14 Қазан 07:12

Маньяктар. КазГУградтың «мейірімді» маньягы

Фото:

Тоқсаныншы жылдардың басында адам өліміне ешкім таңданбайтын. Бұрынғы Совет одағы елдерімен салыстырғанда Алматы біршама тыныш болса да, ол кезде заман сондай еді. Қылмыс жиі жасалатын, адам өлімі де ауық-ауық болып тұратын. Қылмыстың көбі негізінен тұрмыстық жағдайда жасалатын, ерлі-зайыптылар бірін-бірі ұрып өлтіріп, бөтелкелестер бір-бірін пышақтап жатты.

Алайда әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті студенттерінің өлімі қала халқы былай тұрсын, милиционерлердің өзін тіксінтіп тастады. Университет жағалаған маньяктың алғашқы құрбандығы 1992 жылы Әлия деген бойжеткен болды. Оның қарға көмілген денесін КазГУград аумағында ойнап жүрген балалар тауып алады. Бүлдіршіндердің шошына шыңғырған даусына жеткен ересектердің қылмыс орнын көргенде төбе шаштары тік тұрады.

Оқиға орнына жеткен жедел топ пен криминалистер сұмдық картинаны көрген: 20-25 жастағы бойжеткеннің көзі ашық жатыр, киімдерінің дал-дұлы шыққан, құлақ түбіне дейін орылған жарадан сорғалап аққан қан қарды бояпты. Тәжірибелі мамандар қызды өлтірмес бұрын зорлағанын бірден байқайды. Өлі денені көміп үлгермегеніне қарағанда, әлденеден сескенген сияқты. Құрбандық – КазГУ-дің тарих факультетінің студенті екен. Ол қалашықтағы жатақханалардың бірінде тұрыпты...

Сараптама жасаған мамандар өлі денеде қалған аталық ұрықты зерттеп, «маньяктың қаны 3-топ» деген қорытынды жасайды. Ол кезде қате сараптаманың кесірінен тағы бірнеше қыз ажал құшатынын ешкім білмеген еді.

ҚазМҰУ жатақханасы

Жедел топ ең бірінші қыздың жігітінен күдіктенген. Сол күні Әлия Талғатпен кездесіпті. Бірақ араларында жанжал болмаған. Екеуі тіпті үйленбекке сөз байласып жүрген. Сонда да Талғаттың қанын тексергенде оның қан тобы мүлдем бөлек болып шығады да, босатуға тура келеді.

Милиция түрлі болжамдарды қарастырып жатқан уақытта КазГУ-дің тағы бір студенті – бірінші курста оқитын Мадина із-түзсіз жоғалып кетеді. Оқиға желісі де ұқсас: жатақханаға кештетіп қайтқан қызды қараңғы бұрыштан маньяк күтіп алған. Милиция қалашықты толық тексеріп шыққанымен, ештеңе таба алмады. Сол кезде ғана қалашық маңында қанқұйлы қылмыскер әрекет етіп жүргені белгілі болды.

Маньякты ұстау үшін Алматының ең тәжірибелі тергеушілері мен оперлері жұмылдырылады. Бұл топты осыған дейін де аса ауыр қылмыстарды ашқан милиция полковнигі Ғабдырахым Меңдешев басқарады. Бұл істің егжей-тегжейін маған Меңдешевтің өзі айтып берді.

Ғ.Меңдешев

– Қылмыскердің бұрынғы әрекеттерін анықтамаққа ең алдымен жатақхана қыздарының бәрін сұрап шықтық. Бір қыз басынан өткенді мойындады. Бірнеше ай бұрын түннің бір уағында оған ұзын бойлы бір жігіт тап беріп, тамағына пышақ тақап, қалың шөп арасына апарып зорлап кеткен. Шаруасын тындырған соң «біреуге айтсаң, өлтіремін!» деп қызды қорқытқан. Қатты шошып қалған қыз мұны ешкімге айтпапты. Тіпті құрбылары мен жігітіне де. Бұл да бізге көмектеспеді. Қыз тек күдіктінің еуропалық нәсілді және жасы 20-30 шамасында екенін ғана айтты. Түрі есінде жоқ.

Басқа болжамдарды да қарастыруға тура келді. Қылмыскер осы университеттің қазіргі немесе бұрынғы студенті болуы мүмкін деп топшыладық. Күмән тудырғандардың бәрін, оның ішінде бұрын оқудан қуылғандарды да тексердік. Түк шықпады.

Енді басқа тәсілге көштік. Сол аумақтағы тұрғындарды тексере бастадық. Маньяктың қыздарға түнде шабуыл жасағанына қарап, оның жақын маңда тұратынын түсіндік. Жақында тұрмаса, қылмыс орнына қалай жетіп жүр? Таксимен немесе жеке көлігімен келсе де дәлел табылар еді. Осылайша күдіктілер мен бұрын сотталғандарды тексере бастадық. Тағы да нәтиже жоқ.

Қылмыскерді ұстау тәсілдерінің бірі – қақпан құру. Ол үшін тепсе темір үзетін бес қызметкерімізді дайындадық. Олар үстілеріне көйлек, бастарына парик киіп, боянып-сыланып түнгі серуенге шықты. Әлгі «қыздарымызға» студенттер қырындай бастады. Негізінен, шетелдік студенттер. Ең күлкілісі сол, милиция «модельдеріне» көгілдірлер көп көз тікті. Бірақ олардың арасында маньяк жоқ еді.

Енді қалған жол – аумақты бөліп алып, тұрғындарды жаппай тексеру. Көптеген отбасы мүшелерін зерттеп, мыңдаған медициналық құжаттар жинап, жаппай қан өткізуді ұйымдастыруға тура келді. Бәрін тексеруге бұйрық бердім. Милиция, ҰҚК қызметкерлері, мемлекеттік шенділер де қан өткізді.

Қалашықтағы қараңғы жерлердің бірі

Тексеру қайнап жатқан кезде участок қызметкерлерінің бірінен хабар түсті. Ол күдіктіге түр-сұлбасы келетін бір адамды көрсетті. Әл Фараби даңғылынан төмен, Весновканың жағасында тұрады екен. Үйленбеген, еш жерде жұмыс істемейді, оқымайды. Әпкесімен және шешесімен бірге тұрады. Біз оны ұстап, қанын тексеруге жібердік. Күдіктінің қаны 2-топта, ал сараптамада қылмыскердің қанын 3-топ деп көрсеткен. Босатуға тура келді.

Бірақ екі күннен кейін күдіктінің өзі бізге келіп, сұрай бастады:

– Қалай, таптыңдар ма?

– Іздеп жатырмыз.

– Мен сендерге көмектесем.

– Қалай?

– Көресіңдер, мен тағы келем.

Бұл маған күдікті көрінді. Өзін ұстауы да біртүрлі. Көзі ойнап тұр. Егер қан тобы сәйкес келгенде, мен оны бірден зерттеуге алар едім.

Ол сөзінде тұрып, бізге тағы келді. Подъезінен жағымсыз иіс шығатынын мәлімдеді. Жедел уәкілдер барып тексеріп, ештеңе таппады. Жындыхананың «тұрғыны» деп ойлаған.

Осы аралықта маньяк жатақханалардың маңынан тағы бір қызды өлтірді. Қолтаңба сол баяғы – алдымен зорлаған, одан соң бауыздаған. Бұл оның үшінші құрбандығы еді.

Жүйкеміз әбден тозды, маньякты ұстай алмай жүрміз, ол әлі кінәсіз жандарды өлтіріп жүр. Тәулік бойы көз жұмбадық, қаланы тік тұрғыздық. Алматының қылмыс әлемін әбден сілкілегенімізбен еш нәтиже жоқ.

Бізге бір кездейсоқ оқиға көмектесті. КазГУградтағы Весновканың жағасында қыдырып жүрген қыз бен жігітке бойшаң біреу шабуыл жасап, жігітке пышақ салады. Сөйтеді де қызға шешінуді бұйырады. Алайда жақын маңнан өтіп бара жатқандарды байқап қалып, қашып кеткен. Бақытына орай жігіт аман қалды. Қыз күдіктіні нақты суреттеп берді. Осы кезде ғана біз таппай жүрген маньяк әлгі бізге келіп жүрген Сергей Манжиков екенін түсіндік.

Весновканың жағасы

Ол ұзақ кідіріп, есігін әзер ашты. Бәтеңкесін тазалап қойыпты. «Қайда болдың?» деген сұрағыма «футбол ойнап келдім» деп жауап берді. Қайда, кіммен ойнағанын айта алмады. Сол жерде ұстап, тергеуге жібердік.

Сергейдің салқынқандылығына таңдандық. Алайда бұл салқынқандылық мінезінен емес, эмоционалдық ақымақтығынан еді. Мұндай адамдар интеллектуалдық жағынан кемшін, бірбеткей келеді.

Аман қалған қызбен жүздестіргенде оны бірден таныды. Манжиков мойындаған жоқ. Бізге көмектескісі келгенін, нағыз маньяк бостандықта екенін айтумен болды. Бірақ сараптаманы Мәскеуде қайта өткізгенімізде, күдіктінің қаны 2-топта екені анықталды. Манжиковтың қан тобымен сәйкес келеді. Республикалық сараптама қателескен. Осы қателіктің кесірінен үшінші адамнан айырылдық. Егер Манжиковты сол кезде тұтқындағанда үшінші қыз тірі қалып, жігіт ауыр жарақат алмас еді.

Манжиков Мәскеуден келген сараптаманы көргенде ғана қылмысын мойындады. Сараптамаға ұзақ қарап отырды да, бәрін баяндап берді. Тіпті әңгімесінің кейбір тұсында тамсанғандай болды.

Ол қалашықтағы жатақханалардың қараңғы тұсында кеш қайтқан қыздарды аңдып жатады екен. Маньяк мұны тіпті жұмысым деп атады. Құрбандарынын алған әшекейлерді, әтірлерді, косметиканы сүйген қызы мен әпкесіне сыйлап отырған. Тіпті ашылып кетіп, өлтірген қыздары үшеу емес, одан да көп екенін тергеушілерге мойындап қойған. Бірақ кейін бұл туралы жақ ашпай қойды.

Жоғалып кеткен Мадина туралы да айтты. Қызды қараңғы бұрыштан күтіп алады да, бірден өлтірмей, өзі тұратын үйдің подъезіне әкеледі. Сол жерде бауыздап, көміп тастайды. Милиция ізіне түскенін сезіп қалған Манжиков қатты қорқып, өзінен күдікті аудару үшін «подъезде жағымсыз иіс бар» деп өтірік айтқан.

Тергеу кезінде Манжиковтың өз ісіне өкінбейтініне көзіміз жетті. Ол тек қыздарды зорлап қана қоймай, денелерін бөлшектеп тастаған. Тергеудің соңында Сергей өзін ақыл-есі ауысқан адам сияқты көрсетпек болды.

Сот-психиатриялық сараптама оның дені сау екенін дәлелдеді. Сергей сотта тізерлеп отырып жылап-сықтап, кешірім сұрады. Өмірін сақтап қалғысы келді. Бірақ сот оны өлім жазасына кесті. Үкім 1993 жылдың соңында орындалды.      

Тегтер: