа толған жоқ. Әйелім үйді жиі-жиі аршамен аластап тұрады. Үйден тек маскамен ғана шығамын. Маскасыз жүруге болмайды. Бұл ауруды тежеудің жолы – тек үйде отыру. Осыны түсінбей жүргендерге таңым бар.