Әкімдер портреті. Төреғалиев. «Сумұрап»
Биылғы көктем батыс өңірлерге қиын тиді. Қарғын су өзен-көлдерді ернеуінен асырып, халықты әбден әуре-сарсаңға салды. Кейбір босбелбеу әкімдердің салғырттығы үшін Мемлекет басшысы халықтан кешірім сұрауға мәжбүр болғаны да есте...
Су тасқынының салдары – 100 млрд
Наурыздың соңында Президент Қ.Тоқаев су тасқынына орай шұғыл кеңес өткізіп, Үкімет мүшелері мен кейбір әкімдерге қатаң сөгіс жариялап, бірқатар облыс әкімдеріне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. «Атқарып отырған қызметіне лайық еместердің» арасында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев те бар.
Н.Төреғалиевтің жасы 60-та. Білімі жоғары. Жамбыл гидромелиоратвтік құрылыс институтын, Каспий қоғамдық институтын бітірген. Инженер-экономист, заңгер. Экономика ғылымдарының магистрі. Уикипедия тіпті «Қазақстан мемлекеттік қайраткері» деген атақ беріпті. Бірақ Төреғалиевтің қайраткерлігіне күмәніміз бар. Төреғалиев расында да іскер һәм қайраткер болса, Мемлекет басшысы бекерден-бекер ескерту бермейтін еді ғой.
БҚО-да былтырғы су тасқынының салдарын жоюға бюджеттен 100 млрд теңге жұмсалды. Жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеге 9 994 отбасы біржолғы төлем алды. 10 222 отбасына 3,7 млрд теңгеге материалдық өтемақы төленді. Зардап шеккен үйлерді жөндеуге 4,3 млрд теңге бағытталды, 42,3 млрд теңгеге 2015 пәтер сатып алынды және 775 жаңа тұрғын үй салынды.
Әрине, былтырғы алапат тасқынды тоқтатуға Төреғалиевтің бәрібір шамасы жетпейтін еді. Өйткені табиғи апаттың ауқымы сұмдық болды. Бірақ «сумұрап әкімнің» (сумұрап – егістік суғаруға басшылық ететін маман, тоған басы) сылбыр қимылы шығынды еселеп жібергенін айтуымыз керек.
Орынбасары істі болса да...
Былтыр Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің бірінші орынбасары болған Ержан Балтаев істі болды.
«Ержан Талғатұлы Балтаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы (қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп танылды. Оған 2500 АЕК (8,6 млн теңге) айыппұл түріндегі айыппұл тағайындалсын. Артур Досқалиев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы (қызмет бабын асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, оған 1000 АЕК (3,4 млн теңге) көлемінде жаза тағайындалды. Олардың мемлекеттік қызметте қызмет атқаруына өмір бойына тыйым салынсын», – делінген сот үкімінде.
Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, егер орынбасары істі болып, қылмысы сот үкімімен дәлелденсе, бірінші басшы қызметінен кетуі керек. Бірақ Нариман Төреғалиев қызметінен кеткен жоқ, тіпті кету туралы өтініш те жазбаған.
Былтыр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Н.Төреғалиев бұған қытысты бүй деген: «Түсіндіріп кетейін. Менің орынбасарым Ержан Балтаев өкілеттігін асыра пайдаланып, өз қызметінде сыбайлас жемқорлықпен айыпталған болатын. Ержан Талғатұлы Балтаев осы қылмысқа барған кезде ол жайт 2023 жылдың ақпан айында болған. Яғни мемлекеттік қызмет туралы заңның 60-бабына сәйкес... Бұл мәселе қалай болды? Әлеуметтік желіде осындай әңгіме болып жатқанын көрдік. Одан кейін орынбасарымды (Балтаевты – ред.) шақырып, осы мәселені анықтадым. Қаншалықты дұрыс екенін өзінен сұрадым. Біз комиссия құрдық. Сол комиссия жұмысының қорытындысымен ол өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғанын мойындап, түсініктеме жазды. Соған байланысты мен оның теріс қылықтары үшін жұмыстан босаттым. Яғни сотқа дейін».
БҚО әкімі бірінші орынбасарының қылмыс жасағанына қатты өкініп, отставка жөнінде ойланыпты. Бірақ ойлана келе, отставкаға кетпеймін деп шешіпті.
«Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, егер менің қарамағымдағы орынбасарым сол қылмыс жасаған мерзімі үш айдан асып кеткен жағдайда мен отставкаға 10 күн ішінде беремін. Бірақ ол қылмыс жасалған кезде менің келгеніме үш ай асқан жоқ. Мен 2022 жылдың 2 желтоқсанында тағайындалдым. Яғни ақпан айында менің келгеніме тек 2 ай болған. Ал қылмыс жасалған мерзім үш айдан асып кетсе, сәуір немесе маусымда болған жағдайда мен отставкаға берер едім. Сондықтан мен заңға сәйкес, отставкаға берген жоқпын. Заң бәрімізге ортақ», – деп күмілжіген сонда әкім.
Статистика не дейді?
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агентті Ұлттық статистика бюросының мәліметіне көз жүгіртіп, бірқатар қызық дерек таптық.
Биылғы жылдың 1 қазанындағы дерек бойынша, БҚО-да 695,3 мың халық тұрады. Оның ішінде қалалықтар – 396,7 мың адам (57%), ауылдықтар – 298,6 мың адам (43%). Өңірде халықтың табиғи өсімі кеміген. Мәселен 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында халық саны 5022 адамға өссе, биыл бұл көрсеткіш 4300 ғана болған.
Облыстағы жұмыссыздар саны 17 мың адамға жетіп қапты. 2024 жылдың 1 қазандағы жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 16860 адам болған.
БҚО-ның экономикасында кеуде соғып мақтанатындай өсім жоқ екен. Мәселен азық-түлік тауарларының бағасы 3,7%-ға, азық-түлік емес тауарлар бағасы 5,9%-ға, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтердің бағасы 10,3%-ға өскен. 2023 жылдың желтоқсанмен салыстырғанда 2024 жылдың қыркүйекте өндіруші кәсіпорындардың өнеркәсіп өнімдерінің бағалары да 10%-ға өсті.
Жолдың жайы қандай?
Былтырғы брифингте NEGE тілшісі БҚО әкіміне жол жөндеуге қатысты сұрақ қойған. Алайда әкім нақты жауап бере алмай, «қадағалаймыз ғой» деп жақауратып қойды. Жолдың сапасы жөнінен республикалық рейтингте Батыс Қазақстан облысы тізімнің соңында жүреді. Жол мәселесі жылда сөз болғанымен, шешімін таппай келеді.
«Тендер ойнатылған кезде мердігердің алдында әрбір жол салу немесе ағымдағы жөндеу жұмыстары ма, өзінің мерзімі бар. Бес жыл, үш жыл, жеті жыл деген сияқты. Соған байланысты олар кепілдік береді. Егер бұзылып жатса, олар қайтадан жөндеуге міндетті болады.
Биылғы жылы өте көп жол жасалып жатыр. Біз сапасына да көңіл аударып, бақылаушы органдарға және осыған жауапты департаменттерге осындай үлкен тапсырмалар беріп отырмыз. Әрине оңай жұмыс емес. Құрылыстағы тек қана жолдарды салып, ақшаны игеру міндет емес. Бізге сапалы жол салу керек. Ол бірнеше жылға шыдайтын сапалы жол болуы керек, – деген былтыр облыс әкімі.
Біздің білуімізше, әкімнің «қадағалауынан» соң жолдардың сапасы жақсарып кете қоймаған. Мәселен биылдың өзінде ғана БҚО-да жол сапасын қадағаламаған 160 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ауыс-түйіс қашан болады?
Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, биылғы жылдың соңында бірқатар облыстардың әкімі ауысуы мүмкін. Биыл біраз әкім Президенттен ескерту алды, қатаң сөгіс алғандары да бар. Бұларды Мемлекет басшысы ұмыта қойған жоқ. Ендеше, ауыс-түйісті дәл осылардан бастауы әбден мүмкін.
Биылғы қыстың қалай болмағы белгісіз. Кейбір өңірлерде қыс қаһарына мінгендей. Жылыту маусымын үзіп алған әкімдер енді Мемлекет басшысынан кешірім күтпей-ақ қойса да болады. Өйткені өткен жылғы қақаған қыстағы апаттық жағдайлар сабақ болды. Одан соң биыл да қар қалың жауып, келер көктемде қарғын су тағы әуреге салмасына кепілдік жоқ.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиевке енді сергек болу керек. Енді бір қателік жасаса, қарамағандағы тағы біреудің істі болғанын күтпей-ақ қағып тастауы әбден мүмкін.