«ЖАЛАҚЫ-МАЛАҚЫ дегеннің жөнін білмеймін!» Өнер адамдарына үстемақы төлеу керек пе?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 23 мамырдағы тапсырмасы бойынша өнер қайраткерлерінің мемлекетке сіңірген еңбегін бағалау, дамыту және жетілдіру мақсатында әртістерге төленетін жәрдемақы мөлшерін арттыру тапсырылған.
Жуырда Мәдениет және спорт министрлігі бұрынғы КСРО-ның «Халық әртісі» құрметті атағын иемденгендерге негізгі жалақыдан 50-ден 100%-ға дейін, ал «Еңбек сіңірген әртіс» құрметті атағы барлар бұрынғыдай базалық қызметтік жалақының 30% үстемақы алатынын жеткізді.
NEGE тілшісі ат төбеліндей Халық әртістері мен Еңбек сіңірген әртістерге хабарласып, пікір сұрады.
Талғат ТЕМЕНОВ, ҚР Халық әртісі, театр және кино режиссері:
Жақсы жаңалық екен!
– Мен шетелде іссапарда жүр едім. Сондықтан бұл жаңалықты естігем жоқ. Анық-қанығын білмеген соң, ашып ештеңе айта алмаймын. Дегенмен, жақсы жаңалық екен!
Марат ІЛИЯСОВ, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші-сазгер:
Бұл ақша асханаға бір кіріп шыққаннан аспайды
– Баяғыда Кеңес Одағының тұсында Еңбек сіңірген әртістердің жалақысына 5000 рубль үстемақы қосып беретін еді. Бірақ ол кезде ол көп ақша болатын. Ал қазір оның құны бес мың теңгеге ғана татитын болып қалды ғой. Қазіргі заманда бұл ақша асханаға бір кіріп шыққаннан аспайды. Бұл дегенің ұят нәрсе ғой!
Ал сіз айтып отырған үстемақының жайын бірінші сізден естіп тұрмын.
Майра ІЛИЯСОВА, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші, продюсер:
Балаша қуанғаным рас
– Қазіргі таңда Астанадағы Еркеғали РАХМАДИЕВ атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда жұмыс істеймін. Мекеме басшысы «сізді үстемақыға ұсынып қойдық» деп ескертті.
Бірақ ол заң президент қол қойғаннан кейін ғана күшіне енеді ғой. Ал жаңалықты естігенде, балаша қуанғаным рас.
Өйткені мені 1993 жылы Алматы қаласының әкімдігі Халық әртісі атағына ұсынған болатын. Сол кезде депутаттар өзара тартысқа салып, «Халық әртісі» дегенді алып тастап, «Еңбек сіңірген қайраткері» дегенді енгізді. Сөйтіп, қайраткерлердің саны жаппай көбейді. Олар біздің қолымыз жетпеген тегін медициналық көмекке де қол жеткізді. Осы мәселені көтеріп, жоғарыға үшбу хат та жаздық. Бірақ ештеңе өнбеді.
Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Мәдениет өкілдеріне мойын бұрып, жалақысын өсіруге тапсырма бергені көңілге қуаныш ұялатып отыр.
Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, ҚР Халық әртісі, әнші-композитор:
Жалақы-малақы дегеннің жөнін білмеймін
– Мен зейнетақы алатын адаммын. Сондықтан жалақы-малақы дегеннің жөнін білмейді екенмін. Шынымда айтсам, асығып тұрған жайым бар...
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші:
Аузыңа май, айналайын!
– Аузыңа май, айналайын! Бұл жаңалықты бірінші рет сіздерден естуім.
Біз Кеңестік кезеңнің атағын алдық та, кейін ол куәлігіміз еш жерге жарамай қалды ғой. Дардай атағымыздың халықтың алдына шыққанда ғана аталғанын місе тұтқанымызбен, үкімет тарапынан мардымды ештеңе көрмедік. Тым құрығанда Еңбек сіңірген қайраткерлер секілді жылына бір рет ем қабылдап, басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда бір мәрте укол да ала алмай қалдық.
Сондықтан мына жаңалықты естіп, төбем көкке бір елі жетпей отырғаны. Біз де азды-көпті еңбек етіп жатқан адамбыз ғой. Сондықтан осындай жарлық шығарып, қолдап, әспеттеп отырса, еңбегіміздің еш кетпегені деп білемін.
Қайрат БАЙБОСЫН, ҚР Халық әртісі, дәстүрлі әнші:
Кемпірім – науқас, қызым – екінші топтағы мүгедек...
– Қазір жасым жетпістен асса да, Өнер академиясының ішінен өзім ашқан кафедрада дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында студенттерге дәріс оқып жүрген жайым бар. Ал сахнаға шығудың жайы қалды ғой. Үйдегі кемпірім – науқас, қызым – екінші топтағы мүгедек. Сондықтан жалақыға үстеме қосса, жаман болмас еді. Өйткені алар дәрі-дәрмегіміз бар дегендей. Бір жақсысы – әйтеуір Халық әртісі болған соң Президент Іс Басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасынан ем алып тұрамын. Оған да шүкір деймін.
Бұрын ем алу мүмкіндігі кейінгі Еңбек сіңірген қайраткерлерге де берілуші еді, қазір ондайлар көбейген соң ба, мемлекет жомарттықты қысқартты.
Негізі Халық әртісі атағын қайтаруды құптаймын. Бірақ, екінің біріне үлестірілмей, халыққа еңбегі сіңген, жастарға өнеге болатын адамдарға берілсе құба-құп. Өнерге кеше келіп, бүгін дардай атаққа оңай қол жеткізіп жатқандар бар. Осындай мәселелерді көргенде қарнымыз ашады.
Опера мен балет сахнасында да қаншама өнер майталмандары жүр. Осындай классикалық туындылардың танылуы жолында тер төгіп жүрген азаматтар Халық әртісін табыстауда тасада қалмаса екен деген тілегім бар.