18 Қаңтар 19:03

Бақыт БЕДЕЛХАН: «9 граммды» қоюға бас театрлардың батылы жетпейді

Фото:

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Бақыт Беделханның «9 грамм» поэтикалық драмасы сахналанды. Бұл туынды кімге арналды? Қойылымды қара шаңырақ театрда қоюға рұқсат алу қиынға соқты ма?

NEGE тілшісі мұны пьеса авторы, ақын Бақыт БЕДЕЛХАННАН сұрап білді.

«Қойылымның алтын қазығы – АЛТЫНБЕК»

Бақыт Беделханұлы, бұған дейін қойылым Алматы облысының төрт ауданында «Алаштың Алтынбегі» деген атпен сахналанғанынан хабардармыз. Әу баста «9 грамм» поэтикалық драмасын мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының 60 жылдығына арнап жаздыңыз ба?

– Иә, «Алаштың Алтынбегі» деп қойдық. Өйткені, Алтынбектің туған ауылына бардық. Қарасаз, Нарынқол, Кеген, Шонжы, Шелек ауылдарында «9 грамм» деген атпен сахналасақ, жұрт түсінбей қалуы мүмкін. Ал «Алаштың Алтынбегі» – концерттік тақырып. Елі мен жұрты өзінің топырағынан осындай азамат шыққанын білсін деп, әдейі осы тақырыпты қойған едік.

Қойылымнан кейін жарты сағат Алтынбекке арналған өлеңдер оқылып, әндер шырқалды. Бұл баяғы халық театрларының қалыптасқан дәстүрі ғой. Шын мәнінде, «Алаштың Алтынбегі» деген атауда да бүкіл алаштың рухы тұр. Жалғыз қорғасын оққа байланған ұлы тұлғалардың әруағына бағышталды. Бірақ Алтынбек – алтын қазық.

Оған дейін Ұзынағашта «9 грамм» деген атпен сахналанды. Шығармашылық атауы осы. Осылайша, «9 грамм» деп қалдырдым. Кейін драманың композициясы спектакльге сұранып тұрғанын білдім. Сосын қоғам қайраткері Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫНА «Мынаны спектакль етіп қойсам қалай? Ешкімдікіне ұқсамайтын дүние алып шығам» деп едім, «ниетіңе жет!» деген тілегін білдірді. Міне, сол дегеніме жеткен сияқтымын.

Ұлтқа деген жанашырлық, әділеттілікті жақтау, халықтың ұлттық рухын ояту, ұлттың қамын қалай ойлау керек дегеннің үлгісі Алаш арыстарында жатыр. «Сол рухты қайтадан қалай алып келеміз?» деген ниеттен туындаған дүние. Әлихан Бөкейхановтан бастап кешегі Алтынбек Сәрсенбайұлына дейінгі Алаш арыстарының бәрі 9 грамм оқтың құрбаны. Бұл Алаш арыстарының ұлтқа қызмет ету жолындағы адалдығы кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген оймен жазылған шығарма. Театр сахнасында интеллектуалдық дүние қойылуы керек. Шындық пен ақиқат айтылмай, әділеттілік орнамайды.

А.Сәрсенбайұлы мен З.Қалабайұлы.

Мұнда «Әділетті Қазақстан орнатам, Жаңа Қазақстан жасаймын» деген президенттің бүкіл бағдарламасы бар. «Авторитарлық режимді тоқтату керек. Жеке басқа табынуды доғару қажет. Ұлыларды ұлықтап, солардың рухын ұрпаққа ұлағаттап, дәстүр сабақтастығын жалғастыру» деген идея жатыр. Төрт таған мен «Ұлы даланың жеті қырындағы» айтылатын әңгіменің бәрі осында. Бұл драма сол идеяны қолдайды.

Әрбірден кейін кейбіреулер қойылымнан саяси астар іздеп, шошып отыр. Қорқатын түк те жоқ! Мұнда «Әлиханнан Алтынбекке дейін», яғни 2006 жылға дейін қоғамдық саяси өмірде болған оқиғалар бар.

Формаға сыйып тұрғаннан кейін Қаңтар оқиғасын да арасына қосып жібердім. Дәл осындай көркемдік шындық сахнада айтылған сайын елдің рухы оянып, бірлік, ынтымақ туралы билік көпіріп сөйлеп шаршамайды Керісінше, оны қарапайым халық айта бастайды. Бұдан былай шындықты мәдениетті, парасатты түрде айта білу басталады деп ойлаймын.

«Өрмекшінің торы – адам тағдыры»

Бұған дейін арнайы атбасын бұрған Алматы облысының халқы, кеше алматылық көрермен қалай қабылдады? Театр және кино абызы Асанәлі Әшімов «Қойылым да, әртістер де әлі де шыңдала түссе» деген тілегін айтып қалды ғой. Оған не дейсіз?

– Көрермен жақсы қабылдады. Жас актерлер шыңдалды. Аудандық деңгейдегі актерлер деп көбі менсінбеуі мүмкін. Бұл жастар ұжымы осыдан бір жыл бұрын «Жүректің көзі ашылса» деген драмамның негізінде спектакль қойды. 22 театр арасындағы байқауда бас жүлде алды. Бүгінде «Қарасай жастары» театрының жас актерлері кәсіби деңгейге көтерілді. Алматы облысының Нарынқол, Кеген, Шонжы, Шелек ауданына барып, спектакльді қойғанда халық рухтанып, ерекше қабылдады. Сол кезде көрген адамдар кеше Алматыға тағы арнайы келді.

Меніңше, бұдан артық декорация да, сөз де керек емес. Мұны тәпсірлеп біте алмайсың. Былай қарасаң, сахнада футболдың сеткасы мен доп қана тұр. Футбол алаңы тоғысқанмен тоқтамайтын күресетін жер емес пе? Футболда сәл пауза жасасаң, қарсыласың тұтқиылдан гол салып жібереді. Өмірде де сондай тіршілік.

Екінші, өрмекшінің торы – адам тағдыры. Доптың өзі – боқ. «Доп арқалап барады қара қоңыз, нені арқалап барамыз біз ертеңге?». Боққа қарап, «мынау сенің киімің, жаңа формаң, ертең сен де осылай боласың» дейді. Бұл – боқ дүниеге былғанған отыз жылдық дүние.

Үшінші, Асекең-Асанәлі ағамыз анау-мынауға «өзім ой қосып отырып көрдім» деп ешқашан айтпайды. Демек, ол кісінің көңілі толды. «9 грамм» оққа байланбаған кім қалды?» деп тебіренді сөзінде. Асекеңнің ішінде қыжыл бар. Мынандай үлкен шығарманы «Әуезов театры немесе Мүсірепов театры неге қоймайды?» деді. Бірақ аудандық деңгейдегі халық театрларының қарашаңыраққа келіп, кәсіби театрлардың, тәжірибелі актерлердің деңгейіне көтеріліп, қойылымды сахналауы – ауыл мәдениетінің мәртебесі деген сөз.

  «Қаңтар оқиғасынан кейін цензура күшейіп кетті»

– Автор ретінде пьесаны мемлекет қаржыландырып отырған театрларға ұсынып көрдіңіз бе?

– Ұсынғанмен де, олар қоя алмайды. Қоймақ түгілі, өздерінің сахналап жүрген спектаклінің арасына «9 граммның» бір сөзін қосып, айта алмайды. Театрларда цензура бар.  Демек, бұл тақырыпқа кәсіби кәнігі театрлардың өзі бара алмайды. Оның үстіне қара шаңырақ сахнасына аудандық халық театрының шығуы – айтулы жаңалық. Басқа театрларға үлгі, бір жағынан намысын қамшылайды деп ойлаймын. Ендігі театрдың қойылымы ақ өлең мен қара өлеңнен тұрады деп сенемін. Қалғанының бәрі әлеуметтік желіде онсыз да айтылып жатыр. 

– Бәлкім, «Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан» құрамыз деп жатқанда репертуарларына қосуы кәдік қой?

– Жоқ, керісінше. Қаңтар оқиғасынан кейін цензура күшейіп кетті. Кеше спектакльді қойғанда жүйкеме тиген әңгімелердің бәрін өзім ғана білемін. Министрлік бар, қалалық және облыстық әкімдік, аудандар мен ішкі саясат басқармалары бар, оңай нәрсе емес.

Бір риза болғаным, Мәдениет және спорт министрі Асхат ОРАЛОВ батыр екен. Онымен Мұрат Әуезовтің 80 жылдығында кездесіп, сөйлестім.

«Шындықтан сөз болмайды. Сахнада көркемдік шындық деген болады, ол айтылуы керек. Мұнда ешкімнің аты аталып, түсі түстелмейді» деп едім, «Бақыт аға, мен сізге сенемін. Таза өнер болса, өнердің форматында шындық кәдімгі рух болады» деп рұқсат бергеніне риза болдым. Одан бұрын рұқсат сұрау үшін хат та жолдадық. Бірақ жауап болмаған. «Бет көрсе, жүз ұялар» демей ме? Тура ертесі бұйрық шығарды. Министр рұқсат берген соң, Алматы әкімдігі не істейді? «Алматы» телеарнасы ЖТС беріп, қойылымды толық түсірді.

«Бұл – театрда бұрын-соңды болмаған форма»

Зал лық толғанын өзіңіз де көрдіңіз. Тіпті, тікесінен тік тұрып тамашаған қарияларды да көзіміз шалды. Бәлкім, тегін болған соң, жұрт театрға ағылды ма, әлде...

– «Адам жиналмай қалады» деген ой болмады. Керісінше, министрлік қолдаса, әкімдік демесе, театрды тегін берсе, менің билет сатқаным парадокс болады ғой. Бұл – коммерциялық жоба емес. Менің мақсатым – ел мынандай көркемдік шындықты көріп, рухани байыса деген дүние. Зал халыққа лық толса, одан басқа не керек?

Шынымен де, күткендей болды. Талайдан көрерменнің дәл осылай жиналғанын көрмеген едім. Тіпті, Қарасай ауданы әкімі өз атынан ықылас гүлін жанындағылардан беріп жіберіп, көлігін қоятын жерді әрең тауып кірген екен, орын таппай кетіп қалыпты. Сол сияқты қаншама адам сыймай, есіктің алдынан қайтты.

Демек, бұл біздің қоғам осындай тақырыпқа шөліркеп тұр дегенді білдіреді ғой, солай ма?

– Жұрт жасанды дүниеден шаршады. Шөлдеп жүр екен. Оларға «9 грамм» рухани азық беріп, көркемдік шындық сыйлады. Айғайлап, бет тырнайтын дүние емес. Адам көркемдік шындыққа сүйсінеді.

Қанша адам көзін жасқа шылап, қанша адам тебіреніп отыр. Тікесінен тік тұрып тамашалаған апаларымыздың таңдайын тақылдатып, жылағанын көрдім. Себебі, бұл – символикаға құрылған қойылым. Әр деталь сөйлеп тұрды.

Соңындағы қызыл лентаның өзі табытқа айналып кетеді. Жан досы өзі сатып, өзі шығарып салып, ол ол ма, патриоттық сөз айтып табытты көтеріп барады. Кезіндегі Алаш қайраткерлерін де сөйттік қой. Қарғап-сілеп, жер-жебіріне жетіп көміп тастадық та, соңында тырнағымыздың қанын ағызып ашып отырмыз. Бұрын-соңды театрда болмаған форма. Ең қызығы, кейіпкерлердің нақты аты-жөні жоқ. Кейіпкер – көрермен көкейіндегі рухтар. Кім қалай қабылдайды, өзі біледі.

– Көпшіліктің көзінен бірдеңе жетпей қалғандай әсер байқалмады ма?

– Көрерменді де түсініп тұрмын. Тағы да бірдеңе айтылса екен деді. Бір жарым сағатқа созсақ, ауыр болады. Осының өзі жеткілікті. Онда айтылмаған дүние жоқ. Халық жүрегіндегі шындық бар. Мұны тәпсірлеп көру керек. Бүкіл Алаштың тағдыры 9 грамм оқтың қорғасынына байланды. Ауыр болатынын білдік те, алдын ала пьеса мәтінін тараттық. Кей адам көрген нәрсені сол мезетте түйсіне алмай қалады, міне солар үйіне барып жайланып оқиды.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Тегтер: