Таиландта қазақ фильмі көрсетілді

Қазақстан Республикасының 35 жылдық Республика күні мен Егемендік декларациясының қабылдануына орай Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі елшілігі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп режиссер Ақан Сатаевтың "Ұлы дала таңы" тарихи фильмінің тұсаукесерін ұйымдастырды.
Алматы, NEGE. Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, көрсетілім «Century The Movie Plaza» кинотеатрында өтіп, дипломатиялық корпус өкілдері, Таиланд Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері, халықаралық ұйымдар, шығармашылық және ғылыми қауым өкілдері, тай кәсіпкерлері, сондай-ақ Елшіліктің достары мен серіктестері қатысты. Кештің атмосферасы жылы шыраймен және қазақстандық кино мен ел тарихына деген шынайы қызығушылықпен өрілді.
Қазақстанның Таиландтағы елшісі Марғұлан Баймұхан өз сөзінде мәдени ынтымақтастық халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту мен Қазақстан мен Таиланд арасындағы жан-жақты серіктестікті дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Кинематограф – мәдени дипломатияның ажырамас бөлігі. Кино өнері арқылы біз әлемге Қазақстанның тарихын, дәстүрлері мен рухани құндылықтарын таныстырып, жеріміздің сұлулығы мен халқымыздың рухының беріктігін көрсетеміз, – деді Елші.
БҰҰ-ның АТАЭЖК халықаралық ұйымының өкілдері фильмге жоғары баға беріп, «Қасым ханның тарихы бізге Қазақстанның өткенін ғана емес, сонымен қатар бүгінгі мемлекеттік болмысын қалыптастыратын мәңгілік құндылықтарды – тұтастықты, төзімділікті және сенімді көруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті. Олардың айтуынша, режиссер дәуір рухын, көшпелі өркениеттің ұлылығын және қазақ мәдениетінің байлығын әсерлі түрде көрсете алған. Көрермендерді әсіресе кең ауқымды шайқас көріністері, көркем табиғат пейзаждары, ұлттық костюмдер мен әсерлі музыка тәнті етті.