БҚО әкімі Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ жолдардың сапасына НЕГЕ кепілдік бере алмады?
Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, журналистердің сауалына жауап берді.
БҚО-да биыл 81,5 млрд теңгеге, келер жылы 100 млрд теңгеден астам қаржыға жол жөндемек. Жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаражат Батыстың жолын жөндеуге бөлінеді. Өткен жылы БҚО-да жол жөндеу жұмыстарына 55 млрд теңге бөлініпті. Бірақ, одан жол оңалмапты.
Өткен жылдың соңында облыс әкімі болып Нариман Төреғалиев тағайындалды. Жаңа әкімнің қатысуымен өткен жиындардың бірінде жол апаты 17,5 пайызға өскені айтылған болатын. Көріп отырғанымыздай, биыл Батыс Қазақстан облысында жол жөндеуге қаржы жылдағыдан көп бөлінген. Бір қызығы, жаңадан жөндеуден өткен жолдардың сапасы жақсы бола ма, жоқ па облыс әкімі дөп басып айта алмайды.
Н.Төреғалиев.
– Жалпы жолдың сапасы мен құрылыстың сапасына заң аясында жауап беретін – техникалық қадағалаушы мен авторлық қадағалаушы, сосын, тапсырыс беруші.
Техникалық қадағалаушы деген не? Ол күн сайын жол құрылысының басында болуы керек деген сөз. Яғни осы жерде үлкен сұрақтар бар. Күні кеше Парламент депутаттары келгенде біз осы сұрақтарды көтердік. Өкінішке қарай, көп жағдайда техникалық қадағалауды авторлық қадағалаушылардың өздері тендерден ұтып алады. Сосын ол мына жердегі жолға күн сайын қалай келеді? Өзі басқа облыста отыр. Міне, осындай сұрақтар бар. Мемлекеттік сатып алу заңына өзгеріс енгізу жөнінде біз ұсыныс бердік.
Енді техникалық қалағалаушының міндетіне тоқталайын. Жол жұмыстары басталған соң оның бүкіл жұмыс процессін технологиялық картасындағы процессіне сәйкес күнделікті қадағалап отыру керек. Біз мемлекеттік әкімдік оны күнделікті қадағалай алмаймыз. Жұмыс басында күнделікті тұру керек. Біз қазір техникалық бақылаушылардың өздерін сотқа беріп жатырмыз. Мен қадағалаушы органдарға тапсырма бердім. Қателеспесем, біз биыл үш техникалық бақылаушыны лицензиясынан айырдық, айыппұл салдық. Себебі солар қадағаламайтын болса, жолдың сапасы болмайды, – дейді обыс әкімі Нариман Төреғалиев.
NEGE тілшісінің сұрағына жауап берген әкім жол апаты өскенін, жолдың сапасы нашар екенін мойындап, өңірдегі жолдар халықаралық талаптарға сай емес екенін айтты.
– Тендер ойнатылған кезде мердігердің алдында әрбір жол салу немесе ағымдағы жөндеу жұмыстары ма, өзінің мерзімі бар. Бес жыл, үш жыл, жеті жыл деген сияқты. Соған байланысты олар кепілдік береді. Егер бұзылып жатса, олар қайтадан жөндеуге міндетті болады.
Биылғы жылы өте көп жол жасалып жатыр. Біз сапасына да көңіл аударып, бақылаушы органдарға және осыған жауапты департаменттерге осындай үлкен тапсырмалар беріп отырмыз. Әрине оңай жұмыс емес. Құрылыстағы тек қана жолдарды салып, ақшаны игеру міндет емес. Бізге сапалы жол салу керек. Ол бірнеше жылға шыдайтын сапалы жол болуы керек, – дейді облыс әкімі.
Әкім Нариман Төреғалиев күніне 8 мың автокөлік өтетін Орал мен Атырау арасындағы 500 шақырымдық жол және Ресеймен шекараласатын Подстепное-Ақсай арасындағы 72 шақырым жаңа жол салу жоспарланғанын да айтты.
БҚО әкімі облыстағы жолдардың сапасына қатысты сұраққа нақты жауап бере алмай, «қадағалаймыз ғой» дегендей жақауратып қойды. Осы ретте «жол салушылар әкімнің жақындары екен-мыс» деген гу-гуді де тексеріп қойған артық болмас еді...