17 Қаңтар 19:16

«БОҚ құшақтап қалғандардың қасында, ОҚ құшақтап кеткендерде арман жоқ!»

Фото:

Кеше Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ине шаншар орын болмады. Бұрын-соңды театрға мұншама халықтың жиналғанын көрмеппіз. Бір жағынан қуандық та. Себебі, бұл жұртшылықтың көптен бері өткір тақырыптағы қойылымға сусап жүргеніне айқын дәлел.

Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт БЕДЕЛХАННЫҢ «9 грамм»  интеллектуалды поэтикалық драмасының тұсаукесері өтті. Туындының режиссері – Жұлдызбек ЖҰМАНБАЙ, дыбыспен көркемдеген  сазгер Қанат ИБРАГИМОВ. Ал қойылымды Қарасай ауданының «Қарасай жастары» театры сахналады.

Бұған дейін поэтикалық драма Алматы облысының аудан орталықтарында бес рет қойылған. Жас театр әртістері осылайша шыңдалып, ең соңында талай тарланның табанының ізі қалған қара шаңырақта өнер көрсетті.  

Аты айтып тұрғандай, «9 грамм» драмасын бейжай көру мүмкін емес. Демін ішіне тартып, тамашалаған көрермендердің бірі терең күрсінді, бірі көзіне еріксіз жас алды.

Бұл қазақты өрге сүйреген талай марқасқа болды ғой. Бірақ біз олардың қадіріне жете алдық па? Сонау алмағайып заманда «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болғысы» келген, азаттықты аңсап, ақиқатты ардан биік, арды жаннан биік қойған Әлихан БӨКЕЙХАНОВТАН бастап, кешегі бейбіт заманда оққа ұшқан Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫНЫҢ рухына арналған туынды талайдың ішін алай-дүлей еткені сол.

Қай заманда да бір-біріне ту сыртынан сатқындық пен опасыздық жасап, аяқтан шалғаны ой-санамызды жегідей жейді. «Неге бұлай?» деген сауалды төтесінен қойып, жауап таппай сенделеміз тағы да. 

Енді поэтикалық драманың желісіне оралсақ. Сахнадағы тор-сетка – саясат немесе соған шырмалған адамның тағдыры. Ал доп – адамның басы – Алланың добы. Сіз бен біз қызыққан, бір-бірімізге ор қазып, төбеге шыққанға мәз болған дүние – боқ. Иә, кәдімгі Абай айтқан «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деген тәмсіл. Ал мұндағы кейіпкерлер – көрермен көкейіндегі рухтар. Бәлкім, прототип арқылы біреу Әлихан Бөкейхановты көрер, келесі көрермен Ахмет Байтұрсыновты таныр, енді бірі Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлын көз алдына әкелер...

А.Сәрсенбайұлы.

Шын мәнінде, «Сауда-саттықты өмірлік кәсібіне айналдырған өзге жұрттар бірін-бірі сата қоймайды. Ал, иен даланы еркін жайлап келсе де, бақыр тиын жұмсап, саудаласуды намыс көретін қазақ – сатқындыққа жақын. Неге?».

«Түнде жалғыз қаңқылдайды қаз-жұлдыз.

Жар қасында жатсақ тағы жалғызбыз.

Дөңгелентіп, боқ көтерген қоңыздай,

Күлшеленген күнәмызға мәзбіз біз...»

***

«....Отызға жетпей,

Ордаға кірдім Оғландай!

Еліме сендім,

Мен, сол – Ерге де сендім, ойланбай...

Бел менен белбеу сынға түсетін шағында

Жалт беріп кеткен достарым да көп сор маңдай.

Отыздан асып,

қырықта қамал алғанда

Сақсындым неге,

Сақсындым неге,

алдымда  қазулы ор бардай?!.»

***

«Мен бәріңе сендім ғой,

Сеніп жүріп дегеніңе көндім ғой.

Екі мәрте таққа апарып қойғанда,

Тізгінімді ар-намысқа бердім ғой.

Бердім бәрін,

Көрдің бәрін, ел-жұртым,

Мен сенімен ғана өрмін ғой!

Берекесіз,

Бақ пен таққа таласқан,

Жебірді де жеңдім ғой.

Өйткені, мен өтірікке малданбас,

Өрмекшінің торына да арбалмас,

Ермін ғой!...»

***

«Біздерде әлі нарлар көп,

Алға ұмтылар ерлер де көп, арлан боп.

Тағдырымның жолында әлі, тарлау көп.

Ар-жүгімнің алдында әлі, зарлау көп.

Әйтсе де,

Алаш – дейтін рух үшін,

Қазақ – дейтін ұлт үшін,

Боқ құшақтап, қалғандардың қасында

Оқ құшақтап кеткендерде арман жоқ!!!»

Айналасы 50 минут сахналанған қойылымнан соң көрермен орнынан қозғалғысы келмеді. Себебі, сай-сүйегіңді сырқыратып, төбе құйқаңды шымырлатар драманың көтерген жүгі ауыр еді.

Көрерменнің де бұл жүкті жан-тәнімен сезінгені байқалды. Құлақ құрышын қандырар өлең жолдарын тағы да тыңдай бергісі келетіндей үмітке толы жанарлар тоғысы. Өтірік пен мақтаннан, жағымпаздық пен сатқындықтан шаршаған халық ақиқаттың айтылғанын, жырланғанын қалайды. Шындықтың ауылына тап болғысы келеді. Оған шын өмірде жетпесе де, жүйрік ойдың арқасында біраз жерге барып қайтқанның өзінде едәуір рухтанып, желпініп қалды.

Қойылымнан соң «Қарасай жастары» театрына сәттілік тілеп, ақ батасын берген Қазақстанның еңбек ері, кино және театр актері Асанәлі ӘШІМОВ ерекше тебіренді.

«Бұл Алаш азаматтарының, қазақтың басына төнген қауіп-қатердің салдарынан осы кезге дейін талай азаматтан айрылдық. Олар тарихқа айналды. Соның соңғысы – Алтынбек. Алладан сұраймыз, бұл соңғысы болсын.

Біраз жасқа келіп, қаншама формациядан өттім, көрдім, көріп те келемін. Бүгінгі қойылым жүрегімді ауыртты. Жетпей тұрған жерін іштей өзім толықтырып отырдым. Тағы да шыңдап, кеңейте түссе деп тілеймін. Себебі, бұл тақырып бәрімізге керек. Мұны көтеру – үлкен батырлық және ерлік.

Сахнадағы әрбір айтылған сөз халықтың жүрегіне жетеді. Алдағы өміріміз, халықтың жағдайы жақсаруы үшін әрекет еткен азаматтар еңбегі ақталып жатыр. Халықтың әл-ауқаты, мәдениеті мен әдебиеті, ғылымы өркендемей, халық халық болмайды.

Жақсы өмір сүретінімізге сенеміз, сенуіміз керек. Мәшһүр Жүсіп «Қазақ талай қиыншылықты бастан өткереді» дей келе, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туады» деген ғой. Өзім соған сенемін», – деді.

Ал белгілі қоғам қайраткері, журналист, саясаткер Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ: «9 грамм» – поэтикалық драма. Мұны памфлет пьеса дер едім. Біздің қоғамдағы болмысты, санадағы сарқыншақтарды, ел болып еңсе көтере алмай отырған бейшара күйімізді сатира, поэзия тілімен әжуалап, драмаға айналған өте құнды, өте батыл шығарма. Осындай шығарманы сахналау, ойнау, халыққа жеткізу оңай нәрсе емес.

Бүгін алтыншы рет көріп, алтыншы рет жүрегім езілді. Алтыншы рет қиналып, толғандым, ойландым. Алтыкен үшін ғана емес, Әлихан бастаған кешегі Алаш арыстарының, бүгінгі қазақ қоғамының өз мақсатын жүзеге асыра алмағаны үшін, сол мақсатқа қол жеткізе ме деген қауіп-қатер ойыма келгені үшін жүрегіме салмақ түсті.

Кешегі айтылған «Оян, қазақ» бүгінде «Ойлан, қазақ» деп өзгертілуі керек. Ел тәуелсіздігі үшін, халықтың бақытты өмір сүруі үшін Алтынбек өз өмірін арнады, саналы түрде соған барды. Миллиондаған ақшаға сатылған жоқ. Жеке басқа табынбайтын. Өміріне қауіп төнгенін Заманбек ағасына қастандық жасалғанда сезсе де, райынан қайтпады. Түсінді, білді. Ғұмыры қиылатынын да, онсыз болмайтынын да санасымен ұқты.  

Қойылымда – «Менің «қаруым» – басым, ақылым» демекші, ол сол «қаруына», халқына сенді. Бірақ өз өмірі қиылса да, бізден кейінгі ұрпақтың жақсы өмірі үшін өзін құрбандыққа шалды. Бірақ бұл мен үшін өте қымбат ерлік.

Алтынбек көзі тірі болса, 60 жасқа кеп арамызда жүрер еді. Тарихқа айналмай-ақ қойсын, ескерткіш те тұрғызбай, мектеп пен көшеге аты берілмей-ақ қойсын, ол өзі арамызда жүргенде ғой, шіркін! Бір елдің азаматын, елдің сенімін «9 грамм» оққа байлады. Осындай қасіреттер қайталанбасын, қоңыз боп боқ дүниенің соңынан жүрмейік! Оянайық, қозғалайық, еңсемізді тіктеп, адам болайық: Мына қойылым соған қызмет етеді. 

Асанәлі Әшімов бастаған зиялылар Алтынбек оқыған мектепке есімін беруге қатысты бастама көтеріп, үкіметке жеткізді. Нәтижесінде мектепке есімі берілді. Сол үшін ел ағаларына, зиялыларына алғыс айтамын», – деді.

  

«...Өрмекшінің торындай өтірік бар,

Өртеніп қал, өртеніп,

Өкініп қал!

Өктем сөйлеп кетеміз өре тұрып,

Өтірік пен шындықты көре тұрып

«Елім!» – дейміз елжіреп,

«Жерім!» – дейміз желбіреп.

Ұлтым менен жұртым! – дейміз және өтірік.

Мен өтірік айтпаймын ешқашан да,

Айтпашы, айтпашы сен де өтірік!..»

Қазақ қоғамы «Патша – құдайдың көлеңкесі, оған қарсы шығу – зор күнә!» деген түсінікті санадан тазалап тастамайынша, көре беретін құқайы осы. Осы жолда сатқындықтың түрлі әдісін меңгеріп, жауы тұрмақ, адал досын орға итергеннен не күтеміз? Періштесі қайсы, жыны қайсы, айырып білмейтін қоғамда мәнсап пен байлыққа құл болған «адал» досың сен өлгенде табытыңды құшақтап, қайғырған кейіп танытқаннан не пайда?

Лық толы залдан сыртқа аптықпай аяңдаған әр көрерменнің санасында осы сауал қайта-қайта жаңғырып бара жатқандай көрінді...   

Тегтер: