29 Қазан 17:39
...

«Ұлттық құндылықты ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі қоғамның басты міндеті»-сарапшы Дастан Ахметжанов

фото
Фото: Фото: ғаламтордан

Халықтың өмір салты, тарихы, тілі мен дәстүрі – оның баға жетпес рухани қазынасы. Ұлтты ұлт ететін, бір елдің өзге елден даралануын айқындайтын басты ерекшелігі – оның ұлттық құндылықтары. Бұл ұғымға тек салт-дәстүр ғана емес, адамгершілік қағидаттар, рухани мұралар, ұлттық сана, эстетикалық таным, отбасылық тәрбие секілді ұлы ұстанымдар кіреді.

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптастырған осынау бай рухани мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін ұлт болып сақталудың негізгі темірқазығына айналды. Ұлттық құндылық ұғымы әр адамның бойына отансүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-ананы сыйлау, адамгершілік пен әділеттілік сияқты ізгі қасиеттерді сіңіреді. Бүгінде жаһандану дәуірінде ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап қалу - бүгінгі ұрпаққа берілген үлкен жауапкершілік. Түп тамырдан ажырамай, заманауи дүниелермен үйлестіре отырып құндылықтарды жаңғырта білу – әр ата-ана мен әр тәрбиешінің, әрбір зиялы қауым өкілінің міндеті. Ғаламдық өзгерістер мен ақпараттық ықпалдың күшеюі жағдайында ұлттық сананы сақтау мен жаңғыртудың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Халықтың сан ғасырлық мәдениеті мен тәрбиелік дәстүрлері бүгінгі ұрпақтың өмірлік ұстанымына айналғанда ғана елдің іргесі берік болады. Бүгінгі білім мен ғылым жүйесі осы құндылықтарды жаңа мазмұнда жаңғыртып, ұлттың болашағын қалыптастырушы күшке айналуы тиіс екені кеңінен айтылып жүр. Өткеннің даналығын ұлықтап, ұлт тұлғаларының мұраларын өмірмен ұштастыру – рухани тұтастық пен патриоттық тәрбие бастауы. 

Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы Дастан ҒАЛЫМЖАНҰЛЫНЫҢ айтуынша, ұлттық құндылықтар мен патриоттық тәрбиені ұрпақ бойына сіңіру ең алдымен қазақ ағартушылары Абай, Ыбырай, Шоқан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтың мол мұрасын насихаттап, оны заман талабына сай ілгерілетумен тығыз байланысты екенін назарға алуымыз қажет. Және бұл тақырып бүгінгі қоғам алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі екенін айтты.

«Жоғары оқу орындарында бұл мәселе қазіргі таңда үлкен талқылау кезеңінде қозғалып жатыр. Атап айтсам, ҚазҰПУ, ҚазҰУ, ҚызҰПУ, ЕҰУ, Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мамандары мен "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығының әдістемелік ұжымы белсенді түрде зерттеп, әдістемелік оқу құралдарын шығарып, оқытып келеді. "Мәңгілік Ел", "Рухани жаңғыру" бағдарламалары арқылы егемендіктің қадірін түсіну, Этникааралық және конфессияаралық келісімнің мемлекеттің басты құндылығы екенін ұғындыру, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау жауапкершілігін қалыптастыру, ұлттық код пен салт-дәстүрді жаңғырту жаңаша мазмұнда қолданылып, дамып келеді»- дейді сарапшы.

Ұлттық құндылықтар мен рухани тәрбиені ұрпақ бойына сіңіру – бір сәттік іс емес, бұл – ұлттың мәңгілік мұратына айналар ұлы жауапкершілік. Ұрпақтар сабақтастығын жалғап, өткеннің даналығын бүгінмен ұштастыра білген ел ғана өз болашағын баянды, келешегін кемел ете алады. Ұлттық рухтың шамы сөнбесін десек, әр ата-ана, әр ұстаз, әр азамат өз ісінде сол рухты сақтауға үлес қосуы тиіс. Бүгінгі таңда бұл бағытта мемлекет деңгейінде түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен ұлттық тәрбиенің басты ошағы – отбасы мен білім беру жүйесі. Себебі ұлттың болашағы баланың санасына сіңген алғашқы құндылықтардан басталады. Отбасында айтылған бір жылы сөз, мектепте үйретілген ізгілік қағидасы ұлттың ұяшығын қалыптастыратын күш екенін ұмытпауымыз қажет. Өйткені, рухани тәрбие мен ұлттық сана – бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым.