27 Қаңтар 09:56

«Тұрсынбектің театры маған жиендік жасап жүр» – Мөлдір Анарбаева

Анарбаева
Фото: Фото: ғаламтордан

Мөлдір Анарбаева желідегі жұртқа жақсы таныс. Отбасындағы жағдайдан бастап, қоғамдағы келеңсіздіктерді тілге тиек етіп отыратын блогердің әр шығарылымын тағатсыздана күтетін тұрақты көрермендері аз емес. Минстрден бастап, талайлардысабап алған тараздық блогермен тілшіміз тілдесті.

– Мөлдір, қоғамдағы жағдайдың ешқайсысын қалыс қалдырмаушы едіңіз. Бірақ жер сілкінісі жайында жақ ашпағаныңыз таң қалдырды.

– Ол адам баласының қолынан туындаған дүние емес, табиғи заңдылық қой. Сондықтан мұны пайдаланып қаралым жинауды жөн көрмедім. Онсыз да жан сауғалап шуылдаған халықты одан бетер үрейлендіргім келмеді. Бастысы – қираған үй жоқ, Алматы халқы дін аман. Қазір ел мен жердің амандығын тілеп отырмыз.

– ТЖМ елді дүрбелеңге салмайық деп дабыл қоспағанын, ескерту жасамағанын айтты. Дегенмен, алматылықтар бәрібір дүрлікті ғой...

– Мамандығым журналист болғанымен, өзімді саяси сауаттымын деп есептемеймін. Оның үстіне аудиториям ауқымды болған соң әр сөзім үшін жауаптымын. Сондықтан шындығына көзім жетпеген мәселені айтпауға тырысамын.

Жиын отырыста жұрт сіздің аузыңызды бағып отыра ма?

– Ол көңіл-күйіме байланысты. Кейде арқаланып кеткенімде елдің бәрін аузыма қаратып күлдіртіп, алдындағы тамағын ішуге шамасын келтірмей тастаймын. Ал кей жерде томаға тұйық адам болып қаламын.

Арнайы шақыртумен бесік той, қырқынан шығару сынды қыз-келіншектер арасында өтетін отырыстарды жүргізіп тұратыным бар. Телевидениеде он сегіз жыл еңбек өтілім болғандықтан, камера мен көпшілік алдында тосылу менің табиғатыма жат. Ондай қуаныштарда көпшіліктің көңілін көтеріп, миссиямды орындап қайтуға тырысамын. Бірақ той жүргізбеймін, себебі күйеуім әйел адамның той басқарғанын құптамайды.

Анарбаева
Фото: ғаламтордан

– Той демекші, қазіргі жастар жатырдағы баланың жынысын білгенді де шоуға айналдырып жіберді. Гендер-пати дегенге қалай қарайсыз?

– Естір құлақ болса, осы мәселені айтқанмын. Қазіргі жастар сияқты жүктілікті анықтайтын тестті дастарханда отырған ата-енеміздің алдына қоймақ түгілі, үлкендердің көзіне ішімізді көрсетпеуге тырысатын едік. Ұят пен әдептен аттамауға дағдыландық. Ал қазіргі жастарда ондай жоқ.

Дегенмен, тереңнен ойлай білсек бұл ұялумен қатар қуанатын да жағдай секілді. Неге десеңіз, қазіргі уақытта балалы болудың өзі үлкен бақытқа айналып барады. Он жыл бойы сәби сүйе алмай жүрген аналар, құрсағына шарана біткенде қалай ағайын-туыспен бөліспесін? Дейтұрғанмен, қазақилықтан аттамай, әрі көз бен сөзден сақтану мақсатында отбасылық дүниелерді жасырын ұстаған жөн.

– Сіздің осындай отбасылық құндылықтарды жиі айтатыныңызды ескерген желідегі жұрт Тұрсынбек Қабатовпен творчестолық тандем орнатсаңыз тамаша боларын айтады. Шақыртулар болды ма?

– Жоқ, ешқандай әзіл-сықақ театрынан шақырту болмады. Бірақ ұсыныс болса, ойланатын едім. Өйткені оған көп дайындық қажет. Бірақ Тұрсынбектің театрының соңғы шығарылымынан мен айтқан мәселелерді алғанын байқадым. Арасында сәл ғана өзгерту бар. Тұрсынбектің өзі мені не таныр, не танымас. Бірақ сценаристерінің мен айтқан мәселеге жиендік жасағанын аңғардым.

