28 Қаңтар 13:52

Анар БАТЫРХАН қай ұлттың жігітіне күйеуге шығатынын айтты

Фото:

Отандық шоу-бизнесте таланты мен қатар табиғат берген сұлулығымен тамсандырған арулар жетерлік. Солардың бірі – Анар Батырхан. Талай жігіттің түн ұйқысын ұрлаған өнерлі қызға «қашан тұрмысқа шығасың?» дейтіндер аз емес. Мұның жауабын NEGE-ге берген сұхбатында айтты.

– Көрермен алғаш өзіңді актриса әрі тележүргізуші ретінде таныған еді, кейін әншілікке бет бұрдың. Мұны қалай түсінуге болады?

– Шынында, көпшілік менің ән айтатын өнерімді хобби деп қабылдайды. Негізі мен төрт жасымнан бастап сахнаға шыққанмын. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының муздрама бөлімінде оқыдым. Сондықтан өзімді кәсіби әншімін деп айта аламын. Бірақ алдымен қызықты видеороликтерге түсіп, кино әлемінде танылған соң, көпшілік бірден актриса ретінде таныды.

Егер адамның қолынан келіп жатса, өнерін жан-жақты ұштаған жөн деп ойлаймын. Қазір телеарнадағы жұмысым мен студияның арасында жүгіріп жүріп, жаңа әндер жазып жатқан жайым бар.  Бұйырса, алдағы ақпан айының 17-сінен бастап Шығыс Қазақстан облысын аралап, жеке ән кешімді бермекпін.

– Әріптестеріңнің дені тұсаукесер кешін Республика сарайында өткізіп жатқанда, шалғай өңірді таңдауыңның себебі бар секілді...

– Иә, менің әкем – Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының тумасы. Сондықтан алғашқы концертімді әкемнің кіндік қаны тамған жерден бастап, ата-әжелерімнің көзін көрген жандардың батасын алсам деген бала арманым бар еді. Менен бір үлкен кәде болсын деген ниетпен шығыс жұртының ұранына айналған «Ертісім» атты әнді жаздырып жатырмын.

– Үндінің әндері мен әртістеріне ерекше елітесің. Қазір екі елдің арасында мәдени көпір орнады ғой. Егер ол жақтан қандайда бір киноға түсуге ұсыныс түссе, келісесің бе?

– Үндінің киноларын көріп, соларға еліктеп өстік қой. Тіпті, кезінде Мумбайға арнайы барып, Шахрукх Кханның қақпасын сүйсем деп армандайтынмын.

Қалжың ғой, әрине. Дегенмен, тәжірибе алмасу мақсатында Делиге барып, жергілікті өнерпаздармен шығармашылық байланыс ортатқым келеді.  Себебі, көпшілік білетіндей, ол жақтың киноиндустриясы жақсы дамыған.

– «Күйеуге қашан шығасың?» деген сауалдан шаршаған боларсың?

– Құлағымыз үйренді ғой. Өнер саласындағы басы бос қыздардың бірі болған соң, осындай сауал жиі қойылады. Қазіргі адамдарға жеке бастың жайы қызық болып кетті ғой.

Сезімін білдірген жігіттерден «Егер саған тұрмысқа шықсам, сахнаға шығуыма тыйым саласың ба?», – деп сұраймын. Көпшілігі «маған тиген соң, үйде отырасың» дейді. Ондай жігіттермен қарым-қатынасты бірден үземін.  

Әрине, сөз салатын жігіттер жетеді. Дегенмен,  өнер жолындағы қыздарға өмірлік серігін табу қиындау секілді. Себебі, жасым отызға келгендіктен, мен де алды-артымды саралап, саналы түрде шешім қабылдайтын деңгейге жеттім.

– Шетелдік азаматқа тұрмысқа шығатын қазақ қыздарының саны күн сайын артып келеді. Мұны қалай қабылдайсың?

– Шетелдік жігітті сүйген қыздарды сөгуге менің қақым жоқ. Себебі, өз тағдырымның қалай болатынын білмеймін.

Мәселен, алыс-жақын құрбыларымның арасында «Құдай сақтасын, шетелдікті қайтем» деп жүріп, иран мен араб жігіттеріне тиіп кеткен қыздар бар. Бірақ өз басым ондай қадамға бармас едім. Ұлтымның ар-ожданы мен ата-анадан алған қазақы тәрбием мұндайға жібермейді.

– Қазір өнерде жүрген қыздар арасында өзінен жасы кіші жігітке тұрмысқа шығу трендке айналды ғой. Егер өзіңе де «сүйем-күйем» деген жас жігіт жолықса, жасы мен жағдайына қарайсың ба?

– Әлбетте, қараймын. Жасының өзімнен үлкен немесе өзім қатарлас болғаны дұрыс деп санаймын.

Жалпы өз басым жылтыр сөйлеп, өтірік көлгірсігенді ұнатпаймын. Осы тұрғыдан алғанда сізге сіңірі шыққан тақыр кедейге тие беремін десем, өзімді де, сізді де алдаған болар едім. Бірақ бұл бай жігітке ғана таңдау саламын деген сөз емес. Болашақ жарымның маған қарағанда жағдайы жақсырақ болғаны жөн. Себебі, отбасын құрып, балалы-шағалы болғанда,  отағасы менің тапқаныма қарап отырса, оның соңы жақсылыққа апармайды.

– Көбіне жұрттың көзі жібектей жылтыр ұзын шашыңа түсіп жатады. Қазір сән қуған қыздардың дені алдымен бұрымына қайшы салады. Ал сен өйтпедің. Ырымға сенесің бе, әлде әке-шешең шашыңды кесуге тыйым салды ма?

– Менің осындай қолаң шашты болып жүргенім – анамның арқасы. Анам «қыздың көркі – шашында» дейді. Бала күнімнен сахналық киімдеріме, шаш күтіміме жіті мән береді.

Бір жылдары ұшын тегістетуге барғанда сәл қысқартып жібертіп едім, қабағы қатуланып, бірнеше күн сөйлеспей қойғаны бар. Шашымды кестіртпей, боятпай қойғаны үшін анама алғыс айтамын. Қыздарға құлаққағыс: бұрымдарыңа қайшы тигізбеңдер! Бұрынғылар «Шаш – тәңірдің сыйы» деп текке айтпаса керек. 

– Өнерде мақтау мен сын қатар жүреді ғой. Мәселен, «Қазақтың тойы бітпесін» атты әніңді естіген жұрт «халық әнін құртты» десті. Бұған айтар уәжің бар ма?

– Бұл арада біраз түсінбеушілік бар сияқты. Менің мақсатым –  халық әндерін қазіргі заманға лайықтап жазу арқылы ескі туындыларды ел арасында қайта жаңғырту.

Сіз айтып отырған  «Қазақтың тойы бітпесін» атты трек жаңадан жазылған, бірақ халық әнінің бояуын қосу мақсатында оған «Күміс құмған-ай» әнінің қайырмасын енгіздім. Оным жаман шықпаған тәрізді.

Керісінше, қазір қуанышына шақырғандардың дені осы әнді орындап беруімді өтінеді. Әйтсе де жұрттың бәріне бірдей жаға беру мүмкін емес қой. Мін тағып, сын айтушылар қашанда табылады.

– Парақшаңда жемқорлардан тәркіленген ақшаны мектеп салуға жұмсау туралы айтқан президенттің ойын құптай келе, «бірақ мұндай шешімді жарнамалық емес, тұрақты түрде қабылдау керек» депсің. Соған қарағанда, елде көңіліңді көншітпейтін жайттар бар көрінеді...

– Иә, өз басым мектептер мен жоғары оқу орындары санының артқанын қалаймын. Білім алуға құштар жастарға ақысыз оқуға көбірек жағдай жасалса игі болар еді.

Содан соң мектеп қабырғасында тегін үйірмелер санын арттырып, балалардың сабақтан тыс уақытта соларға қатысқаны жіті қадағаланса. Бұл телефонға телмірген жастадың өнер-білім үйренуіне жол ашар еді.  Себебі, қазіргі жеткіншектерден өскенде кім болғысы келетінін сұрасаң, іркілместен «блогер» деп жауап береді. Бұрынғыдай  «ұшқыш» немесе «ұстаз» боламын дейтін балалар өте аз. Біз жаһандану замамында желінің жетегінде кетпеуіміз керек.

Қымбатшылықтың екі бүйірден қысып тұрғанына да көз жұмып қарай алмаймын. Жалақының дені азық-түліктен аспай жатады. Көршілес екі елдің арасындағы соғыс бізге де әсерін тигізбей жатқан жоқ. Баға өскені былай тұрсын, бұрын-соңды алып жүрген заттарымызды дүкен сөрелерінен таппай қалдық. Дегенмен, қазір бұрынғы жүйеге қарағанда, ілгерілеушілік бар сияқты. Түрлі заң қабылданып жатыр ғой. Мұның артында халықтың мүддесі жатыр деп ойлаймын.

Тегтер: