21 Қаңтар 15:35

Жәудір САРЫПБЕКОВА: Түрім суық болғанымен, жүрегім жұмсақ

Фото:

«5:32» сериалы біраз театр таланттарының кинодағы жұлдызын жақты. Солардың бірі маньяк әйелді кейіптеген – Жәудір САРЫПБЕКОВА.

Отбасы мен өнердің таразысын тең ұстап жүрген актриса шынайы өмірде экрандағыдай жүзі суық емес, ақжарқын жан болып шықты. Турасын айтатын өнер иесі тілшімізге берген сұхбатында театр сахнасына қатысты біраз шындықты ақтарды.

– «Театрың табалдырығына дейін жақсы көремін» деген едіңіз. Бірақ, кейінгі кезде киноға түсуге көп мойын бұрып кеткендейсіз. Бұл өнердегі бір ағаңыз айтқандай, «проклятый популярность» деген дүниенің кеселі емес пе?

– Жалпақ жұртқа көгілдір экран арылы танылсам да, театрды өте жақсы көремін. Себебі, театр сахнасында салған сүре жолым болмаса, киноға түсуге шақырту алмас едім. Бірақ мойындауым керек, кейінгі кезде түсірілімдердің көптігінен өзім қызмет істеп жүрген театрда «Қораз» қойылымынан өзге жаңа туындыларда төбе көрсетпедім.

Бұдан өзге, Түркістан театрында сахналанған Триптихтің екеуінде басты рөлді сомдадым. «Гамлетте» Гертруда мен «Қаракөзде» Ақбаланы кейіптедім.

Мұндай беделді рөлдерге актрисалар бірнеше жылдан соң бір-ақ қол жеткізуі мүмкін. Сондықтан түсірілім алаңында кеткен уақытымның театрдағы орынын толтырғандаймын.

– Әлеуметтік роликтерге де жиі түсесесіз. Бұл көрермен көзінен таса қалмаудың амалы емес пе?

–Иә, халыққа ой салатын дүниелер тарту етсек деген ниетпен жолдасым Руслан (Р.Нұрман – ред.) екеуміз түрлі вайндар мен әлеуметтік роликтерге түсіп жүрміз.

Негізі актриса ретінде эксперимент жасағанды жақсы көремін. Бірақ тәжірибе барысында өзімді періште қылып көрсетуге тырыспаймын. Мәселен, қазір теледидарда көрсетіліп жатқан «Бозторғай» сериалында ұсқынсыз, алқаш әйелді сомдаймын. Оны көрген жұрт менің үнемі жағымсыз кейіпкерді ойнайтынымды алға тарып, соңымнан табиғатыма жат түрлі пікір айтуда. Соны жүрегіме жақын алып қалғандаймын. Дегенмен, туынды авторының берген жоғары  бағасы мен жолдасымның «Сені көрермен кейіпкердің болмысында қабылдаса, демек сендіре алғаның» дегені, селт еткен көңілімді сейілткендей болды.

– «Эксперимент жасағанды жақсы көремін» деп қалдыңыз. Егер танымал режиссерлерден ұсыныс түсіп жатса, қандай образдан болса да бас тартпауға даярсыз ба?

– Жоқ, олай емес. Мысалы, тәнімді жалаңаштамаймын. Сосын сүйісу керек болатын рөлден де бас тартамын. Анайы рөлдерге түсуге күйеуім рұқсат бермейді. Тіпті, рұқсат берген күннің өзінде ондай рөлдерді ойнауға тәрбием жібермейді.

– Актриса біткеннің дені көпке дейін образдан шыға алмай жүретінін жиі айтады. Осы тұста сізге де  адам етінен бәліш әзірлейтін маньяк Зәурештің бейнесін естен шығару оңай болмаған шығар?

– «5:32» сериалына үш күн бойы түстім. Алғашында ескі үй мен адам етіне сәйкестендіріп жасалған муляждарды көргенде, жүрегімнің аузыма тығылғаны рас. Бірақ, түсірілім жұмыстары біткен соң ол көріністерді лезде ұмытып кеттім.

Фильм шыққан соң актерлік шеберлігімді сырттай сынап қарауым мүмкін, бірақ образға кіріп кету деген әдет менде мүлде жоқ. Маған тек халықтың түскен туындыма берген бағасы ғана әсер етуі мүмкін.

Мәселен, кейбіреулер парақшамдағы жазбаларымның соңына ойнаған кейіпкерімді алға тартып, «осы қатынды жек көрем» деп жазып жатады.

