Әкімдер портреті. Сыздықбеков. «Пиарщик»
Өткен жылы қыркүйекте Шымкент қаласының әкімі болып Ғабит Сыздықбеков тағайындалды. Бұл тағайындауды жұрт әртүрлі қабылдады. Шаруаға мығым «хозяйственник» елші болуы мүмкін, ал енді елші «хозяйственник» бола ала ма?
«Картоп жарғыш» әкім
Кәзіргі жастардың тілінде «картоп жарды» дейтін ұғым бар. Әлдебір тосын әрекет немесе таңғалдырарлық іс-әрекет жасағандарға қатысты айтылады бұл сөз. Сыздықбеков те Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалғанына бес ай болғанда «картоп жарып», біраз уақыт елдің аузында жүрді.
Жыл басында өткен жиындардың бірінде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков былай деді: «Әріптестер, білесіздер, бүгін ровно бес ай болды менің тағайындалғаныма. Сіздерден «адал істеңіздер» деп қайта-қайта сұрап келе жатырмын. Араларыңызда мемлекетшіл, адал кісілер көп, сіздерге сенем. Өкінішке орай, арамызда сатқындар бар. Айтқанды тыңдамай, артымыздан пышақ тыққанмен бірдей...».
- Оқи отырыңыз: Әкімдер портреті. Төреғалиев. «Сумұрап»
Сөйтті де, Антикор басшысына «осы жерден алып кетіңіз» деп тапсырма беріп, Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушыны ұстатып жіберді.
Кейін құзырлы орган: «Лауазымды адам қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеру бойынша жұмыстарды орындауға бөлінген аса ірі мөлшерде алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобының бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді. Залалдың алдын ала сомасы 120 млн теңгені құрайды», – деп хабарлады.
Кінәсіз адамды бекерден-бекер ұстамайды ғой, егер қылмысы болса, ол тиісті жазасын алуы керек. Бірақ, қала әкімі бұлжымас қағидаттардың кейбірін бұзып қойды. Соның бірі – кінәсіздік презумциясы. Аты-жөнін атамаса да, «арамызда сатқындар бар» деп ұсталған адамға қатысты соттан бұрын үкім шығарып тастады. Одан кейін онсыз да естері шығып үрпиісіп отырған шенділерге қарата: «Әріптестер, дұрыс түсініңіздер, менің уже амалым қалмады. Білесіздер ғой, мен сіздерден бес ай бойы сұрап келе жатырмын. Адал қызмет етейік деп. Мен сіздерге жау емеспін. Бұдан кейін осылай болады әрқайсыларыңызбен, егер қоймасаңыздар...», – деді.
Егер әкім тек ұсталған шендіге қарата айтса, бәлкім, түсінуге тырысар едік, бірақ ол залда отырған 30-40 шендінің бәрінен күмәнданатындай біртүрлі сөйледі.
Жеті-сегіз айдан соң Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты М. деген азаматтың «аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқырғаны және лауазымды адамның қылмыстық жолмен алынған ірі мөлшердегі ақшаны заңдастырғаны үшін» 9 жылға сотталғанын хабарлады...
«Ей, қалай-қалай сөйлейсің?!»
Биыл тамызда Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбековтің қала тұрғындарымен кездескен видеосы тарады. Онда Сыздықбеков полиция полковнигіне: «Ей, қалай-қалай сөйлейсің?! Даусыңды көтермей сөйле! Бар, ары! Жақындама маған, ары тұр!», – дейді.
Мәселенің неден туындағаны түсініксіз. Полиция полковнигі неден жазықты болғаны да белгісіз. Әйтеуір, Сыздықбеков түтігіп, қатты ашуланды. Бәлкім, ашуланған түр көрсеткен де шығар, бұл да бізге белгісіз.
Әкімнің әрекетін көрген оқырмандардың бірі «Красавчик!» деп жазса, енді бірі «Стоп! Снято!» деп әлденені меңзеді. Тағы бірі: «Неткен мәдениетсіз әкім еді! Ол қарапайым халықты қорғап тұрса да, өзінің іс-әрекетімен, сөйлесе білуімен, манерасымен үлгі болуы керек қой. Полицеймен халықтың көз алдында емес, басқа жерде сөйлеуі керек. Сен өзің ары бар!», – деп жазды.
Қалай десек те, білдей бір мегаполистің әкімі эмоциясына ие бола алмай, жұрттың көзінше полицейге дікіңдегені біртүрлі оғаш көрінді.
«Папасының баласы»
Ғ.Сыздықбековтің жасы – қырық төртте. Қазақ мемлекеттік заң университетін, РФ СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. Соңғы жылдары ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі, ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі және СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болған.
- Оқи отырыңыз: Әкімдер портреті. Бөлекбаев. «Транзиттік әкім»
2019 жылғы қыркүйектен Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған. Одан кейін Премьер-министр кеңсесі басшысының бірінші орынбасары, Үкімет аппараты басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Шымкент қаласы әкімнің жеке өмірі мен отбасы туралы ақпарат жоқтың қасы. Отбасын жасыру – дипломаттарға тән әдет. Дегенмен, ашық ақпарат көздеріндегі дерекке қарағанда, Ғ.Сыздықбековтің әкесі Әбдімәжит Сыздықбеков Шымкент қаласында тұрады және кәсіппен айналысады.
Әкімнің әкесі де, өзі де Геннадий Головкиннің жанкүйері екен. Головкиннің Монакодағы жекпе-жегінде Әбдімәжит Сыздықбеков оған қазақы шапан сыйлаған. Әбдімәжит Саттарұлының 4 компаниясы мен OTYRAR CHARITY деп аталатын қайырымдылық қоры бар екен.
Елші әкім бола ала ма?
Мемлекет басшысы өзі дипломат болған соң биліктің түрлі тармақтарына дипломаттарды көптеп тартып жатыр. Олардың арасында үмітті ақтағандары да, ақтай алмағандары да бар. Сөз басында айтқанымыздай, «хозяйственник» елші болуы мүмкін, ал елшінің бәрі «хозяйствениик» болуы неғайбыл. Шымкент әкімі болып тағайындалғанына бір жылдан енді асқан Ғабит Сыздықбеков туралы шамалап қорытынды жасай беруге болатын сияқты.
Әкімнің портреті жасалып жатқан кезде Шымкенттегі тұрақты оқырмандарымыздың бірнешеуіне хабарласып пікір сұрағанбыз. Көпшілігі әкімнің әрекетінен нақтылық көрмейтінін айтса, енді бірі «пиарщик қой» деп қысқа қайырды.
«Пиарщик» деген жаман сөз емес, негізі. Түсінікті тілмен айтқанда, ол – жарнамамен айналысатын, қоғамдық пікір қалыптастыратын маман дегенді білдіреді...