Әкімдер портреті. Ахметжанов. Жаңа Қазақстанның ескі шенеунігі
Былтыр 2 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қызметінен босатты. «Саяси жауырыншылар» Ахметжановты «әдеттегідей Сенатқа баруы мүмкін» деп бал ашқан. Алайда ол Ақмола облысының әкімі болып шыға келді де, бәрін таң-тамаша қалдырды.
«Мақтаншақ генерал»
Марат Ахметжанов бір сұхбатында «мен паркетный генерал болған емеспін, төменнен бастадым» дегенді айтады. Онысы рас енді, укипедиядағы дерекке қарағанда, М.Ахметжанов 1991 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 1991-1993 жылдары Теміртау қалалық прокуратурасында тергеуші болып жұмыс істеген. Кейіннен Қарағанды облыстық прокуратурасында, Бас прокуратурада, Әділет министрлігінде, Мемлекеттік тергеу комитетінде, Антикорда, ІІМ-де басшылық қызметтер атқарды.
2022 жылғы Қаңтар бүлігі көп нәрсені өзгертті ғой, «Президентке 20 мың террорист туралы жалған ақпарат берді» делінген Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрі лауазымынан босап қалды да, оған дейін «бетегеден биік, жусаннан аласа» боп жүрген Марат Ахметжанов Ішкі істер министрі болып тағайындалды. Әрине, Антикор жұмысының маңыздылығы ІІМ-ден кем емес, бірақ ІІМ-нің ауқымы зор екеніне ешкім таласа алмайды.
Президент М.Ахметжановты министр лауазымынан босатқанда оған алғыс айтып, цифрлық технологияны енгізуге көп күш жұмсағанын ескерді. Ал жұртшылықтың есінде генерал әлдебір ерлігімен емес, «мақтаншақтығымен» қалған сияқты.
- Оқи отырыңыз: Әкімдер портреті. Сыздықбеков. «Пиарщик»
2022 жылы 22 қазанда М.Ахметжанов «полиция генерал-полковнигі» шенін алды. Ахметжановтың алақандай үш жұлдызы бар погондарын көрсетіп, көліктің ішінде түскен фотосы сол кезде әлеуметтік желіде әбден талқыланды.
@dictaturazakona Указом Президента «О присвоении высших воинских и специальных званий, классных чинов» присвоено: Министру МВД Ахметжанову Марату Муратовичу специальное звание: генерал-полковник полиции.
♬ оригинальный звук - Dictatura
Министрдің погон ұстаған маңғаз түрін көрген желі қолданушылар: «Қандай жетістігі үшін алған?», «Даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлы полковник еді, бұл генерал одан да көп соғысқан ба?», «Халық үшін не істеген? Ешкім танымайды бұл кісіні», «Мына фотоны туысқандары таратып жіберген ғой...», «Мақтаншақ» деп жазды. Әйтеуір, генерал-полковниктің осы әрекетін жұрт дұрыс қабылдаған жоқ.
Қатаң сөгісі бар әкім
Биыл көктемдегі су тасқыны ел-жұрттың да, әкім-қаралардың да есін екеу, түсін төртеу қылды. Бұл тасқын қалғып-мүлгіп жүретін әкімдер мен министрлердің бір сәтте есін жиғызды деуге әбден болады.
- Оқи отырыңыз: Әкімдер портреті. Төреғалиев. «Сумұрап»
30 наурызда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тасқыннан зардап шеккен халықтан кешірім сұрауға мәжбүр болды. Мәжбүр еткен – әкімдердің әрекетсіздігі. Әрекетсіз әкімдердің қатарында Марат Ахметжанов та бар.
Дер кезінде тасқынға қарсы іс-шара жүргізбегені үшін бірінші вице-премьер Роман Скляр мен су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке және Атырау, Алматы, Павлодар, Абай және Ақмола облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады. Басқа әкімдер де жазасыз қалған жоқ. «Атқарып отырған қызметіне сай емес» деген ескерту алғандар да әлі жүр.
Қатаң сөгіс – отставкаға апаратын тікелей жол, Президенттің көзіне тағы түсіп қалсаң, қызметіңмен қоштаса бер. Сондықтан Марат Ахметжановқа енді аяғын аңдап басуға тура келеді. Әсіресе, Ахметжанов ақмолалықтардың үйі суып кетуінен сақтанғаны жөн. Мәселен, Степногорскі қаласының жылу жүйесі қаусап тұр. Жетпіс мыңға жуық тұрғыны бар қалада апат бола қалса, ең алдымен облыс әкімі жазаланатыны анық. Ахметжановтың биыл көктемде ғана қатаң сөгіс алғанын ескерсек, енді бір ескерту оның мәнсап жолын тоқтатпаса да, басқа арнаға бұрып жіберуі ықтимал.
Ағайынды Ахметжановтар
Марат Ахметжановтың өзі де, бауырлары да қырағы журналистердің нысанасынан түскен емес. Мәселен, М.Ахметжановтың бауыры Берік Ахметжанов та прокуратура саласында қызмет етеді. Ол Қарағанды облысының Оскаров ауданының прокуроры. Қолы бос кезде «шайтан» туралы өлең жазады, спортпен айналысады.
- Оқи отырыңыз: Әкімдер портреті. Бөлекбаев. «Транзиттік әкім»
Берік Мұратұлы да ағасы сияқты көзге түсіп қала береді де, артынша ақталуға мәжбүр болады. Айталық, оның жұмыс кабинетінде отырып «шайтан» туралы өлең оқығанын жұрт дұрыс қабылдаған жоқ. «Шығармашылығым жұмысыма кедергі келтірмейді. Егер қаласаңыздар формамды киіп алып, президент туралы өлең оқиын. Онда тұрған не бар?», – деп ақталғаны, керісінше, отқа май құйғандай болды.
Біраз жыл бұрын прокурор-ақын немесе ақын-прокурор Берік Мұратұлының бұлшық еттерін бұлт-бұлт ойнатқан видеосы прокурорлардың жабық чатынан сыртқа шығып кетіп, кезекті рет ақталуға мәжбүр болғаны бар.
М.Ахметжановтың тағы бір бауыры Әнуар Ахметжанов ұлттық компаниялар үшін таптырмайтын кадр сияқты. «Болашақтың» түлегі А.Ахметжанов бірқатар мұнай компанияларында жұмыс істеп, кейін вице-министр, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болды. Ал қазір «Қазақстан темір жолы» ҰК басқарма төрағасының бірінші орынбасары екен.
- Оқи отырыңыз: Әкімдер портреті. Ұранхаев. Шырт етпе шенді
Ағайынды Ахметжановтар шынымен де «он саусағынан өнер тамған» іскер ме, әлде ағайындылардың үлкені екі бауырын сүйрелеп жүр ме? Бұл сұрақтың жауабын ішіңіз білсін.
Түйін
Биылғы қыс пен көктем талай әкімнің тағдырын шешетіні анық. Көктемге жетпей «пышаққа ілініп» кететіндері де кездеседі. Бірақ Ахметжанов анау айтқандай қатты алаңдамай-ақ қойса да болады. Әкімдіктен кетсе, Сенат бар. Сенатқа барғандардың «басы ауырып, балтыры сыздапты» дегенді естігеміз жоқ әзірге...
Сөз басында М.Ахметжановты «Жаңа Қазақстанның ескі шенеунігі» дедік қой, бұл теңеуімізге генерал-полковник мырза ренжи қоймас. Қаңтар бүлігіне дейінгі кезеңді «Ескі Қазақстан» деп есептесек, М.Ахметжанов лауазымды қызметтердің көбін сол кезеңде атқарды.
Міне, сол себепті де біз оған «Жаңа Қазақстанның ескі шенеунігі» деген ат қойып, айдар тақтық.