Ол үшін ренжімеймін, қайта мен үшін абырой саналады. Бірақ, бірауыз өзіме ескерту жасаса, арқаланып жазып та берер ме едім. Өйткені өзіме уытты әзілді ауызша айтқаннан көрі, жазған көбірек ұнайды. Қазір адамдарда оқып отыратындай мүмкіндік жоқ болғандықтан, бейнежазбаға көп назар аударатыны белгілі. Кейбір киносценаристер «ана бір шығарылымда айтқаныңызды алсақ» деп өтініп жатады. Келісім беремін. Ал кей жерге өзім барып қатысып тұрамын.

Қабатов
Фото: ғаламтордан

Бір сөзіңізде жасандылықты жаныңыз сүймейтінін айтыпсыз. Дегенмен, тележүргізушілікті қолға алып, әртістердің арасында жүргендіктен етіңіз үйреніп қалған болар?

– Мен өнердегі ғана емес, жалпы өмірдегі жасандылықты ұнатпаймын. Әлеуметтік желіде жылтыраған өмірді көрсетуге құмар болып кеттік қой. Кейбір қыз-келіншектер соларға еліктеп, өз өміріне қанағаттанбай жатады. Осының салдарынан көптеген отбасыларда кикілжің туындайды. Оқырмандар ешкімнің өмірі идеал емес екенін ұғынса деймін.

Сондай-ақ мені қоғамдағы дін мәселесі қатты алаңдатады. Әр жерден бір оқығанын тықпалайтын жастар көбейіп кетті. Өскелең ұрпақ, керісінше, білім мен өнерге жақын болса екен деген тілегім бар.

– Жуырда танымал медиаменеджерлердің бірі блогерлерге мұсылмандық өмір салтын насихаттап, исламды қабылдағаны үшін ай сайын 9 миллион теңгеге дейін қаржы ұсынылатынын айтты. Сіздің де тамырыңызды басып көргендер болды ма?

– Ондай болған емес. Бірақ менің түсінігімде әркімнің дінді насихаттауға құқысы жоқ. Осы жағын мемлекет мықтап қолға алу керек. Дін – үлкен рухани әлем. Оған біреуді сүңгітіп жіберіп жынды қылып қоюға да болады. Сондықтан аудиториясы бар әр адам қоғам алдындағы өз жауапкершілігін сезінуге тиіс.

– Арнайы тапсырыс арқылы сіздің қолыңызбен от көсегісі келетіндер көп пе?

– Ондай болған емес. Бірақ оқырмандардың пікірін оқып отырсам, түрлі тақырыптар ойға оралады. Кейде «келіндер жайлы айттың, енді мынадай енелерді айтшы» деп жазатындар бар. Бірақ, айтудың жөні осы екен деп көпіре бермеуге тырысамын. Біреудің бойындағы мінезді мінегенмен, оның да өз шындығы болуы мүмкін. Сондықтан эфирге шығар алдында әр сөзімді саралап, сүзгіден өткізіп алуға тырысамын.

Блогер
Фото: ғаламтордан

Сізді біраз министр танып қалған тәрізді. Жоғары жақтан хабарласып «қойсаңшы» деген нұсқау келді ме?

– Білім саласындағы ойларым біраз мәселенің қаралуына түрткі болғаны қуантты. Мысалы, Астанада өткен бір жиында кезіндегі оқу-ағарту саласының министрі Асқар Аймағанбетов алдымнан шығып: «Мөлдір, оқу мәселесінде айтқаныңызды ескеріп отырамыз. Олқылық осындайдан түзеледі», – деп қолымды алғаны бар.

– Біраз қазақтың баспаналы болуына себепкер болдыңыз. Мұны неге қайырымдылық қорымен ұштастырмасқа?

Қайырымдылық қорын заңды түрде аштым. Бірақ оның жауапкершілігі өте зор. Жылап отырған ана мен балаларды көп көрсетіп, адамдардың жүрегін қатайтып алдық па деймін. Салдарынан желі қолданушылары сырқат адам жайлы ақпаратты ысыра салып, қарамай өте шығатын жағдайға жетті. Сондықтан қаражат жинау жағы оңайға түспейді. Осыған байланысты қордың жұмысын әзірге қоя тұрсам деймін.