28 Қазан 15:25
...

Әкімдер портреті. Ұранхаев. Шырт етпе шенді

Абай облысы
Фото: Коллаж: NEGE

NEGE порталы «Әкімдер портреті» деген жаңа жоба бастады. Бұл жоба аясында біз облыс әкімдері мен ірі мегаполистердің басшыларын «құлағынан тізіп», түгендеп шығамыз. Жобаның алғашқы кейіпкері – Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Өткен жылы 8 маусымда Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерватында алапат өрт шықты. Өрт салдарынан 15 адам қаза тауып, 60 мың гектардан астам қарағайлы орман күлге айналды. Мемлекет бюджетіне орасан зор шығын келді.

Бас прокуратураның мәліметінше, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, сол кездегі Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Юрий Ильин және Экология министрі Зүлфия Сүлейменова өртке байланысты қозғалған қылмыстық іс негізінде тергеуге шақырылды. Бірақ 15 адамның өмірін қиып, табиғатқа орасан зор залал келтірген өртке басты жауаптылар оңай құтылды. Олардың арасында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев та бар.

Өрт
Фото: ғаламтордан

«Облыс жаңадан ашылды. Сіз – жаңа әкімсіз. Сол үшін де мен сізге тек сөгіс жариялаймын. Негізі, мұндай нәрсе үшін бірден жұмыстан қуу керек», – деген сонда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа қарата.

Партия шендісінің баласы

Нұрлан Тельманұлы Ұранхаев 1965 жылы 4 мамырда Семей қаласында туған. Әкесі Тельман Ұранхаев 1974-1983 жылдары Семей қаласының Киров аудандық партия комитетінде екінші хатшы болған. Одан бөлек те біраз лауазымды қызметтер атқарыпты. Қазір Семейдің орталық көшелерінің бірі Тельман Ұранхаевтың атымен аталады.

Ұранхаев көшесі
Семей қаласындағы Тельман Ұранхаев көшесі. Фото: ғаламтордан

Н.Ұранхаевтың бір емес, үш бірдей дипломы бар екен: «инженер-механик», «экономист-менеджер» және «инженер-құрылысшы». Бұдан бөлек, «саяси ғылым докторы» деген ғылыми атағы тағы бар. Ұранхаевтың үш дипломы мен ғылыми атағы өіңрде пайдаға асып жатыр ма, жоқ па, бұған зерттеу барысында жауап табуға тырысамыз, алдымен партия шенеунігінің баласы қалай өскеніне көз жүгіртейік.

Н.Ұранхаев еңбек жолын Семей қаласындағы «Казпромтехмонтаж» трестінде монтажник-слесарь болып бастапты. Одан кейін шебер, прораб болған. Бұдан әрі Нұрлан Тельманұлы тез өсіпті. Үш жылдан соң «Зергер» өндірістік-қаржылық корпорациясының бас директоры болып шыға келген. 1994 жылы ол «Спартак» клубын сатып алып, атауын «Елім-ай» деп ауыстырды. Семейлік «Елім-ай» футбол командасы тоқсаныншы жылдары үш мәрте ел чемпионы атанғанын айта кету ләзім.

Бір қызығы, әкімдік сайтында Ұранхаевтың 1987 жылы слесарь-монтажник болғаны айтылған да, одан кейінгі оншақты жылдағы өмірбаяны жоқ. Бәлкім, осы аралықта өзі еске алғысы келмейтін кейбір жайттар бар шығар, оны әкімнің өзі біледі.

Абай облысы
Фото: GOV.KZ

Shishkin_like ютуб арнасы былтыр қызмет бабында Ұранхаевтың жолы түйіскен адамдарды тізіп шыққан. Олардың арасында қайшылықты тұлғалар да бар. Мәселен тоқсаныншы жылдары Ұранхаев Ғалымжан Жақияновпен жұмыс істесе, 2006-2007 жылдары ШҚО әкімі Виктор Храпуновтың орынбасары болды. 2007 жылы Храпунов Төтенше жағдайлар министрі болғанда, Ұранхаев оның соңынан барып, ТЖМ Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған. Храпуновтың кейін қайда кеткенін жұрттың бәрі біледі, ал Ұранхаев елде қалды... 

Одан кейін Ұранхаев Премьер-министр канцеляриясында Индустриалды-инновациялық даму бөлімі бастығының орынбасары болған. Бұл тұста Премьер-министр Кәрім Мәсімов еді. Ресми өмірбаянында Ұранхаев бұл лауазымын да көрсеткісі келмепті. Себебін ішіміз сезеді.