Сенің экрандағы бейнең бар болғаны образ екенін біле тұра, соңыңнан түрлі әңгіме айтатын адамдарға таң боламын.

– Осы өзіңіз түскен «5:32» сериалына қатысты плагиат дауы болып жатқанынан білесіз бе?

– Мұндай әңгімені құлағымның шалғаны рас. Бірақ тікелей өзіме қатысты мәселе болмаған соң ақ-қарасын анықтауға тырыспадым.

– Өзіңіз өнер көрсетіп жүрген Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрына белгілі драматург Дулат Исабеков арқылы келген көрінесіз. Танысың болмаса, талантыңды танытудың жүгі ауыр ма, қалай ойласыз?

– Дулат аға арқылы театрға жұмысқа қабылданғаным рас. Өйткені мен оқуымды бітіре салысымен ауызымды айға білеп, Алматыдағы аты дардай Мүсірепов театрына орналасуға бел байладым. Сол кезде Дулат ағам «балам, сен Алматыда жұтылып кетесің» деп,  Шанин театрында таныс режиссері барын айтып, соған жіберді. Ол кісі шеберлігімді сынап көрген соң барып жұмысқа қабылдады.

Негізі, бүгінгі таңда әнші атаулыға танысың немесе мықты продюсерің болмаса, танылу қиын сияқты. Ал актрисаның жұлдызының жану-жанбауы ол тікелей талантына байланысты. Өйткені, таныс арқылы театрға келгеніңмен, өзіңе табысталған рөлді аша алмасаң өнерің өміршең болмайды.

– Сіздің әншілікті актрисалықпен неге алмастырғаныңыз енді белгілі болғандай...

– Мен алғаш Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ түрік университетінің өнер факультетіне қарасты вокал бөлімінде Қазақстанның халық әртісі Рахима Жұбатырованың класына түстім.  Ол кісі қатал болғанымен турасын айтатын. «Сен қыз журналист немесе актриса болатын адамсың, әншілікке адасып келгенсің» дейтін. Сол кісінің көрегендігінің арқасында дер кезінде өз бағытымды таңдадым. Егер сөзіне құлақ аспағанымда вокалды итшілеп жүріп бітіргеніммен, әншілікте жұлдызымның жану-жанбауы екіталай болар еді.

– Әлібек Өмірбекұлының режиссерлігімен қойылған  «Қораз» қойылымында ойнайсыз. Осы спектакльдің көрерменге ұсынылуы мұң болған көрінеді. Оған не себеп?

– Біз бұл қойылымды алғаш сахналаған күннің ертесінде естіген жұрт театрға ағылса керек. Сонымен біз гримді жасатып, боянып-таранып, сахна шымылдығының ашуылуын күтіп отрғанымызда басшылық «қойылым өтпейді» деді. Сөйтіп, біз іште, көрермен сыртта аңтарылдық та қалдық. Ойламаған жерден басты рөлде ойнайтын екі актерді «коронавирус болып қалды» деп таратты. Одан артық себебін ашып түсіндірмеді. Ашығын айтқанда саясатты араластырып жіберді.

Бұдан соң ковидтің әңгімесі біте сала жанұшырып жүріп, әлгі туындының сахнаға қайта шығуына жұмылдық. Егер «Қораз» бәзбіреулер айтып жүргендей берері аз спектакль болса, бірнеше фестивальден жүлделі орын алып, сыншылардың жоғары бағасына ие болмас еді.

Мен осы жағдай арқылы біздегі актерлік мектептің саяздығына, театр атаулының цензурадан арыла алмағанына анық көз жеткіздім.

Мысалы, өзім қызмет істейтін Жұмат Шанин атындағы  театрда «Гамлеттегі» Офелияны ойнап келдім. Бірақ жаттанды сөздерімді айтқаннан өзге спектакльдің не туралы және нендей ой беретінін түсінбедім. Тек Әлібек Өмірбекұлының режиссерлігімен Түркістан театрында қойылғанда барып қана кейіпкерімнің ішкі табиғатын ұғындым.

Бізге актердің болмысын ашып, кейіпкердің қан-сөлін ағызып көрсететін осындай жаңашыл режиссерлер керек. Ал бізде керісінше, оны тұқыртып, соңына шам алып түсуде.

– Сонда театрда сахналауға тыйым салынатын тақырыптар мен кейіпкерлер әлі де бар ма?

