4 Қараша 15:45
...

Әкімдер портреті. Бөлекбаев. «Транзиттік әкім»

Қарағанды облысының әкімі
Фото: Коллаж: NEGE

Былтырғы қыс қарағандылықтар үшін аса қиын болды. Теміртау қақаған аяздан қатып, Қарағанды қалың қарға батып, қала халқы түтінге тұншықты да қалды. Облыс орталығынан шалғайдағы ауылдармен байланыс үзіліп, жұрт әуре сарсаңға түсті...

«Бумеранг сөгіс»

Бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаевқа «облысты жылыту маусымына тыңғылықты дайындай алмағаны үшін» сөгіс жариялады. Соның алдында ғана Е.Бөлекбаев Саран қаласының әкімі Еркін Баулықовқа сөгіс беріп, бір күннен соң жұмыстан қуған болатын. Облыс әкімі жауапкершіліктен құтыла алмады, көп ұзамай «бумеранг сөгіс» айналып келіп, өзінің маңдайына сарт ете қалды.

Қарағанды облысы
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қыс басталмай жатып-ақ Президенттен сөгіс алып үлгерген Бөлекбаевтың қақаған қаңтарда жай-күйі қалай болар екен? Егер облыс былтырғыдай аязға қатып, қарға батып жатса, облыс халқының әкімге биыл да көңілі толмаса, Бөлекбаевтың жағдайы қиын болмақ. Сондықтан да оған «тоқым кептірмей» жұмыс істеуіне тура келеді.

«Қошановтың жерлесі»

Ермағамбет Бөлекбаев – Қарағанды облысындағы Шет ауданының тумасы. Парламент Мәжілісінің қазіргі төрағасы Ерлан Қошанов та осы ауданнан. Ерлан Жақанұлының өзі де 2017-2019 жылдары Қарағанды облысының әкімі болған. Ал Е.Бөлекбаев 2018 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. «Жауырынға қарап бал ашатындардың» сөзіне сенсек, Е.Бөлекбаевтың Президент әкімшілігіндегі мемлекеттік инспектор қызметінен Қарағандыға ауысып келуіне, көп ұзамай Қарағанды қаласының, одан кейін тұтастай Қарағанды облысының тізгінін ұстауына жерлесінің септігі көп тиген деседі.

Қарағанды облысы
Фото: inkaraganda.kz / Талгат Таныбаев, Асылхан Сейдахмет

Қарағандылықтар Е.Бөлекбаевты «транзиттік әкім» деп есептейтінінде бір мән бар сияқты. «Бөлекбаев көп ұзамай Астанаға кетеді» дейтіндердің де бір білгені болса керек. Өйткені жерлесі Ерлан Қошанов мығым отыр. Бірақ мына жайтты ескерген жөн: егер Бөлекбаевтың жұмысынан тағы ақау шығатын болса, оған ешкім көмектесе алмауы мүмкін. Тіпті Мәжіліс төрағасының өзі де.

Былтыр берген сұхбатында Е.Бөлекбаев қызметте өсуіне ешқандай да туысы немесе жерлесі көмектеспегенін, өзі де туыстарына қараспайтынын айтқан.

«Жоқ, мен ондайды ұнатпаймын. Маған ондай ұсыныстар түскен жоқ. Өзім де біраз жерде жұмыс істедім, бірақ ешқашан таныстық немесе туыстық байланысымды жеке басыма пайдаланған емеспін. Жалпы мен әрдайым меритократия принципін ұстанамын. Мен адамдардың кәсіби білігі мен тәжірибесі үшін лауазымы өскенін қолдаймын. Менің соңғы тағайындалуым осыны көрсетеді», – деді Ермағамбет Қабдулаұлы.

Облыс әкімінің сөзіне сенгіміз-ақ келеді, бірақ «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген бағзыдан келе жатқан тәмсілдің тіл ұшына орала беретінін қайтеміз?..

«Осал буын»

Қарағандылықтар қазір «Ахметовтің кезінде бұлай болмайтын», «Қошанов әкім болғанда былай еді», «Қасымбек бұл мәселеге басқаша қарайтын» дегендей салыстыруларды жиі айтатын болыпты. Мұның себебі белгілі. Бәрі салыстыру арқылы жасалады. Бір кездері Қарағанды облысын басқарғандардың дені саясатта салмағы бар жондылар еді. Мәселен, қарағандылықтар жиі еске алатын Ахметовті алайық, «Қарметкомбинатта» қарапайым токарьдан бастап Премьер-министрге дейін көтерілді. Ахметовтің орнына келген Әбілғазы Құсайыновтың өзі әкімдікке дейін сенатор, Транспорт және коммуникация министрі болған. Аса танымал емес деген Бауыржан Әбдішев пен Нұрмұхамбет Әбдібековтің де өмірбаяндары біршама толық. Жеңіс Қасымбекті де жұрт бекер атамайды. Ал енді Нұрлан Нығматулин мен Ерлан Жақановтың саяси салмағы қандай екенін айтып жатудың өзі артық.

Қарағанды
С.Ахметов. Фото: ғаламтордан

Біз мұның бәрін НЕГЕ тізбелеп отырмыз? Жоғарыда аты-жөні аталғандармен салыстырғанда, Ермағамбет Бөлекбаевтың мансап жолы тым қысқа екенін байқауға болады. 2018 жылы Президент әкімшілігіне келгенге дейінгі атқарған ең жоғарғы лауазымы – Астанадағы Сарыарқа, Алматы және Есіл аудандарының әкімі.

Сол жылы бірден облыс әкімінің орынбасары болып, одан Қарағанды қаласының әкімі болып тағайындалып, көп ұзамай облыстың тізгінін ұстады. Әкімнің еңбек жолы өзі сұхбатында айтқан меритократияға сәйкес келуі де мүмкін, бірақ оған дейін әкім болғандармен салыстырғанда көмескілеу көрінеді. Қарағандылықтардың Ермағамбет Қабдулаұлын әкімдер тізбегіндегі ең осал буын санайтыны да содан болса керек, сірә.

«Қар күреуші»

Сөгістен соң «Бөлекбаев мүлде жұмыс істемейді екен» деген ой тумаса керек. Өңір экономикасының түрлі салаларында біршама өсім бар. Мәселен, өнеркәсіптік кәсіпорындар 9 айда 3 трлн теңгеге жуық өнім өндіріпті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда инвестиция 14,6%-ға артып, 680 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін үш мыңға жуық жұмыс орны ашылып, он жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Аймақтың фермерлері алғаш рет рекордтық астық жинады – өнім миллион тоннадан асқан. Осы және өзге де жетістіктерін облыс әкімі жақын күндері өткізетін брифингінде өзі егжей-тегжейлі айта жатар, ал біз соқтасы шықпаған сыздауықтай түйінді мәселенің бірқатарын әкімнің есіне салайық.

Жылу стансасы
Фото: tengrinews.kz

Қарағанды облысындағы ең проблемалық сала – тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы. Жылу жүйелері әбден тозған, су құбырлары да түртсең жарылғалы тұр, электр жүйесінде де ақау көп. Міне, дәл осы сала биыл қыста Бөлекбаев үшін ауыр сынақ болуы әбден мүмкін. Бұдан бөлек, аймақтағы жолдардың жағдайы мен жегі құрттай жемқорлық деген дерт тағы бар.

Қар аспанда қыстап қалмайды, биыл тағы жауады және былтырғыдан да көп жаууы мүмкін. Бірақ әкім «қардан қорықпаймын» деп отыр.

«Қарға келетін болсақ, әрине, бәрін салыстыру арқылы түсінеміз. Қар аномалды түрде жауған кезде оны ешкім жерге түсірмей қағып ала алмайды. Маған сеніңіз. Мен алты жыл Астанада жұмыс істедім және қыста тек қар күреумен айналыстым. Сондықтан да қарды қашан және қалай тазалау керек екенін бәрінен жақсы білемін, өйткені бұл менің негізгі жұмыс бағытым болды», – дейді сұхбатында «қар күрегіш» әкім Е.Бөлекбаев.

Биыл қардың қашан және қалай жауатынын ешкім білмейді, сондықтан бәрін құдайға ысырып қоюға болар. Бірақ Бөлекбаев үшін қауіп басқа, ол – жылыту маусымына дайындықтың нашарлығы, қыстың көзі қырауда қазандықтардың істен шығуы, халықтың жылусыз қалуы, тағысын-тағылар.

Мемлекет басшысы басқасын кешірсе де, дәл осындай салғырттықты енді кешірмейді...