2008 жылы Аслан Мусин Президент әкімшілігін басқарып тұрған кезде Н.Тельманұлы әкімшілікте мемлекеттік инспектор болыпты. Одан соң Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі кезінде (2017-2018) Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы лауазымын атқарған. Алтай Көлгінов Астана қаласының әкімі болып тұрғанда Ұранхаевты Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы етіп тағайындады. Міне, осы қызметтен кейін Ұранхаев бірден жаңадан құрылған Абай облысының әкімі болып тағайындалды.

Ұранхаев НЕГЕ ашуланды?

2020 жылы мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бигайдаров Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған болатын. Бірақ нақты кім тергеліп жатқанын айтпаған. Сол кезде бұл басқарманың басшысы Н.Ұранхаев еді.

Антикор
Фото: gov.kz

Жемқорлыққа қарсы орталықта өткен кезекті брифингте осы мәселеге қатысты журналистер сұрақ қойғанда Н.Ұранхаев қатты ашуланды.

«Мен сол кезде бұл сұраққа жауап бермегем, қазір де жауап бермеймін. Тиісті органдарға хабарлассын. Егер мен осы жерде отырсам, онда маған сұрақ жоқ деген сөз», – деп шырт етті.

Кейін Жемқорлыққа қарсы қызмет «Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаржысын жымқыру бойынша қылмыстық іс қаралғанын, ал Н.Ұранхаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу тіркелмегенін» хабарлады.

Дәретхана жыры

Жуырда Абай облысындағы оқырмандарымыздың бірі хабарласып, бюджеттің миллиондаған теңгесі жұмсалған, жол бойына салынған дәретханалар бір жылдан бері жұмыс істемей тұрғанын айтты.

«Абай облысында Аягөз – Қарауыл күрежолы бойында жұмыс істемей тұрған дәретхана бар. Естуімізше, бұған 30 млн теңге жұмсапты. Дәретхана жабық тұр. Күзетші отырғызып қойған. 30 млн теңге жұмсайтындай унитазын алтыннан қойған ба?! Неткен масқара?!», – дейді оқырманымыз.

Біз Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың атына ресми сауал жолдап, Абай облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Беркутбаевтан жауап алдық.

«Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ Сіздің өтінішіңізді қарап, 2023 жылы облыстық маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстау қаражаты есебінен жергілікті маңызы бар жолдарда жол бойындағы сервисті дамытудың республикалық бағдарламасы шеңберінде облыстық маңызы бар автожолдардың 2 учаскесінде: «Семей-Қарауыл» а/ж (Қасқабұлақ ауылы) және «Аягөз - Қарауыл - а/ж «Р-23 Семей – Қайнар» (Қарауыл ауылы) құны 31 млн. теңге болатын 2 жылы санитарлық-гигиеналық торап (СГТ) орнатылғанын хабарлаймыз.

Объектіде сауда залы, ерлер мен әйелдер бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлме, персоналға арналған бөлме және электр (конвекторлық) жылыту орнатылған. Сондай-ақ, объектінің құнына электрмен жабдықтау жұмыстары енгізілген.

Бүгінгі күні объектіні пайдалануға беру бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында», – деп жауап берді.

Запрос
Фото: NEGE

Президентті алдауға бола ма?

Жуырда әкімдердің әлдебір рейтингін көзіміз шалды. Осы рейтингте Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев көш бастапты-мыс. «...Оның жетекшілігімен аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші қатты өсті» деп көпшік қойыпты рейтинг жасаушылар.

Тұрғындарының әлеуметтік жағдайы төмен аймақтың әкімі әлдебір рейтингте көш бастап жүрсе, мұны қалай түсінуге болады? Егер әлгіндей «рейтинг» президенттің көзіне түссе, Ұранхаев емес, Мемлекет басшысының өзі ұялуы мүмкін ғой.

Ұранхаевтың былтыр өрт кезінде алған бір сөгісі бар. Тағы бір сөгіс оның мемлекеттік қызметтегі мәнсап жолына нүкте қоюы әбден мүмкін. Сондықтан да оған әлдебір күмәнді рейтингтердің басынан көрініп қалуға бас қатырмай-ақ, нақты шаруамен айналысқаны жөн еді.

Қазақтың тілі бай ғой, бір ғана «ашуланшақ» сөзінің бірнеше синонимі бар: ашушаң, ашуқор, шамшыл, шая, ызақор, ашуланғыш, күйгелек, шырт епте, тыз етпе, тағысын-тағылар. Мұндай мінез бір өңірдің тізгінін ұстап отырған шенеунікке мүлдем жараспаса керек-ті...