– Мысалы, осы «Қораз» қойылымында бір кейіпкердің темекі тартатын тұсы бар. Премьера кезінде сахнадағы сол шылым сөнбей қалып кеткен екен. Сол кезде басшылықтың қойылым аяқталмастан «сахна өртеніп жатыр» деп шу шығармасы бар ма?! Бұл – бізде театр тек әдемілікті ғана көрсетіп, өмірде бар дүниеге көз жұмып қарайтын орта деген түсінік қалыптасқанын көрсетеді.

Шынтуайтында, театр қоғамның айнасы болуға тиіс емес пе?! Адам ол жерден өз бейнесін көру арқылы ғана жамандықтан жиренбей ме? Неге күнделікті күйбең тірліктегі дүниені көрермен көзінен таса қылуға тырысамыз? «Ауруын жасырған өледі» деген ғой.

Мысалы, Түркістан театрында Триптих қояр алдында, әдеттегідей дайындық өткіздік. Сол кезде режиссеріміз Әлібектің күйіп кеткен кезде зілді сөздер қосып жіберетіні бар. Бұл – әрине сахна сыртындағы әрекет. Осыны естіген ол жердің қызметкерлері өздері өмірі сыпайы сөйлейтіндей «ойбай, мыналар өңшең боқауыз» екен деп сөкті.  Бұл да өз алдына театрда періште болып қана көріну қажет деген түсініктің жұрнағын көрсетеді.

– Өзіңіз қызмет ететін театрдың басшылығына қарасты біраз сын айтып жүрсіз. Мәселен, талантты режиссерлердің жоқтығы мен тәжірибе алмасу мақсатында ел аралап фестивальдерге шықпайтындарыңызды айттыңыз. Бұл жұмысыңызға кері әсер етпеді ме?

– Әсерін тигізуі әбден мүмкін. Бірақ, көзге көрініп тұрған дүниені айтуда тілімді тістеп қала алмайды екенмін.

– Қайтадан киноға ойыссақ. Қазіргі жарыққа шығып жатқан кинолардағы түрлі кейіпкерлердің образы бүгін көрсең, ертең ұмытылып қалатынына не себеп деп ойлайсыз?

– Әрине, шығармашыл ортаның қайнаған қазаны саналатын Алматыда күніге қаншама кино түсіріледі. Қаншасының тұсауы кесіледі. Бірақ, өзіңіз айтқандай  басқасын қойып, бас кейіпкердің болмысын есте сақтап қалудың өзі қиын. Дегенмен, бұл жалғыз әртіс қана емес, режиссерден бастап, таспалаушысы бар, бүкіл түсірілім тобына байланысты мәселе.

Мысалы, еңкілдеп жылаған кезіңді дер кезінде түсіріп алмай, әбден ойнап біткен соң «мен фокус ұстай алмай қалдым, қайтадан жылашы» деп қарап тұратын операторлар бар.

Бұдан соң алғашқыдай қайта образға еніп көр. Мұның барлығы шығарылым сапасына әсер етеді. Осындай әрекеттер біздің киноиндустрияда аз емес. Сондықтан кейіпкердің келісті болуы тікелей түсірілім тобының кәсібилігіне байланысты.

– Шыны керек, сырт көзге өте суық көрінесіз. Бірақ, жылап қалуыңыз тез екен. Осы сәйкессіздікпен іштей күресесіз бе?

– Оны мойындаймын, түрім шынымен де суық. Осыны ескерсе керек, режиссерлер үнемі жағымсыз рөлге шақырып жатады. Бірақ, жүрегім жұмсақ, әрі кек сақтамаймын. Қазір ұрысқан адам біраздан соң қасыма келіп күле салса, менің де жадырап сала беруім ғажап емес.

– Күйеуіңізбен бір театр сахнасында жүрсіз. Киноға да бірге түсесіздер. Аракідік әріптес қыздардан қызғанбайсыз ба?

– Бір қызық айтайын, өткен жылы Руслан «Сүйіктім» деген сериалға түсті. Басты рөлде ойнаған актриса да үріп ауызға салғандай сүйкімді қыз екен. Сонда әрнәрсені бір сылтауратып, телефон шала бергенім бар. Ал кейде іш тартып, қызғанбай қалатын кездерім болады.

Үйленген жылдары телефонын ақтаратын әдетім бар еді. Бір шәкірттері «аға» деп жазып қалса, тіпті селк ететінмін. Кейіннен оның бәрі өзіме ауыр тиетінін түсіндім.

Тегтер: