Рақышев премиум. Шұбаркөл НЕГЕ өте тиімді активке айналып барады?
Тимур Құлыбаев пайда әкелмейді деп сатып жіберген «Шұбаркөл Премиум» акционерлік қоғамы өзінің жаңа қожайындары - олигархтар Кеңес Рақышев пен Шухрат Ибрагимовті қуанта бастады. Биылғы жылдың үш тоқсанын қорытындыласақ, көмір компаниясының таза пайдасы былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 есе артқан. Ал ортақ выручкасы екі есеге өскен.
Осыдан кейін Тимур Құлыбаев «Шұбаркөл Премиумды» тым асығыстықпен сатып жіберген жоқ па деген сұрақ туындайды. 2023 жылы компания 2,3 миллиард теңге көлемінде шығын көрсеткеннен кейін, сол кезде оның 67 пайыз үлесін ұстап отырған «Joint Resources» холдингі осы үлеске сатып алушы іздей бастаған болатын.

Нәтижесінде қызығушылық білдірген клиенттер табылып, 2024 жылдың қыркүйегінде Тимур Құлыбаев және оның серіктестері Раушан Сағдиева мен Шынар Елемесовалар өздерінің «Шұбаркөл Премиум» АҚ-дағы акцияларын Кеңес Рақышев пен Шухрат Ибрагимовке өткізіп берді. Қазір Кеңес Рақышевта 50 пайыз, Шухрат Ибрагимовте қалған 50 пайыз акция бар.
Құлыбаев компанияны сатып жатқанда оның 2024 жылдың 3 тоқсаны бойынша қаржылық көрсеткіштері мәз болмаған еді. Аралық есеп бойынша таза кіріс бар болғаны 1 миллиард теңгені көрсетіп тұрған. Сондай-ақ былтыр «Шұбаркөл Премиум» акционерлік қоғамы тағы да шығынға ұшырайды деген ойлар көп болды.

Алайда 2024 жылдың нәтижесінде 45,2 миллиард теңге көлемінде выручка көрсеткен көмір кәсіпорны 5,8 миллиард теңге таза пайдаға шығып, өзінің капиталын толықтырды. Ал биылғы таза кірісі кемінде 10 миллиард теңге болуы мүмкін.
Құлыбаев және оның серіктестерінің «Шұбаркөл Премиумды» қаншаға сатқаны жөнінде ақпарат еш жерде жарияланбады. Тек Кеңес Рақышев пен Шухрат Ибрагимовтің компанияны бөліп төлеу арқылы алғанын ғана білеміз. Nege.kz былтыр сату алдында «Шұбаркөл Премиум» АҚ капиталына зер салғанда, ол шамамен 39 миллиард теңге болып тұрғанын анықтаған.

Әлемде көмірге деген сұраныстың азая бастауы және енді бұл нарықтың перспективасы тұманды болып тұрғандықтан, Рақышев пен Ибрагимов «Шұбаркөл Премиумды» 39 миллиард теңгеге сатып алмағаны анық. Біздің болжауымызша, Тимур Құлыбаев жақсы дисконт беруі тиіс және компания 20-25 миллиард теңге коридорында сатылды. Олай болса, 2027-2028 жылдары Кеңес Рақышев пен Шухрат Ибрагимов өздерінің инвестициясын толық ақтап алуы мүмкін.
2024 жылы «Шұбаркөл Премиум» АҚ 1,24 миллион тонна көмір өндірді. Бұл Қазақстандағы жалпы өндірістің 1 пайызына да жетпейді.
Мысалы, 2024 жылы Қазақстанда 109,8 миллион тонна көмір өндіріліп, оның 29,5 миллион тоннасы экспортқа жіберілген еді. 2023-2024 жылдарда әлемдік нарықтарда көмірге деген сұраныс айтарлықтай азайып, баға тоннасына 145 доллардан 125 долларға дейін арзандады.
«Шұбаркөл Премиум» компаниясы Қарағанды кеніштерінде D маркалы көмір өндіреді және оны ішкі нарық пен бізге жақын көрші елдерге сатады. Оның кеніштерінде шамамен 530 миллион тонна көмір қоры бар.